Шымкентте сыбайлас жемқорлық көбейген
29-03-2023
Біз-Шымкент қаласы Қайнарбұлақ ауылының тұрғындары үлкен үмітпен қолға қалам алып, осы хатты жазып отырмыз. Себебі 2019 жылдан бастап біздің елдімекендегі көлімізге, өзенімізге және бір замандары хан қызының ордасы болған қорған төбемізге, сондай-ақ, қорымның айналысындағы жайылымдық жерімізге сұғын қадап, көз тіккендер көбейді.
Соның ішінде әсіресе, «Автонұр» базарының иесі Талғат Айтбаев деген кәсіпкер жоғарыдағы аталған жерлерді, өзен, көлді тікен сыммен қоршап, адамды да, малды да өте алмайтын етіп бекітті. Бұл нәубет 2019 жылдың көктемде басталды. Су іше алмай 3-4 қара мал өлгеннен кейін ауыл халқы көтеріліп, концлагер іспетті қоршауды алдыртқан.
Кейін коронавирус індеті басталып кәсіпкер тынышталғандай еді. Жоқ, қателескен екенбіз. 2022 жылдың көктемінен бастап үгіт насихатын үдетті. Баяғы әуеніне басып, «мен коттедждер саламын, қорған төбеге, көлді айнала шайтан арбамен сейіл құратын жолдар жүргізіп, көлге қайықтар түсіремін» деп, іске шындап кірісті. Тұрғындар мұндай демалыс аймағы ауылдан ең кемі бес шақырым қашықтықта орналасуы керектігін мәлімдеп, тиісті құзырлы мекемелерге арыздануға мәжбүр болды. Кәсіпкер жоспарын тоқтатқанымен ауылдың кейбір белсенділерін өзіне тартып, іріткі салумен келеді.
Енді ауыл тарихына біршама назар салайық. Қайнарбұлақ колхозы Арыс ауданына қараған тұста миллионер шаруашылық атанған. Ата-әжелеріміз ерен еңбек үлгісін көрсеткен, 3 рет ВДНХ-ға қатысып, марапатталған. 2016 жылы Қайнарбұлақ Шымкенттің қарамағына өтіп, алдымен Қаратау ауданына кірді. Ал жуырда Абай ауданына қосылды. Ауылдың өзен жақ бетінде хан қызының ордасы болған қорған төбе жатыр. Ол төбеге жаугершілік заманда хан қазынасы, алтын толы құмыралар көмілгенін Байтан Кемелбеков, Амантай Жандаров, Төлтебай Қаныбеков, Мыңбай Қарзақов аталарымыз айтып отыратын. Ал ханның өз ордасы қарсы беттегі қорым ішінде жатыр.
1970 жылы геологтар келіп, өзеннің бас жағынан 6 жерден бұрғы салып қазған болатын. Зерттеушілер судың құрамын және тереңнен алынған қоймалжың минерал заттарды Алматыға сараптама орталығына жіберген. Бір айдан кейін зерттеу қорытындысы келген. Онда «бұлақ суының шипалық емдік қасиеті Кавказдағы Есентуки шипа суынан да жоғары және көлдің астында мұнайдың мол қоры бар» делінген. Бірақ ол мұнай кондициясына жетуі үшін 50-60 жыл өтуі керек көрінеді. Мұны бұрғылау-барлау мекемесіндегі техникаға қарауылдық еткен Ұлы отан соғысының ардагері Қабылбек Құтымбетов атамыз сүйіншілеп баян еткенін айтып отырады. Бұл сараптаманың ақиқаттығына басты дәлел- Сатқанбай Жанқарашов деген азамат жаңадан үй салғанда қазған құдығынан мұнай қоспасы бар сұйықтық (керосин) шыққанын көрдік.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні көл астында жатқан мол мұнай қоры мен қазына жатқан тарихи қорған төбеге және мазарат айналасындағы киелі де қасиетті жерге ешкім иелік етпеуі тиіс. Ол мемлекет құзыретінде қорғалуы керек. Себебі бұл жер 9-10 ғасырларда өмір сүрген, Шыңғысхан шабуылында талқандалған Жауһар деген қаланың орны. Ауылдағы №106 жалпы орта мектеп мұражайына қойылған құмыралар, мыс теңгелер, хан сарайына қойылатын аспалы шырақтар мұны дәйектей түседі деп ойлаймыз. Келешек ұрпақ тәрбиесі бізді қатты алаңдатады. Шайтан арбамен сейілдейтіндер жолы дәл қорым шетімен өтеді. Жартылай жалаңаш , масаң кейіптегі келушілер әруақтар жатқан жермен тайраңдап жүрсе, бұл нағыз надандық болатынын әрбір зерделі адам пайымдаса керек-ті.
Қорыта айтарымыз:
1. Мұндай демалыс орны, сейілдейтін нысандар елді мекеннен 5 шақырым қашықтықта болғанын қош көреміз;
2. Көл астындағы мұнай қоры мен қазына сақталған хан қызы ордасы болған қорған төбеге иелік ету құқығының тек мемлекетте болуын талап етеміз;
3. Қасиеті де, киелі тарихи мекеннің мемлекеттік дәрежеде қорғалуын сұраймыз;
4. Қайнарбұлақ ауылының осы мәселелерін мемлекеттік деңгейде әділ шешілуін және соңғы нүктені қоятын уақыт жетті деп бағамдаймыз.
Жұрынтай Әбілдаев,
Оңғар Базарбаев,
Талғат Бекмұрзаев,
Шарипа Уменова,
Сатқанбай Жанқарашов
Хатқа барлығы 63 азамат қол қойған