Бауыржан Момышұлының нақыл сөздері
1. Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу – сатқындықтың белгісі.
2. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін!
3. Отан үшін отқа түс – күймейсің.
4. Опасызда Отан жоқ.
5. Елсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды.
6. Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық!
7. Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі.
8. Адамды бұзатын не? Тағы да сол – атақ, ақша, арақ. Осы үшеуі. Төртіншісі әйел демеймін. Алғашқы үшеуінің буына бөртіп, әйелдерді біз – еркектер бұзамыз.
9. Ана үшін аянба – ант ұрады.
Бала үшін аянба – бетің күйеді.
Ел үшін аянба – ерлігіңе сын,
Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын.
10. Қайратты әдісіңе жолдас ет,
Әдісіңе ақылыңды жолдас ет.
11. Қырағының өзі де, көзі де батыр.
12. Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет.
13. Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет ет.
14. Сабырлық алдында дұшпан сасады,
Сабырсыздан береке қашады.
15. Сын – ерді шыңдайды,
Қорқақты қинайды.
16. Ежелден ел тілегі – ер тілегі,
Адал ұл ер боп туса – ел тірегі.
17. Қорқақ қаққа шөгіп өледі.
18. Көп тұрған су сасиды,
Ойламаған ми сасиды.
19. Тексізден тезек артық,
Арсыздан айуан артық.
20. Арпалысып жүріп алған абырой – өмірдің ең шырын рақаты.
21. Өмір үшін өлгенше күрес.
22. Батылдық – есеппен қимылдауды тәуекелмен ұштастыру. Тәуекел есеппен ақталады.
23. Бақаның бағынан сұңқардың соры артық.
24. Жанымда жатыр деп ойлап,
Қатынның тілін алмағын.
Бауырым екен деп ойлап
Жақынның тілін алмағын.
Әділдікке құл болып
Кең толғанып, көп ойлап,
Ақылыңмен билік ет,
Түсініп, сезін тармағын.
25. Батырлық – табиғат сыйы емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзіңді-өзің қауіпке қарсы саналы түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті ғана емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою арқылы өзін және отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады. Өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен, масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі.