Жеңісті жақындатқандар немесе соғыс жылдарындағы Оңтүстік

Oinet.kz 23-04-2025 35

Биыл  адамзат тарихындағы ең ірі әрі қасіретті кезеңдердің бірі болған Ұлы Отан соғысының аяқталып, қуаныштың көз жасына айналған Ұлы Жеңіске 80 жыл толып отыр.

Screenshot_14.jpg

Миллиондаған адамның өмірін жалмап, мыңдаған қалалар мен ауылдарды қиратқан соғыс әр отбасының тағдырын, тұтас ұрпақтың өмірін өзгертті. Екінші дүниежүзілік соғысы – тек майдан даласындағы ерлік қана емес, сондай-ақ тылдағы ерлік, партизандардың жұмысы, әйелдер мен балалардың жеңіс жолындағы еңбегі. 

Ішерге ас, киерге киім өндірген өңір. Ұлы Жеңіске Оңтүстік өңірдің қосқан үлесі атан түйенің белін үзердей тым қомақты деп айта аламыз. Себебі соғыс жылдары Оңтүстік еліміздің аса маңызды ауыл шаруашылығы және ірі өнеркәсіп аймағына айналды. Соғыс жағдайына байланысты Кеңес одағының түрлі өнеркәсіп орындары, зауыттары Оңтүстік Қазақстан облысына (қазіргі Түркістан облысы) шұғыл көшірілді. Соғыстың алғашқы айларында, Киевтің химия-фармацевтикалық зауыты өңірімізге қоныс тепті. Шыны зауыты – «Күйік» кеңшарына, трактор шеберханасы – Сайрам ауданына, электростанса – Түркістанға, мақта иіру фабрикасы «Мақтаарал» кеңшарына орналасты.

1942 жылдың маусымында облыс еңбекшілері Ленинград тұрғындарына 287 ірі қара, 160 центнер шұжық, 35 центнер мал майын, 80 центнер өсімдік майын, 120 центнер ұн, 270 центнер жеміс қағы мен көкөніс, 30 центнер жаңғақ, 170 центнер кондитер өнімдерін, сондай-ақ, 560 литр шарап жіберген.  Ет, сүт, мал терісі мен жүні де осы өңірде өндіріліп, соғыс ошақтарына жіберіліп отырды. Мамандардың есебі бойынша, облыс тапсырған мақтадан тоқылған матадан  Қызыл армияның 7 миллион жауынгерін киіндіруге болады екен.

Өңірдегі Сталин атындағы колхоз ұжымы Қызыл армияның XXIV жылдық мерекесіне 2 қой, 4 ешкі етін, «Бостандық» колхозы 20 қой етін, «Ынтымақ» колхозы 2 ешкі, 3 қой етін, 40 дана жұмыртқа тапсырған.  

Кентау, Ащысай, Мырғалымсай, Байжансай, Леңгір кеніштері Отанға қорғасын, көмір, тағы басқа да шикізат беру үшін күні-түні тынбай еңбек етті.  Елде қалған жерлестеріміз күйеуін,  ұлын,  ағасын, інісін майданға аттандырып қана қоймай оқ пен оттың өтіндегі азаматтар аш қалмасын деп аузындағысын жырып беріп отырғаны ерлікпен пара-пар емес пе?!   

Өндіріс ошағына айналған Шымкент. Шымкент¬тің кеңестік кезеңдегі өндірістік шаһар ретіндегі даму үдерісі мен Ұлы Отан соғысы жылда¬рын¬дағы стратегиялық маңызы, майдан даласына қосқан үлесі сүбелі. 

Шымкент соғыс жылдары еліміздегі ең ірі өндіріс ошағының біріне айналды.  Қалаға Харьков қаласынан «Красный зеркальщик», Я.М.Свердлов атындағы химия-фармацевтикалық зауыт, шұлық-ұйық фабрикасы, тігін фабрикасы, Подольскіден құю-прокат зауыты, Кременчугтен электростанция, Мәскеуден алкалоид зауыты, Воронежден ұста-пресс жабдықтар зауыты эвакуацияланды. Яғни қалаға барлығы 17 кәсіпорын 20 мың жұмысшылармен көшіп келіп, оған қоса 10 мың эвакуацияланған халық қабылданды.

Шымкент қаласы майданға танкінің қосалқы бөлшектерін, снарядтар, металл, оптикалық жабдықтар, дәрі-дәрмек, бинт жіберіп отырды. Әсіресе қорғасын зауытының жеңіске қосқан үлесі ерекше. Соғыс жылдары жауға қарсы атылған оқтың 70%-ы Шымкент қорғасынынан жасалғаны да қала кәсіпорындарының бар қуатын салып, «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» ұстанымымен жұмыс істегенін көрсетеді. 

Соғыс жылдары қаланың ең көне кәсіпорны – Шымкент химфарм зауытының стратегиялық маңызы зор болды. Зауыт 1885 жылы салынған болатын. Сол заманда-ақ ол Одақтағы ең ірі өнеркәсіп орны саналатын. Мұнда дерменеден түрлі дәрі-дәрмек жасалынды. Зауыт майданға морфин, кофейн, анабазин, сапонин жөнелтіп тұрды. Зауыт соғыс жылдары дәрі-дәрмектің 24 түрін шығарды. Тек 1942 жылдың өзінде  25 миллион дана дәке шығарды.

Screenshot_13.jpg

Ардагерлер азайып бара жатыр...

Түркістан облысында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 8 ардагер қалды. Отан үшін от кешіп, жеңісті жақындатқан майдангерлер қатары жыл санап сиреп барады. Соғыс жылдары өңірден 140 мыңнан астам сарбаз майданға аттанса, солардың жарысы ғана елге аман оралған.

Облыс ардагерлеріне Жеңістің 80 жылдығына орай әкімдік тарапынан 5 млн теңге көлемінде біржолғы материал¬дық көмек беріледі. 3 304 адамға біржолғы ақшалай әлеуметтік көмек көрсету үшін аудан, қала бюджеттері есебінен 242,0 млн теңге қаржы қаралып отыр. Бүгінгі таңда  облыста Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілгендер саны 3 304 адам.  

Одан бөлек, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталатын адамдардың тізімі жасалуда. Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оған теңестірілген азаматтардың әлеуметтік жағдайын анықтау мақсатында аудан, қала әкімдіктері арқылы әлеуметтік картасы жасақталды. Олардың денсаулығы мен тұрмыстық жағдайы сараланды. Сауықтыру шараларын жүргізу мақсатында соғыс ардагерлеріне жасақталған әлеуметтік картаның нәтижесінде денсаулық сақтау саласы тарапынан жыл басынан 500-ге жуық ардагерге медициналық қызмет көрсетілді. Бұл қызмет жыл бойы көрсетілетін болады. Сонымен қатар «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйі» арқылы айына 400-ге жуық, жылына 7 800 егде жастағы адамдарға сауықтыру қызметтері көрсетіліп келеді.

18 жасында майдан шебіне аттанған қазығұрттық Әкімбай Жұмабаев биыл 102 жасқа толып отыр. 122 атқыштар полкінің құрамында болған сарбаз Сталинград түбіндегі кескілескен ұрысқа қатысып, онда барлаушылар тобында болды.  Майданда аяғынан жараланған Жұмабаев елге 1943 жылы оралып, талай жыл ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен.  Ардагер 4 ұл, 2 қызынан 21 немере, 60 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр.  Қарт майдангер соғыста көрсеткен ерлігі үшін 2-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Германияны жеңгені үшін» медальімен марапатталған. 

Созақ ауданы — Ұлы Отан соғысы жылдары 6 мыңға жуық азаматты майдан даласына аттандырған өңір. Сол мыңдаған жауынгердің арасынан бүгінде көзі тірі тек бір ғана ардагер қалды. Ол – 99 жастағы Мырзахмет Жылысбаев. 18 жасында қан майданға аттанып, №92 автоатқыштар полкінің құрамында болған. 

Облыстағы көзі тірі ардагердің бірі – Зәкір Мұсаев 1925 жылы 1 қаңтарда ескі Иқан ауылында дүниеге келген. 1943 жылы 18 жасында әскер қатарына шақырылып, Петропавлдағы 44-полкта қызмет етті. Сол жылдың қыркүйегінде өз еркімен майданға аттанып, соғыс кезінде екі рет жараланған. Оның ерлігі жоғары бағаланып,  «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен және 13 жауынгерлік медальмен марапатталған.

