Қаусаған бейтаныс шал (әңгіме)
03-11-2023
Десек те, бар менен жоқ беттеседі,
Аңыз да ақиқатпен шектеседі.
Үкаша сахабаның басындағы,
Құдықтың құпиясы көп деседі.
Шертетін бұл құдықтың дастаны бар,
Жасырған ғасырларға астары бар.
Астына түскендердің айтуынша,
Гүл секілді тамырлы тастары бар.
Қаратау етегінің іргесі еді,
Сондықтан қасиетпен үндеседі.
Құдықтың суы менен Меккедегі –
Зәмзәмнің құрамы да бір деседі.
Көктемің, қысың, жазың, күзің мейлі,
Зиярат жасаушылар үзілмейді.
Дертіне дауа таппай жүрген жандар,
«Жарқырап қайтса шіркін, жүзім» – дейді.
Сырлары ашылмаған тылсым әлі,
Құдықтың тереңінде тұншығады.
Шелекті тастағанда тілек тілеп,
Ниеті түзулерге су шығады.
Ал енді, біреулерге бермейді екен,
Өткенін арғы-бергі тергейді екен.
Су шықпаса жәутеңдеп жанарлары,
Су шықса көңілі көкке өрлейді екен.
Айығып жасандылық жасаудан да,
Жанарға мүмкін емес жас алмау да.
Үкаша құдығының құпиясын,
Әлі күнге ғалымдар аша алмауда!
Әлібек Шегебай.