Құралбайды есінен айырған шайтанның қызы екен

Oinet.kz 02-03-2023 3242

Бала кезімізде ауылда бір апа жасы қырыққа келіп қалған Құралбай деген баласымен бірге тұратын. Бірақ сол қырықтығы Құралбай кішкентай бала сияқты еді. Ешкімге зияны жоқ. 9-10 жастағы балалармен де ойнап жүре беретін. Кім жұмсаса соның жұмысын істейтін.

Screenshot_6.jpg

Үлкендердің айтуынша, Құралбай шайтанның қызына ессіз ғашық болып, соған үйленген. Кейіннен оның шайтанның қызы екенін білген соң туыстары арашалап алған. Сосын шайтанның қызы Құралбайды ақылынан айырған екен.

Оқиға былай болған көрінеді...

Құралбайдың әкесі Құмарбай өте көрікті, ат құлағында ойнаған шабандоз кісі болған екен. Құралбай 15 жаста болғанда, Құмарбай көкпарда аттан құлап мерт болған. Үлкендер жағы «оның өліміне де шайтан себепші болған» деседі. Өйткені, шайтанның қызы талай рет Құмарбайдың атының жал, құйрығын өрмек болған екен. Бірақ Құмарбай шайтанның азғыруына көнбеген. Ақыры, амалы таусылған шайтанның қызы «егер маған үйленбесең ат жалын құшып өлесің, мен балаңа тием» деп серт еткен көрінеді. Сол кезде, ел арасында «Құмарбай қайтыс болған соң, бейітінің басында шайтандар той-тойлапты» деген қауесет те тараған екен. Кейіннен басына барып құран оқып қайтқан туыстары бейіт үстіндегі топырақтың тапталғанын айтқан деседі.

Құмарбайдың қырқы өтісімен Құралбай әкесінің бейітіне жиі барғыштауды әдетке айналдырады. Алғашында оның бұл әрекетіне аса мән бермегенмен, кейіннен түн ортасында бейіт басына баратынын білгенде анасы мен туыстары алаңдай бастайды. Алдымен өздері сөйлесіп, оның дұрыс емес екенін түсіндірмек болады. Бірақ Құралбай туған-туыстарының айтқанына көнбейді. Болмаған соң туыстары Құралбайды молдаға оқытады. Молда оқыған соң Құралбай түн уақытында бейіт басына баруын қояды. Арадан екі жылдай уақыт өткенде Құралбайдың түн мезгілінде бейітке баруы қайта басталады. Бұл жолы туыстарының молдаға оқытпақ болған әрекетінен де ештеңе шықпайды. Құралбай молданы маңайлатпай қояды.

Туыстары ақылдаса отырып, Құралбайды аңдуға кіріседі. Құралбайдың түн мезгілінде бейіт басында не істейтінін өз көздерімен көрмек болады. Тағы бір түні Құралбай үйден шығып кеткенде анасы көрші үйде тұратын туысқан ағасына хабар береді. Туыстары екі кісі болып, байқатпай соңынан ереді. Құралбай бейіт басына барып, әлдекіммен сөйлесе бастайды. Алғашында «құран оқып отырған болар» деп ойлайды. Жақынырақ барғанда құран оқып отырмағанын біледі. Сәлден соң бейіт басында бір қыз пайда болады. Туыстары «Құралбай қызбен кездесіп жүрген екен ғой» деп ойлайды. Бірақ бұл ауылдың қызы емес. Және неге бейіт басында кездесетіндеріне түсінбейді.

Ертесінде, ағалары Құралбайдан «неге бейіт басында кездесіп жүрсің, басқа жерде кездесуге болмай ма? Ол қай ауылдың қызы? Кімнің қызы?» деп сұрақтың астына алады. Құралбай ол қай ауылдың қызы, кімнің қызы екенін білмейтінін айтады. Ол қыздың құпиясы көрінеді. Кездесу орнын да қыз белгілейді екен. Бұл жағдайға түсінік таба алмаған туыстары бұл жұмбақтың шешімін таба алмай дал болады. Десе де, ол қыздың жай қыз емес екенін сезген туыстары Құралбайға ол қызбен кездеспеуге кеңес береді. Бірақ Құралбай туыстарының айтқанына құлақ аспайды.

Арадан біраз уақыт өткенде, Құралбай үйленетінін айтады. Екі ағасын ертіп, қызды айттыруға барады. Бірақ қыздың айтуы бойынша, кешке баруы тиіс. Кеш қараңғылық түскенде, жолаушылар жолға аттанады. Құралбай жол бастап, екі ағасы соңына еріп отырып, атпен бір сағаттай жүріп, екі ауылдың ортасында тұрған қыстаққа келеді. Бірақ келген қонақтарды баяғы бейіт басында көрген қыздан басқа ешкім шығып, қарсы алмайды. Қыз қонақтардың аттан түсуін сұрайды. Ағалары аттан түскенше, Құралбайды қолынан жетектеп үйге кіргізіп кетеді. Екі ағасы соңынан ереді. Үйге кіріп келгенде олар естерінен тана жаздайды. Кілең аппақ киінген қыздар Құралбайды ортаға алып айналып жүргенін көреді. Көпті көрген үлкен ағасы бұл шайтанның ісі екенін бірден ұғады да «бұл жерден кетейік» дейді. Бірақ Құралбай ағаларына ермей сол жерде қалып қояды.

Ауылға келген соң туыстар ақылдасып Құралбайды шайтанның шырмауынан қалай алып шығуды ойластырады. Ақылдаса келе, ертеңіне таң атысымен кешегі қыстаққа барып Құралбайды алып қайтуды ұйғарады. Түнде қайта баруға ешкімнің дәті бармайды. Келісім бойынша ертеңінде бес кісі Құралбайды алып қайтуға аттанады. Қыстаққа келеді. Бірақ қыстақ басындағы үйде тірішілік нысаны байқалмайды. Ағалары үйге кіруге жүрексініп, Құралбайды сырттан дауыстап шақырады. Алайда, бірнеше рет шақырғанмен жауап болмайды. Сонан соң ағалары үйге кіруге бел байлайды. Бар білетін құран аяттарын оқып, қайта-қайта кәлима қайтарып, үйге кіреді. Кірсе, бөлменің ортасында Құралбай ес-түссіз жатады. Басқа тірі жан жоқ. Ағалары Құралбайды далаға алып шығып, есін жиғызады. Бірақ есін жиғанмен Құралбай не жағдай болғанын айта алмайды. Ағалары Құралбайды ауылға алып келеді.

Арадан екі күн өткенде түнде Құралбай жоғалып кетеді. Туыстары бұл сол баяғы шайтан қыздың әрекеті екенін бірден біледі. Таң атысымен туыстары үш-төрт кісі болып қыстақтағы үйге қайта барады. Үйде Құралбай жалғыз өзі отырады. Дін аман. Бірақ бұл жолы ағаларының ауылға алып қайтамыз дегеніне Құралбай көнбей қояды. «Оның талабы – мен онымен үш ай бірге тұруым керек. Егер мен қазір сіздермен кетсем, онда ол мені және менің үрім-бұтағымды тыныш қоймайды» дейді. Қанша айтқанмен Құралбай көнбейді. Амалы таусылған туыстары ауылға қайтады.

Ауылға келген соң, жолаушылар жиналған туған-туысқа болған жайды баяндап береді. Құралбайды шайтанның шырмауынан қалай құтқаруды ешкім айта алмайды. Бірақ Құралбайдың анасы «атадан қалған жалғыз тұяқты шайтанның қолына тапсырып қалай қарап отырмақсыңдыр. Егер сендер барып әкелмесеңдер, онда өзім барам» дейді. Ер азаматтыр Құралбайдың анасын сабырға шақырып, Құралбайды өздері барып әкелетінін айтады. Сөйтіп, ертеңінде қайта жолға аттанады. Әдеттегідей, бұл жолы да Құралбай үйде жалғыз екен. Құралбайды ақылға шақырып, сөзбен иландырмақ болған туыстарының әрекетінен нәтиже шықпайды. Амалы таусылған ағалары Құралбайды байлап, ауылға алып қайтады.

Үйге әкелген соң Құралбайды байлап ұстап, туысқан ағалары кезек-кезекпен күзетіп отырады. Молда бірнеш күн оқиды. Бір күні таңертең оянса Құралбайдың аяқ қолы шешулі жатады. Оның аяқ қолын кім шешкенін білмей, туыстары таң қалысады. Сонан соң Құралбайдың өзінен сұрайды. Құралбайдың айтуынша, шайтанның қызы түнде келген. Қол-аяғын шешіп, «саған рұқсатымды бердім, бірақ ақыл-есіңді алып кетем» депті. Туыстары Құралбайдың бұл айтқандарына сенбейді. Бірақ сол күннен бастап, Құралбай расымен де ақыл-есінен айырыла бастаған екен.

Alashainasy.kz

Пәтеріміздегі сасық иіс, мәйіттің исі болып шықты
Әкім жас мамандардың жатын орнына бөлінген ақшаға ұлын үйлендіргіп жапа шекті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу