Референдумның шығыны – 20 миллиард теңге
Референдум – халықтың күн тәртібіне шығарылған маңызды мәселе бойынша деп дауыс беруі. Қазақстан тәуелсіздік алғалы 4 референдум өткізіп үлгеріпті. Назарбаев бұл тәсілге екі рет жүгініпті. Екеуі де сонау 1995 жылы орын алған. Әуелі сәуір айында Президенттің өкілеттілігін ұзартуға арналған референдум өткізілсе, тамыз айында жаңа Конституцияны қабылдау бойынша науқан дүркіреп өтті.

Келесі референдумдар Тоқаевтың тұсында өтті. 2022 жылы елде Конституциялық реформа жүргізу ісі қолға алынып, машстабты науқан өткізілген болатын. Ал соңғы референдум 2024 жылы Қазақстанда атом электр станциясын салу тақырыбына арналды.
Жалпы, референдумның нәтижесі елімізде қалай аяқталатынында ешқандай күмән болған емес. Әрдайым биліктің референдумға шығарған мәселесі халық тарапынан қызу қолдау тауып, оңтайлы шешімін тауып жатқаны мәлім. «Осы референдум дегенді өткізіп не керек, бәрібір билік көздегенін іске асырады ғой. Құр бекерге қаншама адамның шаршап, сабылғаны қалады» деп күңкілдегендер де болып еді алдыңғы науқан барысында.
Дегенмен, билік референдумды жөн көріп отыр. Бүкіл халықты дауыс беруге шақыру мен шығару – арзанға түсетін іс-шара емес. Мәселен, екі жыл бұрынғы референдумға бюджеттен 15,5 миллиард теңге жұмсалған екен.
Жуырда Қаржы министрлігі 15 наурыз күні өтетін референдумға жұмсалатын түпкілікті соманы есептеп көрді. Бұл науқанды ұйымдастыруға Үкімет резервінен 20 млрд 78 млн теңге бөлінбек екен. Қаржы министрлігінің мәліметінше, қаражат Орталық сайлау комиссиясына беріледі. Бюджеттің 75 пайызы яғни 15 млрд 69 млн теңгесі комиссиялардың еңбекақысына жұмсалады. Қалған 5 млрд теңге ақпараттық сүйемелдеу, бюллетеньдерді басып шығару және комиссиялардың жұмысын қамтамасыз ету қарастырылған.
Тіпті Сыртқы істер министрлігіне 123 млн теңге бөлініпті. Бұл 62 елдегі 80 шетелдік учаскеде жұмыс істеу үшін қызметкерлердің іссапар шығындарына бағытталады.


