Жылан жұтқан күн

Oinet.kz 08-09-2020 717

Хуэйинь ұйқысынан шошып оянды. Жасанды талшықтан жасалған жұмсақ көрпесін ысырып тастап, терезе алдына келді. Уханьның жымыңдаған мың сан оттары түнге де тыныштық бермепті. Ағылған көліктер ары-бері тынбай зырлайды. Он бір миллион адамды бауырына басып жатқан қаланың ұйықтауға хақысы да жоқтай, мың бояумен құлпырады.

Атқақтаған жүрегі орнына түскенше таңғы ауада кең тыныстап тұрғанды жөн көрді.

Мына аспаннан жұлдыз көрмегелі қанша жыл. Оның бәрі жерге ағып түскендей, қаланың әсем көшелерінде жарқырайды. Қонақүйлер мен мейрамханалардың маңдайында жымыңдайды. Бастарын бұлт шалған ғимараттардан асып, күн сәулесі жерге жетемін дегенше уақыт та бірталай болып қалады. Бірақ, Уханьның халқы жерге жарық түспеді деп қарап отыратын елден емес. Тәуліктің қай сағатында да құмырсқадай қыбырлап қайнап жатады. Жер деп аталатын желбуаз ғаламшар Ухань халқының тынымсыздығының арқасында амалсыз дөңгелеп жатқандай. Хуэйинь өз ойына өзі езу тартты.

Мына алып қаланың тынысы бір сәтке ғана тоқтаса қалай болар екен ә? Тумысынан тыным таппаған қалада бір сәтке тыныштық орнаса, әлем де дамылдап қалатындай көрінді. Тіпті, сағаттың тілі тоқтап қалар-ау...

Хуэйинь киініп жатып Си джо жайлы ойлады. Көрмегелі біраз күн. Онсыз да күркілдек өкпесі тағы сыр берді ме екен?

Апта бұрын таңсық асқа шақырған Си джо хабарсыз кетті. Анығы сол кештен кейін көрінбеді.

Хуанань базарында жолақты жыланның етін сататын осы жігіттің Хуэйиньге көз салып жүргеніне жылдар болыпты. Күрк-күрк жөтелгенде қызарып барып, Хуэйиньге сығырая көз тастайтынын маңайдағы сатушы атаулы түгел біледі. Хуэйинь ғана жібімей жүрген. Алып Уханьның мың тарау көшесінде адасып кеткен ақ боз атты ханзадасын күте-күте шаршаған Хуэйинь сол күні құрбысы Лаоның кеңесімен тағдырының талғамына амалсыз мойынсұнып, Си джомен дәмханаға баруға келісімін берген болатын.

Екеуі кешкісін Хуанань маңындағы ортаңқол дәмханалардың біріне бас сұқты. Мұнда жылан етінен жасалған ащы күріш ботқасы арнайы сатылады. Әсіресе, суық күнде келушілердің көп болатыны үйреншікті жәй.

Куайцзысын әр тостаққа бір сұғып отырып екеуі ұзақ әңгімелесті. Жылытылған шарап ішкен. Сосын Хуананьның уайымсыз көшелерін аралап, әнебір бұрышта үнемі сыңситын эрхудің үнін ұзақ тыңдап үйіне қайтқан.

Одан бері апта аралады. Си джодан сол күйі хабар болмады. Демікпесі қайта қозып жатыр ма, кім білсін?

Таңның атуын күтпей-ақ Хуэйинь базарға бет алды. Алып шаһарды басып алған түсіндегі түтіндей аспан әлі қап-қара екен. Бозармаған. Орталық базар бағытындағы метродағы жолаушылармен сығылысып тұрып түсін есіне түсірген.

Сол күнгі кесесіндегі жылан ирелеңдеп шығып мойнына асылды-мау? Мойнына оратылған жыланнан қорыққан Си джо болса күрк-күрк жөтелген кезіндегі қылқынып қалатыны секілді қарлыққан дауыс шығарып көзі аларып бара жатқан. Әр үстелден мыңдаған жылан сусып түсіп есікке бет алып, Хуананьның кең көшелерінде ирелеңдеп барады. Шығыс тұстан алып айдаһар қабат-қабат үйлердің төбесінен төніп, біресе от шашады, енді бірде аузын арандай ашып күнді жұтуға талпынуда. Қою түтін аспанды жауып, жер дүниені қараңғылық басып жатыр екен дейді. Мойнындағы алашұбар крайтпен алысып жатып оянып кеткені.

Метродан шыға сала таза ауамен кең тыныстаған Хуэйинь түсін ұмытуға тырысты.

Алдындағы жыбырлаған асшаяндардың мақтауын келтіріп кешке дейін тұрды. Түсінен бе, әлде дұрыс демалмаған соң ба басы ауыра бастады. Тамағы жыбырлап, күркіл қосылды. Ыстық сорпаға әуесі кетті.

– Хуэйинь суықтап қалыпсың ғой. Жарқанат сорпасын алдырайын ба? – деген құрбысы Лао. Сосын екеуі шылымшық қанатты ыстық сорпаны сораптаған.

– Адамның етінен асқан дәрі жоқ дейді. Оның сорпасы барлық ауруға ем екен. Солай ма Дзэнзэн?

Лаоның білмейтіні жоқ.

Анадайда асшаян ұнтағын сататын Дзэнзэн алымшысын жіберіп, ақырын аяңдады.

– Янцзының сол жақ жағалауында сондай бір жерді білемін.

– О-о-о, Дзэнзэн бәрін біледі! – Лаоның даусы қаттырақ шығып кетті.

– Жас күнімде сонда жұмыс істедім, – деді Дзэнзэн солғын жанарын сығырайтып. – Аспазшы болдым. Онда кіру сен ойлағандай оңай емес. Біріншіден, қалтаң көтермейді сенің Хуэйинь.

– Мұндай жеңсік асты даярлауды қайдан үйрендің, Дзэнзэн?

– Әжем Биюден. Елді аштық жайлағанда адамдар балаларын бір-бірімен айырбастап пісіріп жеген. Елдің қарны тойған соң да бұл әдет болып қалып кетті ғой. Мұны тағы барлық ауруға ем болады деп саналарына сіңіріп алды. Менің кішкентай Минчжуым да осылай құрбан болды... Ол кішкентай ғана еді. Аурушаң болды. Әжем оны бәрібір адам болмайды деп көрші Хуанхаға сатты. Сол күні Хуанханың үйінің мұржасынан қою түтін будақтап, шарапқа мас болған дауыстар жарқын-жарқын шығып жатты...

Хуэйиньнің жағдайы үш күннен кейін тіпті нашарлады. Жарқанат сорпасы да, түрлі емдік шөптердің қайнатпасы да, тіпті дәрігердің еккен инесі де әсер етпеді. Төртінші күні жыбырлаған шаяндарының үстіне дем жетпей құлаған асшаян сатушысын жедел жәрдем көлігі алып кетті.

Хәл үстінде жатқан Хуэйиньнің түсіне жолақты крайт қайта-қайта енетін болды. Енді бірде кеудесін қысып дем алдырмайды. Бірде өзіне жалғанған аппараттардың сымдары жылан болып көзін арбайды.

Си джо да хабарсыз кетті. Дзэнзэн айтқан мекенге барып, жеңсік асқа тапсырыс берсе мүмкін бар ауруынан айығып кетер ме еді?

– Дәрігер, маған не болды? – дейді жаны қиналған сәтте қымтанған емдеушінің көзайнегіне жанарын қадап.

– Сіз қауіпті вирус жұқтырдыңыз. Әзірге ешқандай емі табылмай тұр.

– Емі жоқ ауру бола ма? Мені босатыңызшы, мен өзімді қалай емдеуді білемін.

Хуэйиньнің ойына бірде Лаоның айтқаны сөздері, бірде Дзэнзеннің айтқан мекені орала берді. Мүмкіндігі болса мына сыңсып аққан Янцзыны бойлап жүгіріп барар еді. Ештеңеге қарамай-ақ сол бір жеңсік асты жиіркенбе-ақ асар еді-ау.

– Мені жіберіңізші, доктор, – деді тағы да. – Мен халық емімен емделемін.

– Бұл белгісіз дерт бүкіл Уханьға жайылуда. Нақты себебі әлі табылмады. Сол үшін де сізді жібере алмаймын.

Хуэйинь жылан сымдардың арасында арпалысып қанша күн жатқанын есептей алмады. Тек күннен күнге жағдайының нашарлап бара жатқанын ғана сезеді.

Алпауыт қаланың у-шуын сағынып терезеден тың тыңдайды. Тыныштық. Мына Ухань әнеукүні өзі ойлағандай ұйықтап кеткен тәрізді. Ухань дамылдаса әлем дамылдайды дегені қайда? Сағат тілі де Уханьның жүрегіндей жүрісін баяулатқан ба? Тек жүрек соғысын бақылап тұрған аппараттың «шиқ-шиқ» еткен дауысы естіледі. Енді ол да бірте-бірте баяулай түскендей.

Си джомен жылан жеген күнін еске алды. Жасы жер ортасына жақындағанда жүрегін жібітіп еді-ау. Жаңа өмірге қадам қойғысы келген. Жалын жұтқан сол күннің Си джоның да басын жұтқанын іштей сезді. Жанарына келген жасты сүрте алмады. Көз жасын тиғысы келген сайын кеуде тұсының қаттырақ шаншитынын сезді. Бір жұтым ауаны жұтудің өзі осыншалықты қиын екенін дені сау кезде білмепті. Аузы-мұрнын бітеген мына аппарат болмаса ол ауаны да жұта алмайтынын сезді. Басын әрең бұрып, Уханьның аспанына қарады. Әйнектен түскен қызғылт нұр Хуэйиннің жанарынан домалаған соңғы тамшымен бірге жылт етті де жоқ болды. Палатаның батыс жақ терезесін күннің соңғы нұрлары жалап өтті. Қызыл күн төбесі көк тіреген айырбас ғимаратардың арасында жұтылып кетті. Айналаны қараңғылық тұмшалады. Түсіндегі айдаһардың аузынан бүккен қара түтіндей қою түн Уханьның үстіне қара бояуын жағып жатты. Қала жабылды. Қым-қуырт тіршілік толас тапты. Әлемнің де жүрек қағысы баяулай бастады.

Жыландай ирелеңдеген Янцзы ғана жылыстап ағып жатты. Уақыттай.

Бір сәтке тыным тапқан Уханьның демімен бірге Хуэйиньнің демі де мәңгілікке дамылдады...

Бақтыгул АУДАНОВА

100 мақал-мәтел(4-бөлім). Қазақтың мақал-мәтелдері
Баяны жоқ жалғанның бес күнінде. Жалған дүние туралы өлең
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу