Автобустағы қарияның әңгімесі бізді жылатты
08-01-2024
Оңтүстік астанада данышпан ақын атында үлкен оқу ордасы бар. Кезінде талай ғұлама дәріс оқып, талай дана сабақ алған киелі шаңырақ! Сәнді ғимарат, зәулім сарай. Сол ғимараттың есігінен кіріп-шығып жүретіндер көп-ақ. Қайсыбіреуі - оқушы, қайсыбіреуі -оқытушы. Айтушы мен тыңдаушы. Аңдушы мен ымдаушы. Сатушы мен алушы. Сұраушы мен беруші. Жетекші мен еруші. Жүлік пен сүлік. Бұзық пен түзік. Кішік пен ұлық... Несін айтасың, талайлар табылады. Еңселі есікке ертелі-кеш сан тарау жолмен ағылады.
Біз болсақ – өңкей ашық ауыз. Ауылданбыз. Көксейтініміз — сабақ, көздейтініміз — қабақ. Оһо-о, енді қабақ дегеніңіз сан алуан. Қалың, жұқа, іспек, жарлауыт, түюлі, сыз, түксиген, түнеріңкі, жабық, салбыраңқы, жазыңқы, ашық ... толып жатыр. Ашығы аз. Біреу, екеу, үшеу...
Біріншісі - бойы ортадан жоғарылау, даусы жай, мінезге бай, қап-қара шашы май жаққандай жылтырайтын да тұратын боз өңді, қой көзді, иманжүзді ағай. Сол кісі далиған дәрісхананың әйнекті есігінен басын ішке сұға бере, ауылдан келген ашықауыздардың арқа-басы кеңіп, өңдеріне қан, өздеріне жан еніп қалады. Білмегенін сұрап қалуға, сұрағымен ұнап қалуға тырысады.
Ағай, Ботагөздің прототипі болған ба?
Ақбілек ше, оның да негізінде шындық бар ма?
Бүркіт, Бәтималар өмірде болғаны рас па?
Кілең білгіш. Қоятындары осы сипаттағы сұрақтар. Ағай жауап беруге жалықпайды, біз сұрақ қоюдан жалықпаймыз.
Қашан да «ашық қабақ ағайдың» төбесі көрінісімен тобымызбен дүр сілкіне орнымыздан тұрып, ізетпен қарсы аламыз. Түбіне дейін жарқырап жататын айна көлдей тұп-тұнық қоңырқай көздердің аясына шуақ тола жымияды. Ырза кейіппен басын изейді. Біз шалғыға түскен шөптей жапырылып отыра қаламыз. Көзіміз қалт жібермей, «ашық қабақ ағайдың» әр қимылын бақылаумен болады.
Ашық қабақ ағай сырбаз, сыпайы. Жүріс-тұрыс, болмыс бітімінен бір бекзаттық байқалады. Әуелі ауырлау алатын аяғын столдың астына абайлап орнықтырады. Қара папкіден екі-үш жапырақ қағаз алып, үстелдің үстіне жайғастырады. Содан соң, орындық арқалығына шалқая түсіп, сабақ тақырыбын атамас бұрын сол жақ қабырғадағы айлапат терезеден тысқа көз жібереді.
Дала керемет! Айнала ақ мақтадай үлпілдеген қар. Әлі жауып басылмаған. Толарсақтан келеді. Жаңа ғана сабақтан келе жатып, осы кереметке арбалып, анда-санда бір жауатын табиғаттың ерекше құбылысын біраз қызықтап ішке әзер кіргенбіз. Сол қар әлі жауып тұрған. Ашық қабақ ағай қарсы алдында тізіліп аузына қарап отырған топқа күлімсірей қарап:
Мынау қандай қар? - деп, шәкірттерінен бұрын өзі сауал тастады.
Алдыңғы жақтан біреу шапшаң жауап тапты.
Мамық қар.
Ағай жалпақтау жылтыр қара қасын кере түсті.
Қауырсын қар.
Мақта қар.
Ұлпа қар.
І-м-м-м, бәрі де дұрыс. Бірақ, қазақ басқа да бір балама тапқан. Сол сөзді тапқан кісі сынақ кітапшасымен келе қойсын.
І-м-м-м, ауыз әдебиетінде ғой бәрі... Жауапқа қанағаттанбаса даусын соза түсуші еді.
Бөлме іші тым-тырыс. Ағайымыз сабағын бастамас бұрын тағы да терезе жаққа сүзіліп кідіре түсті. Үнсіздік ұзай берді. Әшейінде араның ұясындай гу ете қалатын топ ұстаздың ойын білуге батпағандай тырс етпей қалыпты.
Мен де ойланып қалдым. «Ауыз әдебиетінде дейді?!» Қалай еді? Ажарының ақтығы наурыздың ақша қарындай!
... Қара жерге қар жауар, қарды көр де етім көр!..Өй, осындайда есіне не түссін?
Мезгілдің жазғытұрымға таяп қалғаны рас. Ауылды сағынғалы қашан? Бұл кезде ағай сабағын бастап та кеткен-ді. Менің ойым далада. Жо-жоқ, ауылда. Біздің жаққа қар сирек жауатын. Қар жауған күн біз үшін мереке. Сол есіме түсіп, терезеден көз алмаймын. Тоқта, тоқта, апыр-ау, бұл маған таныс сурет қой! Көз алдыма Алматыдан мыңдаған шақырым алыста жатқан туған ауылым тұра қалды.
Біздің үй мұнайшылар кентінің шеттеу жағында болатын. Екі түйеміз бар. Бар байлығымыз солар. Екеуі де аруанаға тантық қызыл қоңыр кердері мая. Үлкені — шешесі, кішісі — қызы. Әлгі екеуінен апам орта шелек сүт сауады. Өрістен қайтқан соң, аулаға омыраулап кірген балажанды байғұстар жабық қорадағы боталарына ұмтылады.
Дүниеде ана мен бала сағынышындай ыстық сезім бар ма екен? Азғана мезгіл жайылымға шыққанда маялар кішкене «сәбилерін» қатты сағынып қалатын сияқты.
Біз үшін бұл бір қарбалас шақ. Өрістен желіні сыздап, үрпінен шып-шып сүт шығып қайтатын қос мая шарбақ алдында көбірек тұрып қалса, жабық қораны шыр айналып, ашық тесігінен тұмсықтарын тығып, ыңырсып, исініп кетеді. Исінген түйенің сауыны өтіп кетеді. Сондықтан түйенің келетін уақытын апам екеуміз күтіп отырамыз. Анадайдан қарындары шәмпиіп, жел жағынан жусан иісі аңқып, маңқиып келе жатқан қос маяны көрген бойда апама хабар беремін.
— Апа, түйе келе жатыр.
Ақ шаршысын басына бір байлаған, көнетоз көйлекті, күн қақты жүзі күреңіткен апам қамдана келеді. Қолында - мәрлі шүберек, қарында - әлім-берім темір шелек. Саусақ ұшынан су тамшылайды. Әдеттегідей түйе сауар да қолын шайған. Мен ботаны салғанша, апам ии бастаған маяның үрпін жуады, құрғатады. Сонан кейін ғана шелегін тізесінің үстіне қойып тұрып, сыңар аяқтап тырс-тырс, сыр-сыр, күрп-күрп... сауа бастайды. Сүт молайған сайын, қос емшектен сыздықтаған ыстық сүт көпсіп, көпіре түседі. Қалған екі емшекке үлпек ернімен кезек-кезек кенеше қадалып, бота сорғылайды. Кейде екі езуінен сорғалаған аппақ сүттің буы бұрқырап, әлі үйренісе қоймаған жұмсақ аузы анасының желінінен адасып қалады. Мұндайда ботаның сәби қылығына емірене жымиып тұрған апам басын сүті тамшылаған енесінің үрпіне бағыттап жібереді.
— Еһі, еһі, мамаңды таба алмай қалдың ба? Міне, міне, еме ғой, ботақаным... - Апам ботамен сөйлесе тұрып, түйенің желінін тартқылауын қоймайды. Екі маяны шапшаңдатып, дер кезінде сауып алған соң, сүт толы шелекті сырт жағында тұрған маған ұстата қояды.
Жаңа сауған сүт! Жусан иісі, күн иісі аңқыған ыстық сүт! Буы кәдімгідей бетіңді шарпиды. Беті бір сүйемдей көбік.
Енді есіме түсті, терезе сыртындағы жаңа жауған қарды неге ұқсайды десем, жаңа сауған сүттің көбігіне ұқсас екен ғой! «Көктемеде бір тойдым, көбік қарда бір тойдым» деген мақалды апам айтушы еді-ау. Міне, сол айтқан көбік қар.
Әттең, не керек , бұл кезде жаңа сабақты талдауға кіріскен ағай сөйлеп тұрған-ды. Мен қасымдағы қызды түрттім. Ол бар ықыласымен сабақ тыңдауда. Қабағын түйе қарады.
— Мен таптым! – дедім, терезе сыртын саусағыммен нұсқап. Ештеңе түсініп жарытпаған Дариға басын шайқады. «Үндемей сабақ тыңдайық» дегені.
Ұстаздың қоңыр әуезіне ұйып қалған өңкей ашықауыздар. Өзім сияқты ауылдан келген апасының балалары. Менің олардың ойын бөлгім келмеді.
Тыста – көбік қар!