Халқы үшін қан майданда жауға қарсы тұрған ер жүрек ардагер –  Ермохон Ишхонов 1942 жылы 5 мамырда майдан даласына аттанып, ерлік пен қайсарлықтың шынайы үлгісін көрсетті. 1945 жылы жарақат алып, елге оралғанымен, Отан алдындағы борышын жалғастырып, 1946 жылы Қырғызстандағы авиациялық бөлімге қайта әскерге алынды. 1948 жылы ғана бейбіт өмірге оралды. Ерлігі мен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ол I дәрежелі «Отан соғысы», III дәрежелі «Даңқ», «Гвардия СССР», «Ерлігі үшін», «Мінсіз қызметі үшін» сынды көптеген орден-медальдардың иегері. Өмірінің қарапайым әрі мағыналы жалғасында 4 ұл, 3 қыз өсіріп, бүгінде 33 немере, 49 шөбере, 6 шөпшектің атасы атанып отыр.

Шымкент қаласынан да қаншама адам соғысқа аттанып, Отан үшін күресті.  Бүгінде Шымкент қаласында 2 Ұлы Отан соғысының ардагері, 1586 тыл еңбек ардагері, 166 Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагер, 70 соғыс ардагерінің жесірлері және 170 қаза тапқан әскери қызметшілер бар. Сұрапыл майданда от кешкендердің бірі, абыз ақсақал Түлкібас ауданының тумасы – Мұраталы Төлепбергенұлы.  Бір ғасырды артқа тастап, жүз жастың төріне көтеріліп отырған соғыс ардагері биыл  жүзінші көктемін қарсы алды. Небәрі 18 жасында соғысқа аттаныпты. Мұраталы Төлепбергенұлының Брест қамалынан басталған жауынгерлік жолы Варшава, Данск, Виссмарк, Биттенберг пен Перлеберг секілді қалалардың азаттығы үшін болған шайқастармен жалғасты. Жеңіс туын Германияның Биттенберг қаласында қарсы алған сарбаз елге тек 1950 жылы оралды. Туған жерінің көркеюі жолында бар күш жігерін аямаған соғыс және еңбек ардагері Жданов, «Красная звезда» колхоздарында есепші, ферма меңгеруші, бригадир болып ұзақ жылдар еңбек етті. Зейнетке шыққан соң да қарап отырмай Жаскешу ауылдық округі ардагерлер кенесіне басшылық жасады.  Оның жауынгерлік ерлігі ескерусіз қалған жоқ. Ол ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» және басқа да мерекелік медальдармен марапатталды.

Шымқаладағы көзі тірі екінші ардагер  телеграфист және пулеметші: Нина Мосунова биыл 101 жасқа толды. Ол 1924 жылы 9 наурызда Ресей Федерациясының Татарстан өңіріндегі Урустамак ауылында дүниеге келген.

1942 жылы өз еркімен әскер қатарына алынып, Қазан қаласында телеграфист мамандығын меңгеріп, кейін Горький қаласында осы салада жұмыс істеген.

1943 жылы майдан шебіне аттанып, Можайск маңындағы шайқасқа пулеметші ретінде қатысқан. 36-шы әскери бөлімнің «Зенит» бригадасында қызмет атқарып, радистер бөлімінің командирі болған. Соғыстан кейін Башкириядағы Октябрьск қаласында кассир болып еңбек еткен. 1948 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Шымкент қаласында кітапханашы болып жұмыс істеген. Ал 1967 жылы «КазЮгвзрывпром» мекемесінде хатшы-машинист қызметін атқарды. Жауынгерлік ерлігі үшін «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Бүгінде Нина Егоровна – бір баланың анасы, екі немеренің және бес шөберенің ардақты әжесі. Ол – ел тарихындағы қиын кезеңдерді бастан өткерген, ерлік пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсеткен жан.

Былтыр Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қос ардагерге пәтер кілтін табыстаған еді. Ал биыл Жеңіс күні қарсаңында үшінші мегаполистің соғыс ардагерлеріне 5 миллион теңгеден әлеуметтік көмек берілмек. Сонымен қатар тыл еңбеккерлері де назардан тыс қалмайды. Жеңіс күніне орай 1560 тыл ардагеріне бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі дейді шенділер. Ауған соғысына қатысушыларға да материалдық қолдау қарастырылған. Оларға берілетін жәрдемақы көлемі 45 айлық есептік көрсеткіштен 50 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Әлеуметтік көмек соғыс ардагерлеріне теңестірілген басқа да санаттағы азаматтарға көрсетіледі.

Әдеби кейіпкер – психологиялық синдром
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу