WBO Жәнібек Әлімханұлын бір жылға жарыстардан шеттетті

Oinet.kz 21-02-2026

World Boxing Organization қазақстандық орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына допингке байланысты бір жылға жарыстардан шеттету жазасын тағайындады, деп хабарлайды Оinet.kz порталы Sports.kz-ке сілтеме жасап.

image.png

Ұйым мәліметінше, спортшының сынамасынан тыйым салынған мельдоний заты анықталған. Соған қарамастан, чемпиондық атақтар Әлімханұлының өзінде қалдырылды.

Шеттету мерзімі ішінде боксшыға кез келген кәсіби немесе көрме жекпе-жектеріне қатысуға тыйым салынады. Орта салмақтағы бәсекелестікті сақтау мақсатында WBO уақытша чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек өткізуге рұқсат берді. Рейтингтің бірінші сатысындағы Дензел Бентли екінші орында тұрған Энди Сааведрамен қолғап түйістіреді.

Ұйым сондай-ақ шеттету мерзімі аяқталғаннан кейін Әлімханұлы уақытша чемпионмен міндетті түрде жекпе-жек өткізуге тиіс екенін растады. Бұл талап орындалмаған жағдайда регламентке сәйкес қосымша санкциялар қолданылуы мүмкін. Аталған шешімге дейін аралық кездесу өткізуге жол берілмейді.

WBO президенті Густаво Оливьеринің айтуынша, Чемпиондық жекпе-жектер жөніндегі комитет шешімді бірауыздан қабылдаған. Жаза мерзімі 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап есептеледі.

Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсан айының басында WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш белбеу үшін жоспарланған жекпе-жек алдында қазақстандық спортшының допинг сынамасынан мельдоний табылғаны белгілі болған еді.

Айта кетейік, шеттетуге қарамастан, Жәнібек Әлімханұлы WBO рейтингінде көш бастап тұр.

Шайдоровқа көрсетпегеніміз жоқ
«FlyArystan» «Тұран» футбол клубын сатып алмайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу