Мұхтар Әуезов пен жары Валентина Николаевнаның танысуы
ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ ЕСТЕЛІГІНЕН:
Валентина Николаевна мен Мұхтар Әуезовтың қалай қосылғаны да көңілде әлі сайрап тұр. Оның ту басы Ленинград университетінің аудиториясында атақты профессор В.В.Сиповский Лермонтов туралы лекция оқып тұрғанда басталған еді. Оның кейбір деталі мынадай еді. Профессор В.В.Сиповский "Лермонтов және орыс романтизмі" деген тақырыпта лекция оқығанда оның сөйлеген сөздері адамның жүрегін тебірентпей қоймайтын.
Кейде Пушкин мен Лермонтовты қоса айтып, олардың басынан кешірген трагедиясын, олардың ақындық жүрегінің патша жендеттерінің табанында жаншылғанын төндіре, қызықты етіп айтқанда аудиторияда отырған қыздар көзіне жас алып отыратын. Сондай қыздың біреуі ол кезде осы Валентина Николаевна еді. Бұл кісі ол кезде ақыл-ойы толысқан қыз болатын. Біз Мұхаң екеуміз алдыңғы партада қатар отыратын едік. Бір күні байқасам, Мұхаңның желке шашына бір әдемі қағаз кіріп тұр екен. Мұхаң бұны білген де жоқ. Мұхаңа айттым:
— Желкеңізде бір қағаз тұр, — дедім.
Алып оқып қарасақ: "Ваши волосы мешают – В. и Т." деген жазу бар екен. Біздің артымызда екі қыз отыратын. Оның бірі осы Валентина да, екіншісі — жұқалау келген қара көз, сымпыс торы қыз Тося. Әңгіменің басы осы-ақ екен. Мұхаңның түбегейлі үй құру туралы терең ойда, толқуда жүрген кезі. Бұл әңгіме ол кезде бала жігіт менің ойыма да келмейтін. Тек оқу мен жастық қызығының базарында ғана жүретінмін. Төрт-бес ай өткеннен кейін байқасам, Мұхаң мен Валентина арасындағы жуықтық тереңдей түскен екен.
Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды