Дипломсыз блогерлер онлайн курс сата алмайды

Oinet.kz 19-02-2026

Дипломының болуы жайлы талап енді онлай-курстарды сату саласына да келіп жетті. Соңғы жылдарда кең етек алған инфобизнестің құрбандарын жүздеп-мыңдап санауға болады. Қыруар ақша төлеп, блогердің бос сөзінен басқа дәнеңе де алмағандар көп. 

Screenshot_10.png

Үкімет енді осы саланы да аздап болса да реттеуге ниет танытып отыр. Бұдан былай  елімізде дипломы жоқ блогерлер онлайн курстарын мүлдем  сата алмауы мүмкін.  Осыған қатысты заңмен шектеу енгізілмек екен.  Әзірге, бұл – ұсыныс. Заңға қатысты өзгерістердің нақты қашан енгізілетіні белгісіз.  Бұл ұсыныс қабыл алынса, бай болудың құпиясын ашып, сұлу әрі іскер әйел болуды үйрететіндердің саны күрт азаятын сыңайлы. Ал  оңай олжа табамын деген  коучтар бұл талапты елемесе,  жауапкершілікке тартылуы да бек мүмкін.  Курс сатып, ақшаға ақыл айтқыштар бұған тоқтай ма екен? Басқа-басқа, диплом сатып алу Қазақстанда аса қиын емес сияқты ғой. 

Дегенмен, билік блогерлер мәселесімен тыңғылықты айналысуға белін бекем буған сияқты. Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті 2022–2023 жылдарға жүргізілген тексеріс қорытындысы бойынша 850 блогерден шамамен 500 млн теңге өндіріп алғаны жайлы дерек тараған еді. . Қазіргі уақытта 622 блогер қосымша салықтық есептіліктерді ұсыну арқылы 18 292 миллион теңге сомасында табысын декларациялады, 875,5 миллион теңге салық есептеліпті. 

Көлікті күнделікті мінуге шектеу қойылмақ
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу