Ақмешіт әулие үңгірі туралы өлең

Oinet.kz 02-09-2020 1367


Өмірдің қалған мәңгі өрнегі боп,

Аңыздың адамзатқа бермегі көп.

Тарихтың тереңінен сыр айтатын,

Қазақтың қасиетті жерлері көп.

Тыңдасаң сахараның сыбдырын әр,

Көнеден күй боп жеткен күмбірі бар.

Қастерлі Қаратаудың күнгейінде,

Ақмешіт әулиенің үңгірі бар.

Бөленіп үңгір іші нұрға бөтен,

Құс біткен сән-салтанат құрған екен.

Жабайы жүзім менен бүлдіргенің,

Ол кезде самсап өсіп тұрған екен.

Тәттіні дәмін әркез татқан жейді,

Құрсаң да түспейтұғын қақпан мейлі.

Дию мен бір айдаһар пайда болып,

Үңгірді мекен етіп жатқан дейді.

Айласын бірте-бірте асырыпты,

Араны айдаһардың ашылыпты.

Айнала төрт түліктің түгін қоймай,

Халықтың берекесін қашырыпты.

Кешегі мамыражай күй қалыпты,

Тарығып, елдің бәрі қиналыпты.

Ақмешіт әулиеден көмек сұрап,

Қол жайған дүйім халық жиналыпты.

Қол жайып қалың елі жаны күпті,

Құтқар – деп, әулиеге жалыныпты.

«Дұғамның құдіреті жетер, бірақ,

Ұрпақсыз қалам ба» – деп, қамығыпты.

Әйтсе де ел тілегін тастай ма екен,

Кітабын оқып сонда бастайды екен.

Ілімнің күшіменен айдаһарды

Мәңгіге байлап, матап тастайды екен.

Осылай елдің көзі ашылыпты,

Далаға төрт түлік мал шашылыпты.

Әулие дүниеден өткеннен соң

Сүйегін осы үңгірге жасырыпты.

Өтсе де жылдар жылжып, күн, ай мейлі,

"Халықтың бір атауы - Құдай" дейді.

Ақмешіт үңгірінің  кереметін,

Ендігі бір аңызда былай дейді:

Белгісіз қара ма екен, ала ма екен,

Кешегі жаугершілік заман екен.

Қазақтың даласына көзін тіккен,

Қалмақтар дүркін-дүркін шабады екен.

Түскенде ұлттың басы ұлы сынға,

Күн кешу бұқпантайлап құрысын да.

Есіркеп батыр сонда қол жинапты,

Қаптаған қалмақтармен ұрысуға.

Шайқаспай ердің ісі біте ме екен,

Оңтайлы бір уақытты күтеді екен.

Жорыққа аттанғалы тұрған кезде,

Тоқтаусыз нөсер құйып кетеді екен.

Ақтарып шер-шеменін дала жатты,

Бұлар да күн райын шамалапты.

Он мыңның үстіндегі қалың әскер,

Сол кезде осы үңгірді паналапты.

Бабалар балбал тілін білген мықты,

Бұл жердің қасиетін бірден ұқты,

Құдайдан қай сәтте де қол үзбеген,

Он мың қол таң намазын бірге оқыпты.

Бәрі де құшақтасып, қол алыпты,

Баратын бағыты мен жолы анықты.

Ақмешіт әруағы қолдады ма,

Сол жолы жауды жеңіп оралыпты.

Үңгірді - сырды бүккен сүйегі көп,

Қалың ел құрметтейді, киелі – деп.

Қараусыз қалған екен бертін келе,

Ескірген домбырадай тиегі жоқ.

Қашан да рух тұрар ниетінде ел,

Дәретпен тазаланар кіретіндер.

«Сүлеймен пайғамбардың анасы да,

Осында жатыр» – дейді, білетіндер.

Теңеліп алты Алаштың терезесі,

Бұл күнде қанат жайған керегесі.

Астасып ақиқаттың ауылымен,

Аңыздың бізге жеткен дерегі осы.

Ақ таңдар арайланып атады екен,

Қашан да ер көгерер батаменен.

Жасаған зияраты қабыл болып,

Біреулер бала сүйіп жатады екен.

Бұл үңгір тегін емес сірә, тегі,

Жол бастап Қаратаудың тұр етегі.

Ақмешіт әулиенің басына кеп,

Адамдар тілек тілеп, дұға етеді!

Әлібек Шегебай.

Қайыршы туралы әңгіме. Бір-ақ күн
Келіншектау аңызы. Әлібек Шегебай
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу