Аңыз ақиқаты. Өлең. Әлібек Шегебай

Oinet.kz 02-09-2020 790

Аңыз ақиқаты

Тереңірек танытатын өлкені,

Көне сөздің көп екен ғой көркемі.

Ақиқаттың ғаламаты жайында

Бізге жеткен аңыздың бар шертері.

Сонау ерте замандардың бірінде,

Сөйлепті жер адамзаттың тілінде.

Адам куә болған сол бір ақиқат,

Аңыз болып жеткен екен бүгінге.

Сұлулығы әдемірек гүлден де,

Аңызда да ақиқат көп білгенге.

Пейілінің тарлығынан бір күні -

Екі көрші таласыпты бір жерге.

Біріншісі - «менің жерім!» деседі,

Екіншісі - «менікі!» деп, бөседі.

Қарыс жерді бөлісе алмай қос бейбақ,

Бастарына көтеріпті көшені.

Екеуі де болса керек «салмақты»,

Бір-біріне айтпаған сөз қалмапты.

Тулақ жерге таласқан сол екеуін,

Көршілер де келістіре алмапты.

Жауабы бар қай кезде де арыздың,

Ақиқаты енді болмақ аңыздың.

Алысудан шаршаған соң екеуі

Билігіне жүгініпті Абыздың.

Ессіздікті байқаған соң сөзінен,

Екеуіне ұзааақ қарап көзімен.

Етпетінен жатып Абыз тыңдапты,

«Жер-Ананың білейін, – деп, өзінен».

Сол бір сәтте қапа болып тым қатты,

Етпетінен жатып Жерді тыңдапты.

Тыңдап болып сәл күрсініп Абыз қарт,

Екеуіне ойлы көзбен тіл қатты:

«Пенде шіркін дегеніне жетер ме,

Екеуің де таласасың бекерге.

Өмірдегі жақсылық пен жамандық

Жауапсыз-ақ мәңгілікке кетер ме?!

Топыраққа таласпайды тектілер,

Тектілердің татулығын көп тілер.

"Ақылы жоқ мына екі бейбақтың

Екеуі де менікі ғой», – депті Жер.

Қарт айтыпты таласудың бекерін,

Бұл пәниден бәрінің де өтерін.

Ақылымен ойлар болса адамзат,

Ырыстың да ынтымақта екенін.

Ажыратып ақ пен қара арасын,

Не жетеді болғанына жарасым.

Тіршілікте өткеніңмен тартысып,

Тыныштықты қара жерден табасың!

Әлібек Шегебай.

Келіншектау аңызы. Әлібек Шегебай
Үкаша ата құдығы туралы өлең
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу