Қарсы бағытқа шыққан Қаныбеков. Кандидаттардың қатарынан түсіп қалды
Мәжіліс пен мәслихат сайлауында бақ сынап жатқан қолайсыз үміткерлердің құжатынан шикілік тауып додадан тайдыратын, кандидатураларын алдырып тастайтын ескі һәм әбден үйреншікті сценарий бұл жолы да жүзеге асып жатыр. Дәлірегі билікке қолайлы кандидаттарға мықты бәсекелестік таныта бастағандарды топ-тобымен «ойыннан шығарып тастау» әдісі әдеттегідей қолданысқа енді. Ондайлар ондап саналса, біз тек біреуіне тоқталайық.
Кешегі күні Мәжіліске Шымкенттегі №6 округтен түсіп жатқан кандидат Сәкен Қаныбековтың кандидатурасы алынған. Өз еркімен емес көрінеді. Бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, сайлау комиссиясы үміткердің құжаттарынан шикілік тапқан. Осыдан кейін оның кандидатурасын алып тастау туралы шешім қабылданған. Одан кейінгі жағдай түсінікті ғой, комиссия шешімін даулау, сот төрелігіне жүгіну...
Біз өткен нөмірімізде Сәкен Қаныбековтың Мәжіліске «Шымкент қаласы бойынша халық құрылтайы» жалпыұлттық қозғалысының өкілі ретінде түсіп жатқанын, бұған дейін де Мәжіліс депутаты, оның алдын аудан әкімі, облыс әкімінің орынбасары болған азаматтың кімге де болсын оңай қарсылас еместігін жазып едік. Қаныбеков үгіт-насихат науқанын өте белсенді бастады. Мекемелерде, кәсіпорындарда кездесулер өткізіп, суреті орталық көшелердегі бильбордттарға ілінді. Кеше биліктің өкілі болған, бүгінде қарсы бағытқа шыққан Қаныбековтың осы қызу әрекеттері біреулерге ұнамады ма екен, бәлкім?! Кім білсін?!
Жоғарыда айтқанымыздай, биліктің ыңғайындағы кандидаттарға тегеурінді қарсылас болатын үміткерлерді түрлі жолдармен жарыс жолынан тайдыру шаралары еліміз бойынша жалғасып жатыр. Керісінше, «Өзіңнен зор шықса, екі көзіңнен сор шыққанын сонда көресің» демекші «Аманаттың» атынан додаға ат қосқандардың арасында да жарты жолда сүрініп бақ пен бап жарыстырудан өз еркімен бас тартып жатқандар бар. Аты-жөндері науқан алдында партияның жалпы жиынында бекітілген, көпшіліктің сенімін арқалаған азаматтарға таңдау жасағанда кейбір кандидатуралар терең зерттеліп, зерделенбегені белгілі бола бастады. Сайлаудың қызықтары әлі алда. Бұл туралы «Рейтингтің» келесі нөмірінде кеңнен тоқталатын боламыз.
"Рейтинг" газеті, 7 наурыз, 2023 ж