ҰБТ-ға өзгеріс енгізіледі
«Елімізде ұлттық мәртебеге ие болған жоғары оқу орындарының алды 14 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазір олардың саны - 9. Мен Білім және ғылым министрлігінен «осы 14 жылда оқу орындарының атқарған жұмысы қандай?» деп талдау сұрадым. Бірақ, осы уақыт ішінде ешнәрсе өзгермеген болып шықты. Тіпті кейбір ұлттық жоғары оқу орындары өз көрсеткіштері бойынша елдегі өзге оқу орындарынан аса алмай жатыр».
Вице-премьер Бердібек Сапарбаев білім беру жүйесі қызметкерлерінің республикалық тамыз конференциясында осылай деді. Оның айтуынша, өткен 14 жылда ұлттық деген мәртебесі бар жоғары оқу орындарын қаржыландыру 14 есеге өскен. Бірақ өзге қаржы көздерінен тартылған қаражат 3 есеге ғана артыпты. Мұндай оқу орындарына жүктелген міндеттің бірі осы бюджеттен тыс қаржы тарту болып табылады. Әрине, жоғары оқу орны қаржы табумен, кіріс кіргізумен айналысатын бизнестік құрылым емес. Олар басты міндеті сапалы маман даярлау мен оқытудың жаңа технологияларын меңгеру екенін ұмытпауымыз керек. Алайда вице-премьердің айтуынша, бұл жағы да мәз емес. Білім жағына келгенде ұлттық жоғары оқу орындарының өзгелерден ешқандай айырмасы байқалмайды. Министрліктің осындай оқу орындарын дамытудың нақты жоспары да жоқ, жұмыс көрсеткішін бағалап отыратын жүйесі де жоқ. Б.Сапарбаев әсіресе, оқу орындарының ректорларына қаттырақ тиісті.
--Аслан Бәкенұлы, осы ұлттық жоғары оқу орындарының қызметі бағаланбаған, ректорлар еш жерде есеп бермейді. Ұлттық оқу орындары болғандықтан, олар қоғам алдында есеп беріп отыруы керек,--деді. Ректорлар қоғам алдында есеп беріп отыруы тиіс дегенді естіп отырғанымыз осы. Мұның заңдық негізі бар ма?
Сапарбаев сонымен бірге Ұлттық бірыңғай тест тапсырудың биыл жоғары деңгейде өткенін, дегенмен ата-аналар тарапынан өкпе-реніштің әлі де көп екенін алға тартып, Білім және ғылым министрілігіне ҰБТ-ға қатысты арыз-шағымдарды зерделеп, ұсыныс беруді тапсырды. Барлық облыстарда жұмысшы тобын құрылып, олар ата-аналармен, үкіметтік емес ұйымдармен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдауы тиіс. Осы кездесулердің қорытындысымен жұмысшы тобы жыл соңына дейін ҰБТ-ға қандай өзгеріс енгізу қажеттігін анықтайды. Ал келер жылдың қаңтар-ақпан айларында тестілеудің жаңа тәртібі ақпарат құралдарында жариялануы тиіс.
Осы тамыз конференциясында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мектептерде кейбір пәндерді тек қазақ тілінде өткізу қажеттігіне тоқталды.
-- Жоғары сыныптарда және жоғары оқу орындарында ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшу міндеті қойылып отыр. Бұл ретте мемлекеттік тілді жоғары деңгейде меңгеру міндетінің басымдығын ұмытпауымыз қажет. "Қазақ әдебиеті" пәніне қоса, "Қазақстан тарихы", "География" пәндерін бүкіл мектептерде қазақ тілінде оқыту ұсынылып отыр, -- дедi А.Сәрінжіпов.
Білім және ғылым министрі шілдеде келер жылдан бастап 1 сыныпқа баратын оқушылардың бес күндік оқу жүйесімен білім алатынын мәлімдеген болатын.
Мұрағаттан, 2015 ж