Өмір туралы өлең. Тәулік теоремасы

Oinet.kz 02-09-2020 1284


Таңсәрі,

Алданатын армандар бар қанша әлі?

Тіршіліктің тозаңында жатса да,

Адамзаттың басылмай тұр аңсары.

Сәске түс,

Ойланбаппыз, оянбаппыз әсте біз.

Көктен іздеп көңіліңді қарайтпа,

Биіктікті білгің келсе пәске түс.

Шаңқай түс,

Ақ, қара ма, қызыл ма әлде, қандай түс?

Адамзаттың азғындығын тоқтатар,

Бара жатыр табиғатта қалмай күш.

Екінді,

Төмен қарай ылдилауға бекінді.

Қапияда қайғы жұтып қанша жан,

Өтіп кеткен уақытына өкінді.

Кешқұрым,

Өмір деген өлшемі емес естінің.

Сабылысқан сан соқпақтың ішінде

Сағымдай боп сырғып өтер бес күнің.

Қараңғы,

Қиялдарға жетелейді санаңды.

Бір тәуліктің ақиқатын айта алмай,

Менің жаным мың, миллион таланды!

Әлібек Шегебай.


Өмір туралы өлең. Сынақ
Махаббат, ғашықтық, ғашықтар туралы өлең. Сұлу еді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу