Qarakesek сотқа келмеді
Ақтөбеде рэпер Qarakesek (Омар Аманбаев) сот отырысына келмегендіктен, оны мәжбүрлі түрде жеткізу туралы қаулы шықты, деп хабарлайды Оinet.kz.

Сот отырысы 18 ақпанда өтуі тиіс болған. 31 жастағы музыкантқа ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабы 3-бөлігі — сату мақсатынсыз есірткі заттарын заңсыз сақтау бойынша айып тағылған. Айыпталушы тыңдаудың уақыты мен орны туралы алдын ала хабардар болғанымен, сотқа келмеген.
Адвокаты оның кешігіп жатқанын айтқаннан кейін сот үзіліс жариялаған. Алайда прокурор айыпталушыны мәжбүрлі түрде жеткізуді сұрады.
Судья Тұрсынхан Салықов ҚР ҚПК-нің 157-бабына сәйкес Омар Аманбаевты сотқа мәжбүрлі түрде жеткізу туралы қаулы шығарды. Судьяның айтуынша, айыпталушы дәлелді себепсіз келмеген әрі оны растайтын құжат ұсынбаған.
Айта кетейік, рэпер 2025 жылғы қыркүйекте Ақтөбеде ұсталған болатын. Полиция мәліметінше, ол көлікті есірткі қабылдаған күйінде басқарған. Автокөліктен ұнтақ тәрізді заты бар «zip»-пакет табылып, сараптама оның синтетикалық есірткі екенін көрсеткен.
Мас күйінде көлік жүргізгені үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 15 тәулікке қамауға алынған және жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылған. Келесі сот отырысы 19 ақпанға белгіленді.


