Өмір туралы өлең. Сынақ

Oinet.kz 02-09-2020 1398

Сапар

Бұл сапарда болғанмен жол қашық тым,

Мен өзімді іздеуге жолға шықтым.

Жұмыр еттен болғанмен,

Ділі қатты,

Жүрегіммен алысып, зорға шықтым.

Жалау еткен жанына кие түнді,

Жалғыздықты бұл жүрек сүйетінді.

Табу үшін, өзімді тану үшін,

Ең алдымен түзедім ниетімді.

Бағаламай жастықпен өмірімді,

Тайқы маңдай – тау, тасқа көп ұрынды.

Қатқан көндей ешкімге иілмейтін,

Кекірейген көндірдім көңілімді.

Сенімсіздік семдірген тақымды аштым,

Бойкүйездік дертімен бақұлдастым.

Адасқанда жанымнан табылатын,

Ақылмен де азды-көп ақылдастым.

Көптен бері мазалап әурем ішкі,

Бұл бастан да баяғы дәурен ұшты.

Пейілімнің пердесін түріп едім,

Сарайына сезімнің сәуле түсті.

Іздемеңдер әзірге мына мені,

Жаулап алды жанымды жыр әлемі.

Тапқан кезде өзімді, өзегімді,

Оралармын өлең боп бір әдемі!

Әлібек Шегебай.

Кешірім туралы өлең
Өмір туралы өлең. Тәулік теоремасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу