Желіде екі басты жыланның видеосы тарады
16-07-2022
СУ БЕТІНДЕ ШӘЙ ҚАЙНАП
Жөтеліп аспан айқайлап,
Бауыры бұлттың сөгілді.
Су бетінде шәй қайнап,
Себелеп маржан төгілді.
Әжім бетін жібітіп,
Қонды тамшы қақтарға.
Нұрға малып шолпысын,
Сырға тақты бақтарға.
Көк аспанның көпірі,
Кемпірқосақ көрінді.
Гүл қиялға беріліп,
Тарқатамын шерімді.
АСПАН КҮРКІРІ
Аспан жақтан дыбыс шығып гүрілдеп,
Көктің төсі кетті тегіс дүрілдеп.
Мына дүние құлайды ма, қайтеді,
Топ қайыңдар қорқып кетті-ау, дірілдеп.
Дірілдеді жарқабақтан тас құлап,
Жоталарды жауын жатыр осқылап.
Дауылдарға жалынғандай жапырақ,
Жанарынан төгіледі жас құлап.
Аспан айқас от ұшқындап жай атты,
Жер-дүниені ұйқысынан оятты.
Шоқындырды орыстардың мұжығын,
Біздің шал да күбірлейді аятты.
АЙ ТУДЫ
Ай туыпты тағы да шалқасынан,
Теңге жұлдыз шашылып қалтасынан.
Мың бір түннің тыңдайды ертегісін,
Түн-көрпе сырғып жонның арқасынан.
Ай нұры жұлдыздарға ұласады,
Самал жел тербеткенде қыр асады.
Қолтығында бұл-жастық көкке батып,
Имек ай қасын керіп жарасады.
Күймесін аппақ айдың тербеткендей,
Мен дағы ойға шомып тұрмын кетпей.
Сәлемін жерге салып Ай барады,
Сызылып жаңа түскен келіншектей.
АУЫЛ ТҮНІ
Түн басты қою қара шашын жайып,
Бейне бір жолыққандай ерлі-зайып.
Қызығып көк-тәңірдің жұлдызына,
Қарайды ауыл шамы сығырайып.
Бейнесі аппақ айдың дарланып,
Түн жарым белестен барады ауып.
Шық түсті, шымды- көрпе сызды сайға,
Еріген сонау көктен жұлдыз жауып.
Сұр төбет әупілдейді ауық-ауық,
Жылқыға ол бар кезде төнбес қауіп.
Ұшады арлы-берлі қараңғыда,
Жалаңаш жарқанаттар серік тауып.
ТЕМЕКІСІН БУДАҚТАТЫП МҰРЖАЛАР
Үсік шалған қыстың бозғыл демінен,
Қырау тұрып тал басынан көрінген.
Қысыр бұлттар күннің көзін байлайды,
Реңін алып көктің сұлу өңінен.
Көлдің өзі көйлек киіп көк мұздан,
Көрінбейді көркем толқын жылжыған.
Жалы аппақ ақ теңіздей далада,
Аң мен құстар із салады жолсыздан.
Төрден кетпей кәрі шалдай жайланып,
Боз тұманның сүлдесі жүр айналып.
Темекісін будақтатып мұржалар,
Қалың ойда отыр үйлер ойланып.
Қарлы боран кейде қасқыр ұлыған,
Алып дала көзін жұмып ұйыған.
Ақ бас шыңның иығына асылып,
Көрінеді қыраулы күн ұлы таң.
Алмалар гүлдегенде
Бағында тұрмын алманың,
Жап-жасыл әлем жан-жағым.
Гүлдердің көзі жәудіреп,
Гүлдейді бірге арманым.
Шағала гүлдер шаттанып,
Кеудемде менің от жанып.
Гүлдермен бірге ғажайып,
Барады арман аттанып.
Көбелек ала таласып,
Гүлдерге қонса жарасып.
Арбайды жанды қараса,
Гүл көзде тұрған қарашық.
Ақжарқын көңіл күй тасып,
Гүлдермен кірпік айқасып.
Алманың гүлі арулар,
Шумағы жырдың ұйқасып.
Жұмаққа мына байланып,
Шайыр боп тұрмын ойланып.
Батасын берді аспанда,
Ақ бұлттар маған қол жайып.
Бұрымы талдың бұралып
Бұрымы талдың бұралып,
Шымқала жасыл жасанған.
Бесігі отты жырлардың,
Ғашықпын саған қашаннан.
Шуағы күннің шырайлы,
Қарайды аспан мөлдіреп.
Ордабасы тауымда,
Еркіндік туым желбіреп.
Толғанып ақын тауларым,
Бұлағым төккен жыр шабыт.
Қанаты самал еседі,
Көбелек қанат ақша бұлт.
Күбірлеп орман көктемде
Күбірлеп орман көктемде,
Көк аспан маржан төгеді.
Көктемгі бұлттар көңілді,
Даламды, тауды өбеді.
Жаңғырық оттар жарылып,
Оянды бүршік қыз қайың.
Жұлдызды аспан алыста,
Сендермен бірге маздаймын.
Суретші көктем сүйсініп,
Салады ою өрнегін.
Аспанның жүзін алтындап,
Көгіме күнім өрлегін.
Өгемдегі түн
Ойнатып әсем мың сағым,
Аспан да жерге тұр жақын.
Ақ бұлттар үнсіз толғатқан,
Жұлдызға толы құрсағын.
Тұлғасын көріп таулардың,
Хош иісін сезіп баулардың.
Мақпалды түнге малынған,
Сәулесін айдың ауладым.
Өгемнің маңы тас оба,
Бекежан жатқан қосаба.
Жоталы қырлар боз інген,
Ұқсайды жүрген ботаға.
Ойларын ойда тұсақтап,
Тізесін қырлар құшақтап.
Таулардың алып иығын,
Таласқан жұлдыз қонақтап.
Құс жолы қиял ұзақтап,
Пірлері түннің сыр сақтап.
Жырақта тұрған ағаштан,
Жапырақ айтты жыр жаттап.
Шымқала күзі
Сұр аспанның көкірегі күркілдеп,
Көкжиектің көз алды тұр іркілдеп.
Қара бұлтты өңешіне толтырып,
Зеңбіректер от шашады зіркілдеп.
Бұлты жауып уайым бөздің түндігін,
Көрінбейді күлімдеген күн бүгін.
Құрсағында бала күзді толғатып,
Найзағайға қидырады кіндігін.
Сая болған саябақта адамға,
Жапырақтар жаншылады табанға.
Желбіретіп күздің сары жалауын,
Жалғыз өзім шыққым келді алаңға.
Кеше көктем бүгін күз боп Шымқала,
Суық желдің құшағында тұр дала.
Балмұздағы балдай еріп ернінде,
Бара жатыр бейтаныс бір қыз бала.
Қарап тұрмын сол бір қызға қызғана,
Ызғар сүйіп ойланады күз-сана.
Жазын іздеп қыздан көктем көретін,
Күзді мұң деп қабылдайтын біз ғана.
БОЗ ТҰМАН
Жер бауырлап жатыр сызда боз тұман,
Боз тұманға тұтылғандай бозды маң.
Мұң шағады қара қарға қарқылдап,
Айырылғандай жалғыз қалып бозынан.
Мұнарында келем мұңға көз ілген,
Суық тамшы көңілсіз бір үзілген.
Боз тұманның қалжыраған қолдары,
Аймалайды маңдайымнан, жүзімнен.
Құпиясын жасырғандай төңірек,
Топ қурайлар күбірлейді көбірек.
Басқан жолым қыл көпірдің өзіндей,
Өтсем екен өткеліңнен тезірек.
Көгенделіп көгенінде боз тұман,
Бозарады боздығынан, ұртынан.
Жалпақ дала сүрте алмай көз жасын,
Қоштасады шығарып сап сыртымнан.
Ерекше нұрланып тұр ай бүгін
Ерекше нұрланып тұр ай бүгін,
Жер бетінен жоғалғандай қайғы мұң.
Жанарынан жұлдыздардың шық түсіп,
Таулар жатыр ойға батып бүк түсіп.
Шаңды жолдар бұрымдардай тарқалып,
Түн перісі көлбеңдейді шайқалып.
Көлдің желі қырдың сипап анарын,
Тіршіліктің ойнатады жанарын.
Түнгі жартас жалқау қарап ойланып,
Тілі қалған күрмелгендей байланып.
Жадыратып жаздың сая жас бағын,
Бастап кетті шегертке «ән» сабағын.
Жапырақтар жайып алып дәптерін,
Жазып жатыр тылсым шақтың сәттерін.
Жазды тағы бұл дүниенің әттеңін,
Жалған сені сүйді келіп – тәтті ерін.
Арызымды айтып кетсем арманға,
Түсінетін мына мені жан бар ма.
Осынау бір түннің жұмбақ шағында,
Әлсін-әлсін сен күрсіндің тағы да.
БАЗАР ҒҰМЫР
Ақ мамығын жамылып аппақ қардың,
Кірпіктері маужырап гүл бақтардың.
Суығын аяз күннің аластатып,
Өңеші ысқа толды ошақтардың.
Бұлақтан күлкі кетті сыңғырлаған,
Көл беті мұзды сауыт жалтыраған.
Шытынап шыны аяз табанымды,
Өмір-қыс тісін қағып қалтыраған.
Күн келте кетер емес түн ұзарып,
Ән салған көңілденген құс азайып.
Барады базар ғұмыр қарды кешіп,
Арбасы сүйрелетіп мұзға тайып.
Таңғы сәт
Бозторғай хабар етіп ала-таңнан,
Жұлдыздар ғайып болды дара туған.
Қанаты діріл қағып шырылдайды,
Дүние балапандай жаратылған.
Таңғы сәт аурасына аңсар ауған,
Уылжып ақ сезімдей жаусаң маған.
Көктемнің көрпесінен көрінеді,
Жанары мөлдір шықтың жаутаңдаған.
Уыз таң оянғанда ұясынан,
Боз сәуле сүйер шыңның қиясынан.
Дала тау мың бір бояу құшағында,
Күнекей қыздың алтын сиясынан.
Оятып терек, тал жапырағын,
Аспанда ақ селеу боп жатыр ағын.
Тәңір көк көтеріп келе жатыр,
Жер ана төбесіне шаңырағын.
Түн көктем
Түн көктемді түсінгендей күйдемін,
Мен өзіңді талай мәрте сүйгенмін.
Сол көктемім қасыма кеп тұр білем,
Хош исі аңқып тұр ғой жиденің.
Тал жапырақ жас баладай кекілді,
Бауырыңа сенің келіп бекінді.
Жұлдыздарым төбедегі жарқырап,
Әрбір үйдің жанған шамы секілді.
Көңіл бүгін өзгеше бір гүл жайды,
Құс жолымен алыстарға ұзайды.
Кәрі емен кездесудің куәсі,
Кеудем бірге сол еменмен сыздайды.
Саздан ескен самал – салқын керілді,
Су бетінен ай да қалқып көрінді.
Желдің айтқан сол баяғы өсегін,
Жапырақтар тыңдап алып өкінді.
Жаңбырдан соң
Жаңбырдан соң жанға жайлы жан-жағың,
Сырға тағар тамшылардан жас бағың.
Дүние біткен сырлы ойды құшады,
Сығып алып су-су болған қалпағын.
Мөлдір тамшы ақ сезімнен аумаған,
Көңілдері көктем шуақ аулаған.
Жапырақтар сыр айтады жарысып,
Ыстық жүрек естісін деп тулаған.
Бала бұлттар аунап қырдың төсінде,
Бара жатыр қиялдардың көшінде.
Бұлтпен көшіп қырға шығам қыз емшек,
Тамсандырған наз күндердің кешінде.
Күннің нұры тамшылармен ойнаған,
Тылсым дүние, сыбырлайды жай маған.
Жасыл шалғын қонған шықтан майысып,
Жұпар соқты гүлдер жақтан жайнаған.
Кемпірқосақ әжелердің белбеуі,
Жасындарда көктемдердің үндеуі.
Маздап жатқан осынау бір шақтарға,
Көңілімнің неткен ғажап шөлдеуі.
Жусаныңа айналам
Көктем келсе бүршіктермен бүр атам,
Көктің бұлтын көкейімде жылатам.
Қырқасында қыраттардың құлпырған,
Қырдың қызыл қызғалдағын ұнатам.
Жаңбыр жауса тамшыларға айналам,
Шөлін бассын таңдайына сай-салам.
Қырандарға ұя болған қиясы,
Томағасы тозған тау боп ойланам.
Қайтса қаздар қаңқылына үн қосам,
Жанарыма жас келеді тыңдасам.
Шерім менің шертіледі күй болып,
Туған жерді аймаласам, жырласам.
Қиялыма сыимай тұрған кең далам,
Құрайың да, құмайың да мен болам.
Сары белде сарғалдақ боп сарғайып,
Жұпарына боз жусанның айналам.
Мақпал түнді ай сүйіп маңдайыңнан
Мақпал түнді ай сүйіп маңдайыңнан,
Самал сипап ойнайды самайынан.
Мен отырмын сырласып түн бикешпен,
Өлең тыңдап бұлақтың таңдайынан.
Жер малтыған сағымның мұнарында,
Пері түннің сиқырлы тұзағында.
Ай сәулесін жамылып қырмен жазық,
Тыныштықтың мүлгиді құшағында.
Муза кешкен көңілдің жырын сауып,
Бір топ үркер барады қырдан ауып.
Құшақтасқан топ қайың арасында,
Масаң жүрек маздайды маза тауып.
Уыз тұнып түн елес кеудесінде,
Маржан шықтар шашылып көрпесінде.
Поэзия қаққылап қанаттарын,
Аққу құспен жүзеді көлбетінде.
Күміс табақ ай күліп дәл төбемде,
Нұрдан сусын ұсынған шөлдегенге.
Көлеңкелер қуанып көлбеңдесе,
Күллі әлем ұқсайды тербелгенге.
Биік таулар бұлт-шекпенге бүркеніп
Биік таулар бұлт-шекпенге бүркеніп,
Жасын ойнап, көктен көктен тұр төніп.
Ұшқын атқан сол бір аспан отынан,
Қызыл гүлдер шығар ертең өртеніп.
Ақша бұлттар балағына оралып,
Әжім бетін шайып жатыр тау алып.
Сылқым бұлақ сылдыр қағып оянды,
Бойжеткеннің бұрымындай таралып.
Ертек дейсің таудың ерке көктемін,
Қызықтаймын қыраны мен кептерін.
Намаз оқып отырғандай мұнар шың,
Жайнамазға айналдырып көк төрін.
Сәуірде
Көк аспан, көк мұнар шуақтанып,
Жұмыр жер шертеді күй ақтарып.
Ақша бұлт көшеді қалқып жаймен,
Қанатты періштелер сияқтанып.
Сеземін теңіздей ойды кешіп,
Бұйра тоғай қасында қайың өсіп.
Еліттім жұпарына жиде гүлдің,
Сері самал сергітіп бояу есіп.
Оянып қауызынан жырым мына,
Үн қосты торғай бұлбұл шырылына.
Тұрғандай тылсым шақтың бойы балқып,
Тұншығып сұлу қыздың бұрымына.
Ақкөңіл сәуірдегі шатты күннен,
Аламын мұндай шипа айтшы кімнен.
Сарайы жанымның тазарады,
Нәр алып табиғаттың пәктігінен.
Алатауға
Алатаудың басында сеңсең бөрік,
Тұлғасы -- дию батыр, көрсең келіп.
Иығында ақ шапан жамылғаны,
Тізесінде бұлтты алған кемсеңдетіп.
Белбеуіне күмісті өрнек етіп,
Шыршалары шыңдардан өрлеп өтіп,
Сүйсініп даласына қарап отыр,
Жолбарыстың терісін көрпе етіп.
Етегінде қалғыған қалың орман,
Аспанында айналған қыран-арман.
Қарашығың талады қарай-қарай,
Шыңдарында құландар құлап алған.
Алатаудың басында сеңсең бөрік,
Бір күні қонып кет көнсең, келіп.
Күй кешерсің пейіште жүргендейін,
Күн сүйген гүлдегенде өңшең өрік.
Жасырса кейде жүзін перде тұман,
Қария ғой дерсің оны ерте тұрған.
Алатау сені түгел құшсам деген,
Балауса арманым бар шөлде туған.
Көктөбеде
Алматыға келмеп едім көптен-көп,
Көктөбеге көтерілдім көктем боп.
Тіршілігің қалды табан астында,
Алтын тақтар, жүрген бізге өктем боп.
Меніменен кетті биік өр өндеп,
Көз жүгіртсек биігіңе тереңдеп.
Балайтындай мені бейне өрен деп,
Алатаудың ала бұлты қарайды,
«Көлеңкемді жерге түскен көрем» деп.
Алматыға келмеп едім көптен-көп,
Ғасыр жылдар із қалдырған өткел боп.
Көк аспанның тамағынан сүйемін,
Көктөбемен көкке төбем жеткен боп.
Көлеңкесі көк аспанның көкпеңбек,
Тағдыр құрық саған айтар өкпем көп.
Соның бәрін бұлт бетіне жазамын,
Ақ жаңбырмен арманымды төккен боп.
Көктөбемен ойым кетті дөңгелеп,
Құшағымда құс армандар менде көп.
Дертті қала, өртті қала, таныс көз,
Жақындаймын жерге қайта пенде боп.
Көкжиектен қарап тұрған күн көрем,
Үңілейін сырларыңа тым терең.
Ішімдегі жалындарды бұлт етіп,
Мен айналып Көктөбеге бір келем.
Шабыт, өмір...
Жаралғанда жалын жырлар жақұттан,
Шерім менің шөлін басқан шабыттан.
Жалғыз шұмақ өлеңменен өмірдің,
Төсіндегі түймелерін ағытқам.
Дүлділ емес жыр ғой менің пырағым,
Аттақырға ұқсап кетті тұрағым.
Күнмен күліп, аймен мүлгіп жүрегім,
Ақша бұлтпен келер менің жылағым.
Алдым құз боп асау арна тұр ағын,
Жан дауасы қайда екен деп сұрадым.
Желдің әнін жырға теңеп тыңдаған,
Түріп алып тал жапырақ- құлағын.
Қарлығаштай қанаты бар жыр әнім,
Жарық-жалған, мәңгі емес құрағың.
Шуақтарға айналғанда шумақтар,
Оятады таудың мөлдір бұлағын.
Шабыт, шабыт, сәйгүліктей тосылма,
Ол жоқ жерде сен де жырға қосылма.
Бір шумағым бір-ақ жұтым ауадай,
Өмір сүру, өмір сүру осы ма?
Түнгі сурет
Гүлдердің исі аңқыған жұпар хош түнде,
Сәттерді осы сезбеген шығар ешкімде.
Жұлдыздар қалғып барады көшіп аспанда,
Қанатын жайған қазбауыр бұлттың үстінде.
Ұйқының құсы маужырап қарап кірпіктен,
Дамылдап жатыр аламан тірлік дүрліккен.
Құстардың жолын ақ шаңдақ күміс көмкеріп,
Кім болды екен жұлдызды Үркер үркіткен.
Жалғыздық-жесір жаныма келіп жайғасқан,
Іркіліп демі естимін дыбыс жайбасқан.
Қараңғы қармап қармаққа түскен қарлығып,
Байғұздың үні шығады жақын қой тастан.
Мұнартып қырлар қойнында түннің жайланып,
Ұнатып айды төбелер жатыр ойланып.
Бұлақтар әні естіліп бастау басынан,
Аспанды кезіп жүргендей жырлар айналып.
Құрал Көмек