Махаббат, ғашықтық, ғашықтар туралы өлең. Сұлу еді

Oinet.kz 02-09-2020 1204

Сұлу еді...

Көргендердің жан-жүрегі күйетін,

Сұлу еді, жел де оны сүйетін.

Кей күндері көктем болып киінсе,

Кей күндері жаз бен күзді киетін.

Жаратқанның болғанымен пендесі,

Әдемі еді әлемде жоқ теңдесі.

Қарашығы – құдіреттің нүктесі,

Кірпіктері – күйсандықтың пернесі.

Шаттанғанда дидарында нұр ойнап,

Оянатын езуінде бір оймақ.

Сырғасының сыңғырымен үндесіп,

Күлкісінде тұратұғын күй ойнап.

Соны сүйді жүрегім де, жырым да,

Сүйетіндей сұлу еді ол шынында.

Қолаң шашы қылықтанып кей сәтте

Аққу мойын айналатын бұрымға.

Тапқан кезде табысатын оңды ізді,

Адамзаттық адастырды жол бізді.

Қайта айналып келер болсам өмірге,

Мен бәрібір сүйер едім сол қызды.

Толғандырар жақын түгіл жатын да,

Аңыздар көп ғашық жандар хақында.

Мен өмірге қайта келсем, тағы да

Соны сүйіп, айналар ем ақынға.

Санасатын айла менен ақылдар,

Тарпаң мінез тағдыр дейтін тақым бар.

Сұлулыққа сұқтанады – адамзат,

Сұлулықты сүйетін тек – Ақындар!

Әлібек Шегебай.

Өмір туралы өлең. Тәулік теоремасы
Қайыршы туралы әңгіме. Бір-ақ күн
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу