Қасым Аманжолов. Күнделігінен

Oinet.kz 11-12-2019 1528

Бүгін үйде көк тиын жоқ. Азық де­ген­нен 1 килодай ұн, жарты бө­телке май, екі-үш қайнатым шәй ғана бар. Күні бойы Сәбитті іздеп қалжырадым. Сталин ту­ралы жазған поэмама шарт жасаттырып, ақша бергізбек болып уағда бергеніне бес күн. Баяғы бір "күнде ертең". Поэманы жөндеуге де кірісе алмай қойдым. Сәбитті үйінен де, кеңседен де таппадым.

image.png

Сәпен науқас. Миы ауырады. Жаннат көшемен қарнын қампайтты да ұйықтап қалды. Мен қа­ра шәй ішіп отырмын. Жанымда Дариға. Ептеп қана жылайды. Қарны ашқан болуы керек. Сүт қай­да?! Шешесі жатыр.

Мен Дариғаны домбырамен ал­дандырып отырмын. Мен дыңқылдатам. Ол өзінше басады, саусақтарын тарбайтып, қозғап, домбыраның ішегін басқан болады. Мен дыңылдатпасам — жылайды. Осымен жарты сағаттай отыр­дым… Келер күн не дер екен? Көрелік оны да.

Міне, ғажап! Ойламаған жерден ағамның Алма деген баласы есік ашты. Қолында 200 сом ақша: ше­шесі Мәми беріп жіберіпті. Түнеу күні менен 2000 сом қарыз алып еді, соның есебіне бергені ғой. Бірақ дәл мына 200 сомы менің ондағы 2000 сомымнан маған құндырақ болды-ау. Уһ!

8.IV.47 жыл.

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Мұхтар Әуезов пен жары Валентина Николаевнаның танысуы
Бексұлтан Нұржекеев. Естелігінен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу