Жалақы биыл 200 пайызға көтеріледі - Денсаулық сақтау министрлігі
Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем жүргізушілерінің жалақысын көтеруге қатысты Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Жоба ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды.
"Қазіргі уақытта жедел медициналық жәрдем жүргізушілерінің арасында жалақының төмендігі бөлігінде резонанс байқалады. Бұл ереуілдерге (Жаңаөзен қаласында, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында) алып келіп жатыр. Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі ерекше еңбек жағдайлары үшін базалық лауазымдық айлықтан 200 пайыз мөлшерінде жаңа қосымша ақы белгілеуді ұсынады", – делінген қаулы жобасында.
Ведомствоның атап өтуінше, алғашқы көмекті уәкілетті орган белгілеген тәртіппен медициналық білімі жоқ адамдар да көрсете алады.
Медициналық білімі жоқ адамдарды алғашқы көмек көрсету дағдыларына даярлау 3 жылда бір рет кезеңмен жүргізіледі.
Міндетті түрде алғашқы көмек курстарынан өтуге жататын медициналық білімі жоқ адамдардың контингентіне медициналық білімі жоқ денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері, оның ішінде жедел жәрдем жүргізушілері де кіреді.
"Осыған байланысты, жедел жәрдем жүргізушілері жұмыстарының кеңейтілген сипаттамасын ескере отырып, оларға ерекше еңбек жағдайлары үшін базалық лауазымдық ақыдан 200 пайыз (35 394 теңге) мөлшерінде жаңа қосымша ақы белгілеу ұсынылады", – деп атап өтеді министрліктен.
Қаулы 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді.