Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. Өмірбаяны

Oinet.kz 11-12-2018 1762

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1478) – қазақтың әйгілі шипагер ғалымы, елдің әлеуметтік саяси өміріне жүйрік тарихшысы, «Шипагерлік баян» атты толымды емшілік-этнографиялық еңбектің авторы, өз тұсында Жәнібек хан, Жиренше шешен сияқты тарихи тұлғалармен бастас болып, ел қамы, халық тағдырына қатысты келелі істерге араласқан қоғам қайраткері. Өтейбойдақтың өмір дерегі, туған, өлген жылдары негізінен «Шипагерлік баян» кітабындағы мағлұматтар бойынша белгілі. 

Screenshot_21.jpg

Автор «Шипагерлік баян» кітабын Жәнібек ханның тапсыруы бойынша 70 жасында жаза бастағаны туралы, содан Жәнібек хан дүние салған 1473 жылы кітапты 85 жасында жазып бітіргені жөнінде дерек қалдырған. Сондай-ақ Өтейбойдақтың 90 жасқа жақындап дүние салғаны жөнінде де дерек бар. 

Демек, Тілеуқабылұлы Өтейбойдақты 1388 жылы дүниеге келіп, 1478 жылы қайтыс болды деп жобалауға болады. Өтейбойдақ «Шипагерлік баян» кітабында өзі туралы былай дейді: «Өтейбойдақ Тілеуқабылдың ұлымын. Ата тегім? Ұлы жүз Зарман, Зарман ішінде Албан. Мекенім? Жетісу. Ауылымда құрбы-құрдас, таныс-білістерім аз емес. Жанымда Жиренше шешен, Жәнібек ханның қарашасымын. Жылым - иіртек, сексен беске келдім. Бойым ұзын, қара торы, қоңқақ мұрын, кең иықты, қап сақалды, ұзын қасты, кем сөзді жанмын». 

Емшілік, шипагерлік қасиет Өтейбойдаққа ата-тегінен жұғысты болды. Ата-баба әулетінің жинақтаған мол тәжірибесін бойына дарыта білген Өтейбойдақ бұл салаға бар ғұмырын арнап, халық медицинасын ғылыми жүйеге келтірді. Сөйтіп, шипагерліктің өз заманындағы биік деңгейіне көтеріле білді. Бұл жолда ол әл-Фараби сияқты атақ-даңқ, дүние-мүлік, бас құрап, үйлі-баранды болу дегендей, пендеге тән қасиеттердің бәрін тәрік етіп, бүткіл өмірін шипагерліктің қыр-сырын игеруге сарп етті. «Шипагерлік баян» бүгінгі күнге Өтейбойдақтың ағайын ұрпақтары арқылы жетті. Кітап уақыттың алуан түрлі зобалаңынан өтіп, мейілінше көлемді мұраның төрттен бөлігі ғана бүгінгі ұрпақтың қолына тиді. Қалған бөлігі Қытайдағы атышулы «мәдени төңкеріс» кезінде «хуңуейбиндер» тарапынан өртелді. Нұсқаның 1968 жылы өртенгеннен кейін қалған бөлігін жетінші рет Нұртай Түсенбайұлы көшірді. 

 Бұдан кейін 1994 жылы араб әрпімен Үрімшіде, 1996 жылы Алматыда «Жалын» баспасында қазақ тілінде басылып шықты. Қытай үкіметі кітаптың құндылығын бағалап, 1997 жылы «Мемлекеттік бірінші кітап» деген сыйлықпен марапаттады. Қытайда Өтейбойдақтың мұрасын зерттеу үшін 2 мемлекеттік медицина орталығы құрылды. Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» кітабы қазақтың дәстүрлі медициналық тәжірибесі туралы мейілінше мол мағұлмат береді. Бұл ретте автордың мыңнан астам дәрі түрлерін тоғыстыру арқылы 4 мыңнан астам шипалық шаралардың қолданымын (рецепт беру) ұсынуы, оның білікті шипагер, ғұлама ғалым болғанын пайымдатады. «Шипагерлік баян» кітабында өсімдіктен алынатын 728 түрлі, жан-жануарлардан алынатын 318 түрлі, металл-металлоидтардан түзілетін 318 түрлі шипалық қасиеті бар дәрілердің аталуы, 500-ге тарта анатомиялық атаулардың келтірілуі, бұл еңбектің тарихи-этнографиялық мән-маңызының ерекше екенін білдіреді. Сонымен қатар кітапта шешек ауруына қарсы вакцина егуді ағылшын ғалымы Э.Женнерден (1796) 350 жыл бұрын жазғандығын атап айту қажет. Теңдесі жоқ «Шипагерлік баян» – ол заманда да қазақ тілінің қаншалық тұнық, бай болғанының айқын дәлелі. 

​Жәнібек хан баға берген шипагер
Табиғат туралы өлеңдер
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу