Үміт Жәлеке. Жаза (әңгіме)
Қарақұм каналы қазыла бастағалы құм ішінде өз бетімен мал бағып отырған екі үйден маза кетті. Бұрын тып-тыныш жататын шағылды шаңдатып, олай да былай да ағылған алып машиналар гүрілі айналаны азан-қазан қылып, көшіреді де жатады.
"Әмударияның суын ағызып, шөл далаға нәр береміз, ағаш егеміз» деп, Кеңестер одағының талай «төлі» жүр. (Сөзі көк, сары өңдінің бәрін орыс деп ұғатын қарттар үшін олардың бір-бірінен еш айырмасы жоқтай. Орысы орыс-ау. Ішінде көздері алақандай, қошқар тұмсық, түсі суық кеспірсіздері де бар. Құмырсқаға қиянат қылудың өзін күнәнің үлкені деп ұғатын құм тұрғындары момын. Көздерін ашқалы баққандары қой, өздері де қойдай жуас қоңырлар.
Сол қойлы ауылға бір кеште бейтаныс жолаушы келіп, сусын сұрады. Мұрны қолағаштай, мойнын ішіне тыққан, көздері бақаның көзіндей бадырайған төбел таз біреу. Бет-аузы қап-қара сақалдан көрінбейді. «Ұсқынсызын-ай, пәтшағардың» - деп ішінен Аннадұрды қарт жаратпай қалды. «Сүйгіден түңіл» деуші еді бұрынғылар. Жолаушы кемпірінің берген шалабын басына төңкере тауысып, тайып тұрды. «Құдай разы болсынды» да жөндеп айтпады. Асығыс шықты да кетті. «Асыққан - шайтанның ісі»деп түйді шал.
Аннадұрды қарттың пайымдауынша, әр ұлт өзінше ұлы. Нашар, жаман ұлт болмайды. Бірақ, басы жұмыр пенденің жаманы да жақсысы да бола береді. «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген ғой. Пенденің жақсы не жаман болуы діни сенімінен емес, ниет-пейілінен. Кәпір мен мұсылманның ара жігі бөлінер жері де осы тұс болмақ. Шалдың түсінігінде, адамның адалы - мұсылман да, арамы — кәпір. Ал, ондайлар қай халықта да бар.
Алла тағала пендесінің айып-күнәсін әділ таразысына салып, үкім кесер шақ та туарына сенеді қария. Бірақ, жер бетінде жасалған жауыздықтың жазасы осы пәнидің жүзінде өтелуін жөн санайды. Өйтпегенде адамдар арасында зұлымдық өршіп, қамшы сабындай қысқа өмірдің тозақ отына айналмасына кім кепіл?!
* * *
Құрылысқа бара жатқандар мен келе жатқандардың бұл үйге соқпайтыны аз. Іргені дірілдетіп, алып машиналар бір тоқтамай өтпейді. Әлгі де солардың біреуі ғой. Өзі кейін қойлы ауылға үйір болып алды. Олай өтіп бір, бұлай өтіп бір соғады. Сол кісі Аннадұрды қартқа ұнамады. Ерсі қылық көрсетпесе де, бір көргеннен сол біреуді қарттың көңілі қаламады. Алақандай көздері алақ-жұлақ етіп, жан-жағына қарай беретінін де ұнатпады.
Ұлы құрылыс аяқталып, жұрт жөн-жөнімен келген жағына қайта бастағанда, ол тобынан адасқан қаздай жалғыз қалып қойды. Үлкен даңғылға айналған жол бойына құрылыстан ауысқан көк вагонды көлденең қойып, біржолата тұрақтап қалды.
* * *
Көк вагоннан бәрі табылатын. Жолшыбай жүрек жалғағысы келген кісіге қып-қызыл шашлығы әзір. Аяқ киімінің өкшесі жемірілген жүргіншіге нәлі дайын. Тіпті болмаса, алдына ақ шүберек байлап алып олай-бұлай өткендердің сақал-шашын алып тұрғаны.
Келер жылы көк вагонға тағы бір қарға тұмсық келіп қонақтады. Артынан қатын-баласы ере келді.
Жол бойын күзетіп, жан баққан жат жерліктердің қолынан келмейтін кәсібі болсайшы. Күрек, тырма, шелек, шылапшын, шымшуыр соғады. Сақина, білезік, түйреуіш жасайды. Сағат, радио оңдайды. Құмның қырғауылы мен қоянын аулап, етінен тіл үйірер дәмді тағамның неше түрін пісіреді.
Бара-бара аяқ жетер жердің халқы керек-жарағын сол вагоннан табатын болды. Ең азы әйелдеріне дейін қораз, қоян пішініне салып тәтті тістеуік жасап, бала-шағаның қалтасындағы тиын-тебенін қағып алатын. Қой баққан екі үйдің үлкен-кішісі бұрынғыдай қала шығып, аяқ сабылтпайды, жаяулап барып, керегін алып қайтады.
Бастапқыда қойшылар бұлардың қастарына қоныс тепкеніне қуанып жүрді. Күзде сары ала, көк ала қауын-қарбызы тау болып үйіліп жатады. Қыста Сары қызыл портакалдар көк вагонның жанында жәшік-жәшігімен жинаулы тұрады. Балалар мәз, үлкендер ырза.
* * *
Қалтасы қалыңдаған сайын көршілер тайраңдай бастады. Өз үйінде жүргендей емін-еркін. Даурығып сөйлейді, қарқылдап күледі. Айқайлап шақырады, алшаңдап жүреді. Қонақпыз ғой, қылықты болайық демейді, бөтенбіз ғой, бәсең болайық демейді. Қайта қара жерді қақыратардай қақырып, құмды қалтыратардай ақырады. Ара-тұра даңғыраларын қағып, кернейлетіп тойлап та алады. Күн ұзағына ұзынсонар күй сазын қиқылдатып радионың даусын барынша шығарып, маңайды шие бөріше шулатып жатқаны. Өзара тек ана тілінде сөйлесетін келімсектердің аузы бір. Біте қайнасып кеткен шым-шытырық туыстықтың түйінін тауып, жігін ажырату қиын. Табысқа белшеден батып алған олар бара-бара әкіреңдей сөйлеп, сес көрсетуге көшті.
Алсаң ал, алмасаң кете бер!- деп шіреніп тұратынды шығарды. Бойларына біткен тау көкіректері зорая-зорая келе кеуделеріне сыймай, көрінгенге тістерін қайрап, ұрыстарын сайлап, болмашыға күйіп-пісіп, бақырып-шақырып жататын.
Момақан ауылдың малы жоғалып, ұшты-күйде із-түзсіз кетуі көбейді. Бұрын ұры-қарыдан аман ауыл адамдары іргеден қандыауыз қасқыр апаны қазылғанын сезіп жүрді. Тышқақ лағы жоқ қоңсыларының жұрттың көзін қыздыратын қып-қызыл шашлықты қайдан алатыны енді белгілі болды. Анық дәлел, бұлтартпас айғағы болмаған соң қойшылар ұрынуға қиналды. Онсыз да тұтанайын деп тұрған шіркендерге «мал ұрладың» десе не болмақ!?.
Енді түнімен от жағып, бастаңғылатуларының жайын да ұға бастады. Сол оттан қой терісі мен сүйегі күлге айналып көзден ғайып болатыны да түсінікті болды. Тек қоңырсыған қой исін құм арасына жайып жіберетін жел хабаршыға қылатын қайраны жоқ.
Соның бәрін көріп-біліп отырып сабадан аспайтын не еткен сабыр?! Мұсылманның шын досы - сабыр. Сабырлы еді қойшылар. Көндіккісі келмеген жастардың: «Бұл қорлықты көргенше айқасып өлейік» деген өрекпіген көңілін әліптің артын бағып үйренген үлкендердің сөзі су сепкендей басты. «Тікелей келіп өздері тимесе, ұрынбаңдар!».
Қойшы ауылдың ақсақалы - Аннадұрды қарт. Басы шағын. Кемпірі және немере қызымен тұрады. Жалғыз ұлы қайтыс болып, жастай жесір қалған келініне өзі рұқсат берген.
Құдайы көршісі - Мередмұхамбет балалы-шағалы, қолында кәрі шешесі бар.
Аннадұрды мен Оғылжан кейуананың жалғыз қарасы қасы қиылған, көзі мөлдіреген талдырмаш қыз Бибіажар. Жасы он үште. Аудан орталығында интернатта жатып оқиды. Әр жексенбі, мерекелерде үйіне жеткенше асығады. Ол келген сайын құлазып тұратын қоржын үй қызғалдақтай құлпырып кетеді. Қараторы қыздың жарқын күлкісімен бірге қарттардың да қаяулы жүздері жадырап сала беретін. Бибіажар пысық. Кәрілерге кәдімгідей қолғанат. От басын қағып-сілкіп, үй шаруасын шырқ үйіреді. Қарттар Бибіажарға риза. Жалғыздың көзі, қалған ғұмырдың қуанышы да сол. Шүкір етуді бала жастан бойға сіңіріп өскен момындардың бар тілегі - немерелерінің амандығы.
Бір мереке қарсаңында Бибіажар ауылға келмей қалды. Екі көздері төрт болып қара жолға телмірген қарттардың күні бойғы ас-су ішпей күткен үміті ақталмады. Күн батты. Тырс еткен дыбысқа алаңдаумен қос мұңлық көрер таңды көзбен атқызды. Қыз келмеді.
Уайым жеп ұйқыдан қалған қарттар ертесіне шыдай алмай Мередмұхамбетті ауданға аттандырды. Ол: «Интернаттан шығып кеткеніне бүгін үш күн болыпты» деп келді.
— Әлде, шешесіне кетті ме екен?
— Қой, он жылда бір іздемегенде енді іздей ме?
— Кім біліпті?
Ақыры көңілде күдік қалмас үшін Мередмұхамбет көрші ауылдағы шешесіне де барып қайтты. Бармапты. Арада апта өтті. Ай өтті. Табылмады. Кейін ұзынқұлақтан Бибіажардың бір бөтен кісінің машинасына отырғаны естілді. Көрген кісінің сипаттауынша шопыр әуелгі көршісіне қатты ұқсайды. Машина маркісі де сондай. Оның дәл сол күні ауданға барғаны да белгілі болды. Бірақ, ол «қыз көрген жоқпын» деп ант-су ішті.
* * *
Көп ұзамай күн нұрымен құлпыра түрленген құм барқыт бешпентін шешіп, сары ала жібек сағымға шомылды. Күн ыси бастады. Қойшылар құм арасына ендеп жайылымын ұзартты.
Бірде қой күзетіне шыққан Мередмұхамбет Бибіажардың жансыз денесін құм арасынан тапты. Қойтөбеттер мазасызданып үре бергесін соңынан ерген ол мәйіттің үстінен түсіпті. Жел суырған құмнан қызыл лента байлаған бұрымы шығып қалыпты.
* * *
Қызының денесін жер қойнына тапсырған күні Аннадұрды бір шешімге бекінген. Қызының кегін келімсек көршісінен даулап қайыра алмасын түсінді. Әрі қызынан айырылғалы төсек тартып жатып қалған кемпірі күн санап төмендей берген. Оны да өз қолымен арулап жерледі. Ендігі жұмысы сексеуіл шабу болды. Есегіне артып әкеліп, сексеуілді аулаға тау қылып үйді. Сол уақытта қыс та түскен. Не себептен екені белгісіз, Бибіажардың өлімінен кейін соңынан келген көршілері бала-шағасымен қайта көшіп кетті. Көк вагонда ілкі келіп қоныстанған кеспірсіз кісі жалғыз тұрып жатқан.
Бір күні оңаша үйіне Мередмұхамбетті шақырып ұзақ сөйлесті. Арадағы әңгімені ешкімге сездірмеді.Қыстың бір ұзақ түнінде төрт есекке үйіп артқан сексеуілді екеулеп көк вагонға қарай алып жүрді. Әуелі вагонның есігін тарс бекітті де сексеуілді үй сыртын қоршай қалады. Отынды мол қылып үйгесін іргесінен от қойды. Бірден лап бере жөнелген алауға майды үсті-үстіне аямай шашумен болды. Момақан құмның құтын қашырып, берекесін алған бәлекеттің орнын қызыл жалынмен аластап, жауыздықты жөргегінде жоймаққа кірісті. Сөйтіп, балауса құрақтай бейкүнә қыздың өмірін қиған кәпірдің опасыз ордасы отқа оранып, шатырлай жанып жатты.
Арам пиғылдарын көпке дейін алысқа айғақтап қара түтіні бықсып