Қайыршы туралы әңгіме. Бір-ақ күн

Oinet.kz 02-09-2020 1025

Бір-ақ күн

(Өзінің рұқсатымен...)

Өткен жолы кездейсоқ бір танысымды көріп қалдым. Түрінен адам шошиды. Қол-аяғы сырылған, бет-аузы жара-жара. Удай мас...

Тәп-тәуір азаматты дәл сондай жағдайда көремін деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Мені бастапқыда танығысы келмегенмен, артынан көзі жасаурап:

-Брат?! Түсінесің бе?! Осыдан бір апта бұрын әйеліммен ұрысып, үйден шығып кеттім де райондағы магазиннен арақ алып   армансыз іштім... Бір кезде оянсам  аялдамада ұйықтап жатыр екенмін. Ештеңе есімде жоқ. Футболкам, аяқ киімім, телефоным және әмияным жоқ. Бет-аузым ол қан-қан. Көзім көгеріп, ернім ісіп кеткен. Такси тоқтатып, бір досымның үйіне бармақ болып едім, түріме қарап ешкім апарғысы келмеді... Күйіктен асылып өлгім келді.  Қалтамды қарасам бір чекушкаға жететін ұсақ тиын бар екен. Сол арақтың буымен бір бомжбен достасып алдым. Ол жігіт үстіме жаман куртка, аяғыма бәтеңке тауып берді, шүкір. Қазір мына кейпімде ешкімнің көзіне көрінгім келмейді. Мені көтеріп жіберші, бауырым, - деп көзінен жас парлап қоя берді де:

-Мен айтқан адреске барып, теңге алшы. Үстіме бүтін киім алайын. Пәтер жалдап түр-әлпетім қалпына келгесін бала-шағама барайын. Бауырым, адам мал болам десе, бір-ақ күн жетеді екен, бір-ақ күн, - деді жыламсырап.

Көз көрген таныс болғасын сөзін жерге тастамай дегеніне көндім. Айтқан мекен-жайына бардық. Өзі бірге барғанымен:

-Ертең өсек болып кетеді, құрсын, - деп ұсқынсыз кейпін жақындарына көрсеткісі келмеді. Мен кіріп ақша алып шықтым. Танысымның өтініші бойынша "досың милицияға түсіп қалды", - деп өтірік айтуға тура келді.

Уәделескендей ақша алысымен көк базардан шырттай болып киініп алды.  5 күнге пәтер жалдады... Бет-әлпетін қалпына келтіру үшін дәрі-дәрмек алдық. Азық-түлік тағы бар...

Бүгін сол танысым кішкентай көмегім үшін мүмкіндігінше алғыс ретінде 70 мың аударыпты. Адамның күні адаммен екенін ескертіп, қарсыласқанына қарамай қайта өзіне салып жібердім.

Тек арыстай азаматтың: "Бауырым, адам мал болам десе, бір-ақ күн жетеді екен, бір-ақ күн", - деген сөзі әлі жадымда жаңғырып тұр...

Бұл жағдайдан менің түсінгенім адам қанша биікке көтерілсе де асқақтамау керек. Танысым айтқандайын:

Адам мал болам десе, бір-ақ күн жетеді екен, бір-ақ күн.

Махаббат, ғашықтық, ғашықтар туралы өлең. Сұлу еді
Ақмешіт әулие үңгірі туралы өлең
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу