Үміт Жәлеке. Бөтен бала (әңгіме)
Аз ғана ауыл Дәулеталы сонау зобалаңда кемемен Каспий асып, Мақашқала маңынан қоныс тепкен. Қайда да кірменің күні оңған ба, күнелтіс мандымай қойған. Кезінде мүйізі қарағайдай байдың тұқымы екеніңді түрі басқа, тұрмысы бөлек жұрт неғылсын. Көп қаңғыманың бірісің. Бай тұқымы болғандықтан бастарынан қиқу кетпегесін теңіз асып, бой тасалаған бөденедей босқын ауылға құшақ ашқан ешкім болмады, Үйірінен бөлінген қарақұйрықтай қайда барса да байыз таппаған он-он бес үй алды қыс болғасын ала-құла елдің іргесін ала ошарылып отырып қалған. Туысы бір жақыннан жанашырлық көрмегесін жат жұрт бауырына тартпайды деп қынжыла қойған жоқ. Қазақтың қашанғы әдетімен қалаға көп жақындамай, шеткерілеу бір бөктерге үйлерін тігісіп, іргесін бекітті. Пароммен өткізген аз ғана жандық, мініс аттардан басқа мал жоқ. Ер-азамат жақын маңдағы балық промысылына барып, күндік азығын айырады. Бала-шаға күн ұзақ солардың жолына қарап, отын-суын әзірлеп отырғаны. Осы бір үркердей келімсектің бірі - Иманбай. Аузы дорбадай, шалбар бет, көселеу, шикіл сары кісі. Нағыз қой аузынан шөп алмастың өзі. Төрт-бес ағайынды жігіттің үлкені. Әкесі «қырық жетіге» әперген Мәлике есімді қызыл шырайлы, бұлдырықтай келіншегі бар.
Иманбай інілерінің ырқына көніп, дегенін істейтін ынжық болғанмен, Мәликенің тасы пысық, шаруаға сайлы. Үйдің шаруасына да, түздің шаруасына да өзі араласып жүреді. Иманбайдың әуелгі әйелі бала көтермей, Мәликені кішілікке алған. Жас иіс көрем бе деп, көзі ойылып жүргенде, ақ сары өңді әдеміше келіншегі кейін келе бала көтеріп, балпанақтай ұл тапқан. Көші-қонмен қашып-пысып жүріп, нәрестені шетінетіп алды. Иманбайдың мойны салбырап, іштей мүжіліп, уайымдап жүретін. Қызылбас жері құтты қоныс болып, келіншегі тағы құрсақ көтерген. Бұл жолы Иманбай шарананы қобалжи күтіп еді. Сәби өмірге келер сәт жақындаған сайын әйелінен бетер абыржып бітті. Толғатар сағат туғанда, қазақта жоқ әдетті бастап Мәликені қаладағы туып үйіне өзі алып барды. Түні бойы аяғынан тік тұрып, әйелімен бірге толғатқандай күйде қуанышты хабарды тықырши тосты.
Таң алдында тілі шүлдірлеген қоңқақ мұрын қызылбас әйелі: «Оғылың бар» — дегенде, қуанғаннан төс қалтасындағы шүберекке түюлі бір уыс күміс теңгені қолына ұстата салыпты.
Мәлике қиын босанған. Қасында армян ба, парсы ма, жас босанып жатқан мосқалдау әйелдің болғаны ғана есінде қалыпты. Ертесіне қолына ұстатқан шот маңдай, шүңірек көз, шұнақ құлақ балаға біртүрлі бөтенсірей көз салған. Бала ширақ. Өзі омырауына кенеше қадалып өліп барады. Тым тамақсау. Бұның баласының әкесіне тартса болбыр, бос белбеу болатын орны бар еді. Мынасы бір тықыраңдаған тынымсыз тасбақа. Басындағы шашына дейін бетіне тікендей тиеді. Көз шарасы үлкен, жанарының ағы басым.
Мәлике өз-өзінен бөтен ойға қалды. Баланы күтуші әйелге аларып, «шөжөй, шөжөй» деп қолына ұстатып еді. Ол басын шайқап, нәрестені бұған қарай итерді. Байғұс орысшаға Мәликеден де шорқақ болып шықты. Қас-қабағымен ымдап айтқаны: «өзіңдікі» дегенге саяды.
Сөйтіп жүргенде, өзімен бірге босанған таулық әйелді шығарып жіберіпті. Көп кідірмей, Мәлике де көкейіне түйткіл түсірген шарананы кеудесіне қыса шықты. Иманбай байғұс бас-көзге қарамай сәбиді шошытып сүйіп жатыр. Жатырқаған жоқ. Ауыл адамдары да құндақтаулы қызыл шақаға қадалып қарауға батпады. Бірақ Иманбайдың көптен сағындырып көрген перзентінің ит көйлегін тастарда, бесікке саларда бірі қалмай келді. Сәбиге сұқтануды тағы ерсі санады.
Мәлике күн озған сайын баласының бойынан бір бөтендік байқаумен жүрді. Нәрестенің даусы шыңылтыр ащы. Жыласа ішегі түйілгенше шыңғырады. Бір уыс бетін бүрістіріп, шодырайған шот маңдайын тырыстырып, ой бауырын кесе, бүліне жылайды. Қос жұдырығын түйе, аяқтарын тырбыңдата сермей шырқырайды. Сосын, көпке дейін солығын баса алмай, ызасын ықылық ата шығарумен болады.
Мәлике білгенді бара-бара Иманбай да аңғара бастады. Ел де ескере берді.
Уақыт зыр қағып, біраз жылды артқа тастаған. Иманбай сағынып көрген тұңғышы Сағынғалидан соң тағы екі-үш ұл-қыздың әкесі атанды. Күн өткен сайын алдыңғысы бір бөлек, соңғылары бір бөлек екеніне көзі жете түсті. Ақыры баяғы Мәликемен бірге босанған таулық әйелдің мекен-тұрағын іздеуге бел байлаған. Сау болғыр доғдырлар аянған жоқ. Сарғая бастаған тау төбе қағазды бірнеше күн ерінбей ақтарып, дерегін тапқан. Әйел жақын жердегі бір қышлақтың тұрғыны болып шықты. Содан Иманбай мен Мәлике тау қуысындағы кішкене қышлақты іздеп жолға шықты. Тау жолымен көлік қатынасы қиын. Көбіне жаяу жүруге тура келді. Қағаздағы дерекке қарай жүріп, өздері іздеген қышлақты әзер тапты. Тау қуысындағы бір кішкене ауыл екен.
Күздің қара суық күндерінің бірі еді. Ерлі-зайыпты екеуі ұзақ сілбілеген темірдей жауын астындағы азапты жүрістен қатты шаршап, қышлақ шетіндегі жартысы жерден қазылған тас кепеге кіргенде, қара сұр бұлттың жиегінен жылт етіп бір қараған қызғылт сары күн ұясына қонған.
Мәликенің көзіне табалдырықты аттасымен от басында бүрісіп отырған шыңжау, шикіл сары бала оттай басылды. Жүрегі атша тулап аузына тығылды. Бас салып құшақтай ала жаздап, өзіне қадала қарап қалған қоңқақ мұрын, шалғы мұрт, ала көз шалдан қаймығып қалшиып тұрып қалды. Отағасының аласа, мығым денесі, иығымен тұтаса біткен мыртық мойны, күдістеу жауырыны көз алдына үлкен баласын елестеткендей болды. Мына кісі Сағынғалиға сойып қаптап қойғандай ұқсас екен.
Иманбай да сары баладан көз алмаған. Үй иелері түр-түсі бөлек, тілі басқа, түн қата жүрген шақырусыз қонақтарды жатырқай қарсы алған. Есік алдында состиып тұра беруден ыңғайсызданып, ақыры екеуі өз бетімен тізе бүккен. Тілге жүйрігі Мәлике болып шықты. Бар жайды бастан-аяқ бүкпесіз баяндады. Әуелі шала ұғынса да, артынша үй иелері шошына бастады. Сары баланың қаладағы туып үйде туғанын растаса да, бөтендігін мойындамады. Шаптығып, бет бақтырмады. Мәликенің бар сөзін теріс санады. Әйелінің бар айтқаны:
— Жоғалтқан балам жоқ, бәрі өзімдікі.
Шүңірек көз, шот маңдай, қаба сақал шал әйелін жақтады.
— Бала өзімдікі. Шыңжаулау, боз өңді болуы - жасында көп ауырғаннан.
Мәлике мен Иманбай құр сөзбен ештеңе өндіре алмасын білгесін, сотқа арызданатындарын айтысып, сары балаға қарай-қарай қайтып кеткен.
Сырт көзге көп қарғанын арасындағы сары үрпек балапандай шіп-шикіл баланың бөтендігін осы уақытқа дейін аңғармаған «ата-анасына» қайран қалысты.
Арада айға жуық мезгіл өткенде Сағынғалиды, екі-үш ағайынды ертіп екеуі әлгі қышлаққа қайта келгенде, іздеген үйінің жұртын сипап қалып еді.
Көршілердің айтуынша, бір түнде жедел буынып-түйініп, тауға тартып кетіпті. Қияннан қарауытқан Қап тауының қай жықпылына барып жасырынғаны белгісіз.