Қаныбековтың кандидаттықтан неге шығып қалғаны белгілі болды
Бұған дейін Шымкенттен Мәжіліс депутаттығына жеке мандат бойынша №6 округтен түскен бұрынғы Мәжіліс депутаты, оның алдын облыс әкімінің орынбасары болған Сәкен Қаныбековтың үміткерлер қатарынан шығып қалғанын жазып едік. Оның кандидатурасының неге алынып тасталғаны белгілі болды.
Шымкент қалалық әкімдігінің сайтында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутатығына бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша кандидат немесе оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған активтер мен міндеттемелер туралы мәліметтердің дұрыс еместігі декларация тапсыру кезінде анықталған, кандидатты тіркеу туралы шешімдерінің күші жойылғандар туралы ақпарат жарияланды.
Кандидаттар қатарынан шығарылған азаматтардың саны үшеу. Олар: Шымкент университетінің аға оқытушысы Мұрат Арман, «Шымкент қаласы бойынша халық құрылтайы» жалпыұлттық қозғалысының өкілі Сәкен Қаныбеков (№6 округтен) және Абай Пралиев, кәсіпкер (№7 округ).
Жалпы Шымкенттен Мәжіліске жеке мандат бойынша екі депутат сайлануы тиіс. Бұған дейін №6 округтен -9 кандидат, №7 округтен -7 кандидат тіркелген болатын.