Әдеби кейіпкер – психологиялық синдром

Oinet.kz 16-04-2025 99

Оқыған шығармасынан, көрген фильмінен, тыңдаған ән, тамашалаған қойылымынан өзін, мінез-құлықтарындағы ұқсастығын немесе өзі бір кездері кешкен сезімдерін іздеу жалпы адамзатқа тән дүние болса керек-ті. 

Screenshot_11.jpg

Әсіресе белгілі бір кейіпкерді өзіне немесе айналасындағы әлдекімге ұқсатып, тіпті, сол кейіпкердің есімін бір-бірімізге лақап етіп таңып беретініміз бар ғой. Мәселен, әйел көрсе екіленіп кететін, романтикалық қатынастарға өте тұрақсыз жігіттерді – «Дон Жуан» деп, айналасына ыңғайлы болуға тырысып, сыртқы орта қалыптастырып берген қатаң ережелерге «ләппай» қыздарды – «Күлше қыз» деп әзілге айналдырып жатамыз. Мұның бәрі сол кейіпкерлердің ерекше мінез-құлқы мен іс-әрекеттеріне, әралуан құндылықтары мен құмарлықтарына байланысты психология ғылымының зерттеу нысанына айналып отырады. Бүгінде өмірден, қоғамнан, әлеуметтік теңсіздіктен, әділетсіздіктен, тіпті өзінен қажыған адамдар өте көп. Психологиялық жады жараланбаған, күйзелмейтін, пессимистік күйге бой алдырмаған жан табу қиын. Олардың әрқайсына білікті мамандар диагноз қойып, диагностикасын тағайындай жатар. Алайда біз осы әдеби шығарма кейіпкерлері мен авторлардың есімімен аталып кеткен, кең таралған бірнеше психологиялық синдромға тоқталғымыз келіп отыр. 

Screenshot_12.jpg

Қиялда құралған өмірді сүру

Әлқисса. «Бовари» синдромы. 19 ғасырда жарық көрген Гюстав Флобердің «Бовари ханымы» француз әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетінде елеулі орны бар роман. Ал «Бовари» синдромы немесе «боваризм» термині романның басты кейіпкері, дәрігердің әйелі – Эмма Боваридің есіміне байланысты пайда болды.

Бұл синдромның негізгі белгілері – адамның шынайы өмірден гөрі, қиялда құрап алған иллюзиялы әрі идеалды өмір іздеуінен байқалады. Өзі кешіп жатқан сәттердің шын екеніне сенбей, не ол өмірді өзіне лайық көрмей, қиялындағы романтикалық, әсерлі, қызықты, шытырман және бай-бақуатты кешетін өмірді аңсайды. Ал орындалу ықтималдығы тым төмен қиялдарға өзіңді сендіріп қою – үздіксіз стресстер мен депрессияның жемі қылатыны сөзсіз. Қиялымыздағы таңғажайып образдар мен оқиғалар әлеуметтік ортамен байланысуымызға да кедергі болады. Туған-туыс, дос-құрбы, сүйіктімізге дейін қиялымыздағы шартты образдарына сыйдыра алмай, болар-болмас дүние үшін көңіліміз қалып, олардың да көңілін қалдырып, соңында араласарға жан таппай қалуымыз ғажап емес.  Реалды өмірде тап келген әртүрлі мәселелерден фантазиямызда қанша уақытқа дейін жасырынып отыруға болады дейсіз?! Түптің түбінде көзімізді ашып, шындықты мойындауға тура келеді. Міне сол кезде Бовари синдромы бар адамдар өзіне тән емес өмірді іздеймін деп, түбінде өз өмірінің мәнін жоғалтып алып жатады.

Screenshot_13.jpg

Бұл синдромдар – психологиялық дабыл

Айналасындағы адамдардан алыстап, әлеуметтен өзін-өзі оқшаулайтын адамдарға тән тағы да психологиялық термин – «Диоген» немесе «Плюшкин» синдромдары. «Диоген» термині ежелгі грек ойшылы Диогеннің құрметіне аталса, «Плюшкин» Гогольдің «Өлі жандар» романындағы кейіпкердің есімі. Бұл синдромдардың қаупі сол адам өз еркімен әлеуметтік ортадан оқшауланып, өзге түгілі өзіне де көңіл бөлуден қалады. Әсіресе кәрілік жеңген шақта бүкіл дүниенің мәнін жоғалтқан, ішін де, айналасын да күл-қоқысқа толтырып, болатын-болмайтын да заттардан коллекция жинап, тұрмыстық тіршілік түгілі жеке гигиенасына да мән бермей, апатияға түсе бастайды. Ежелде Диогеннің бәрінен баз кешкені сонша Афинадағы үлкен бөшкеде өмір сүрген деседі. Мұндай халге Диогеннің атын 1966 жылы доктор Н.Г.Кларк берген екен. Алайда бұл атауға әртарапты пікірлер айтылды. Кейбірі тіпті «Диоген» синдромы сәтсіз термин деп санады. Кейіннен осы халді тура сипаттайтын термин ретінде – «Плюшкин» синдромы қолданысқа ене бастады. Плюшкин – нағыз коллекционер болатын. Ол қоғамнан оқшауланған соң, керекті-керексіз заттарды жинай беріп, оларды тастай алмай жүреді.

Бұл синдромдар бойында байқалатын адамдардың психологиялық күйі дабыл қағып тұр деген сөз. Себебі, қоғамнан бөлініп қана қоймай, дені сау бола тұра өз-өзіне күтім жасауға қабілеті төмендеген адамдар шынымен де көмекке мұқтаж.

Screenshot_15.jpg


Күйзеліспен шашын жеу арқылы күреседі

Ішінара бұқара беттерінен дәрігердің ота арқылы науқастың ішінен уыстап, тіпті, келілеп шаш алғаны жайлы деректерді көзіңіз шалған болар. Яғни, өзінің шашын жұлатын, жейтін адамдар бар. Сирек болса да әр жерде кездеседі. Көп мөлшерде шашын жұту салдарынан пайда болатын ішек ауруын – трихофагия немесе «Рапунцель» синдромы деп атайды. Рапунцельдің қандай кейіпкер екенін білмейтін адам жоқ шығар. Ағайынды Гримм ертегілерінің кейіпкерінің атымен аталған бұл синдром көбіне балалар мен 20 жасқа дейінгі қыздарда кездеседі екен. Асқазанда шатасып жиналған шаштың көп мөлшері трихобезоар ауруының немесе «шаш ісігінің» пайда болуына әкеліп соғады, асқазанды біртіндеп бітеп, жұмысының түбегейлі бұзылуына әкеледі. Пішіні бойынша мұндай ісік асқазан пішінімен бірдей болуы мүмкін. Ал бұл синдромға қыз балалардың едәуір көп бейім келуінің себебі – қарапайым ғана. Әдетте қыздардың шашы жігіттердікіне қарағанда ұзын келеді, соның салдарынан олардың шашты көп мөлшерде жұтып, асқазанын толтырып алу ықтималдығы жоғары. 

«Рапунцель» синдромы бар адамдар жиі эмоционалдық күйзеліс, мазасыздық, және  өзін-өзі төмен бағалау сияқты психологиялық мәселелермен бетпе-бет келеді. Олар шаш тарту немесе жеу арқылы өзін уақытша жеңілдетуге тырысады, бірақ бұл әрекеттер ұзақ мерзімде жасалатын болса, денсаулыққа теріс әсер ететінін тәптіштеп жатудың қажеті шамалы секілді.

Screenshot_16.jpg

Бұл синдромды айналаңыздан жиі байқайсыз

Келесі синдромды көпшілік жақсы біледі. Және бұл синдромға шалдыққан адамдар да жетерлік. Әдетте адамдар, әсіресе балалар жақындарынан, ортасынан күткен қамқорлық, жанашырлықты ала алмаған соң түрлі манипуляцияларға барып жатады. Соның бірі осы – «Мюнхгаузен» синдромының белгісі. Алдымен атаудың қайдан шыққаны жайлы қысқа қайыра кетейік. Бұл терминді 1951 жылы Ричард Ашер есімді психиатр ұсынған болатын. Ол өзіне назар аударту үшін әртүрлі қисынды-қисынсыз ертегі, оқиғалар ойлап тауып, айналасын сендіру үшін өзіне қасақана зиян келтіруден тайынбайтын немістің әйгілі әдеби кейіпкері барон Мюнхгаузеннің есімі болатын. 

«Мюнхгаузен» синдромы – едәуір қауіпті, созылмалы-симуляциялық бұзылыс. Бұл синдромға шалдыққан адамдар өзіне немесе баласына әдейілеп ауру таңу, дәрі-дәрмекті асыра пайдалану, анализ нәтижелерін әдейілеп бұрмалау немесе жарақат салу арқылы медициналық көмекке шамадан тыс жүгініп отырады. Дәрігер науқастың дерті аса қауіпті емес деп тапса да, олар әсіре сілтеп жағдайының күрделі екеніне сендіруге, тіпті, дертін әдейі асқындыруға жан салады.

Дегенмен «Мюнхгаузен» синдромы бар адамдардың бұл әрекеттерге нақты не үшін баратыны 100% дәлелденді деп айта алмаймыз. Алайда көбінесе эмоционалдық мәселелермен, мысалы, депрессия, мазасыздық, өзін-өзі аяу, тіптен, шизофрения сияқты психологиялық бұзылыстармен байланысты. Осы арқылы олар өзіне назар аудартуға, қамқорлық танытуға, және эмоционалдық қолдауға мұқтаж екенін көрсеткісі келеді. Және мұндай адамдар өз дегеніне жету үшін бәріне дайын болады. Сәйкесінше эмоциясын басқара алмайды, айналасындағылардан өзін аяуын талап етеді және әсіре агрессивті келеді. 

Бірақ, бұл синдромның жоғарыда айтылған симптомдары кездесетін кем дегенде бір танысыңыз бар екеніне сенімдіміз. Тек қазақтың «сұрап алған аурудың емі жоқ» дейтін аталы сөзін ұмытпайық.

Screenshot_14.jpg

Сырт келбеттің мінсіздігіне ұмтылу

Жалпы осындай «қызықты әрі қисынсыз» синдромдарға деген қызығушылығымызды арттырған ирландия авторының атақты романы болатын. Иә, біз бүгінде кең таралған термин – «Дориан Грей» синдромы туралы жазбақпыз. Жалпы бұл Оскар Уайльдтің «Дориан Грейдің портреті» атты жұлдызды романының, жас қалпын сақтау үшін, ібіліспен де келісімге баруға тайынбайтын мистикалық кейіпкері. Бұл туынды әлемнің үлкен экрандарында кемінде 30 рет көрсетілген екен. Ал бұл синдромның негізгі белгілері – бір қарағанда қарапайым көрінуі мүмкін. Себебі, оны көп жерде «кіршіксіз сұлулыққа» ұмтылу деп сипаттайды. Алайда «шамадан асқаның бәрі – у». Сырт келбеттің мінсіздігіне ұмтылу, кәріліктен шошыну, мәңгі жас болып қалудың жолын іздеу, өзіңді қабылдай алмау, табиғи болмысынан баз кешу – адам баласының психологиялық халі көмекке мұқтаж екенін көрсетеді. Және ең қауіптісі – синдром асқынған кезде адамдар сыртқы келбеттің мінсіз деңгейіне жету үшін, рухани әлемін күл-парша ету түкке тұрмай қалады.

Ал қазіргі кез келген мүшеге пластикалық ота жасату қолжетімді кезеңде бұл синдромға шалдығудың жолы әп-сәтте. Қажеттілік тудырмаса да, беталды ерін жасатып, омырауын ісіртіп, анатомиялық заңдылықтарға қарсы шығып, өзіңе ұнамаған тұстағы сүйектерді кесіп алып тастау да түк болмай қалғаны жасырын емес. Қарапайым макияжсыз үйден шығуға ұялу, күнде сағаттап шашымызды сәндеу, денсаулыққа пайдасынан гөрі зияны көп дәрі-дәрмектерді ішу де осы синдромның іргетасы болмаса нетсін.

Хош. Айтып-айтпай не керек. Мұндай «ерекше» синдромдардың бәрін тізбелей берсек, газет бетінің емес, тұтас монографиялық еңбектің шылбырына жармасуға тура келеді. Алайда тақырып қызық болса, алдағы уақытта ішінара басқа да синдромдарға тоқталып отыруға, кеңрек ашуға, тереңірек зерттеп, өмірден мысал келтіруге тырысамыз. Қалай болғанда да «дені сау», «тәні сау», «жаны сау» адам болғанға не жетсін?! «Ондай болмақ қайда деп» орындалмас қиялдың жетегіне еріп кетті-ау деп, өзімізге бір термин  таңып жібермесеңіздер болғаны. Оған дейін өзіміз мойындай салайық. Біздің бойда үнемі асығып жүретін, бірақ бәріне кешігіп жүетін «Ақ қоян» синдромының бар екені анық. Ал сіз өзіңізден мұнда қамтылған-қамтылмаған белгілердің қайсысын аңғардыңыз?

Сезім МЕРГЕНБАЙ

Ерлік ешқашан ұмытылмайды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу