Темірхан Медетбек, ақын: «Қаңтар шындығын Тоқаев айтады деп ойлаймын»

Oinet.kz 17-05-2023 737

Жаңаөзен халқын жақсы білемін. Кезінде өзім осы өңірде жұмыс істеп, 25 жыл тұрдым ғой. Адай болмасам да, адайдан былай емеспін. Халықтың аты – халық. Әрине, арандатушылар болады. Тіпті, әр үйде бір арандатушы бар.

Screenshot_14.jpg

Арандату деген соншалықты қиын нәрсе емес. Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда да арандатушылардың кесірінен қаншама адам жазықсыз құрбан болды, темір торға тоғытылды. Олардың әрекетін ақтай алмайсың. Сайтан саңғып кеткендер ғой. Момын халық оларға сеніп қалады.

Осыдан он екі жыл бұрын болған Жаңаөзен оқиғасына егжей-тегжейлі қанықпын. 17 адамды атып тастағаны өте масқара жағдай болды. Жеті ай бойы ереуілге шыққан халыққа оқ атқаны ұят, кешірілмейтін нәрсе. Бүгінге дейін Жаңаөзен оқиғасы дұрыс зерттелмеді. Әлі күнге оқ атуға рұқсат берген адамның кім екені айтылған жоқ. Сондықтан жұмбақ күйде қалды. Кім екенін жұрт іштей біледі. Бірақ сол кезде айтуға қорықты, әлі де қорқып отыр. Қаңтар оқиғасы – трагедия. Оны ұйымдастырған адамдар әлі табылған жоқ. Мұны біреу ұйымдастырды. Оның кім екенін ол да, сен де, мен де іштей сеземіз. Күндердің бір күнінде шындық ашылады деп бәріміз де күтіп жүрміз. Осының бәрін ұйымдастырған Мәсімов дейді. Мен оған сенбеймін. Бұл шаруа жалғыз Мәсімовтің қолынан келмейді. Оның мұндай нәрсені ұйымдастыратындай қабілеті де жоқ. Одан да мықтырақ біреу ұйымдастырды ғой.

Түптің түбінде, Жаңаөзен, Қаңтар шындығын Тоқаев айтады деп ойлаймын. Меніңше, шындықты дәл Тоқаевтай білетін ешкім жоқ. Өйткені, Назарбаевтан барлық атақ, даңқты жұлып алды. Енді Қаңтар оқиғасына қатысы бар адамдарға да қауіп төнеді. Қазір әрі тарт та, бері тарт болып тұрған заман ғой. Түбі шындық ашылады.

Темірхан Медетбек

Тоғжан Қожалы, қоғам белсендісі: «Түрік қоғамы қазір екіге жарылып тұр»
«Адам шошырлық»: Алматылық мұғалім білім саласындағы бар былықты жайып салды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу