Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Oinet.kz 16-04-2025 105

Өздеріңіз білетіндей, Оңтүстік Қазақстан университеті Шымкент қаласындағы үш жоғары орнының базасында ұйымдастырылды.

Screenshot_6.jpg

Олардың бірі Оңтүстік Қазақстан техникалық университеті еді. Бұл университет алдымен Шымкент құрылыс материалдары институты, содан кейін Қазақ химия-технологиялық институты деп аталатын. Шымкент құрылыс материалдары институты қиын соғыс жылдары, дәлірек 1943 жылы құрылды. Институттың қалыптасуына негіз қалаған кафедра «Силикаттар технологиясы» кафедрасы болды.

Жеңіс күні қарсаңында «Силикаттар технологиясы және металлургия» кафедрасының, «Химиялық инженерия және биотехнология» Жоғары мектебі ұжымдары, сондай-ақ  Қазақ химия-технологиялық институтының ардагерлері Ұлы Отан соғысына қатысқан кафедра ардагерлері Балакирев Анатолий Александрович пен Рухлин Николай Григорьевичті жылылықпен еске алады.

Анатолий Александрович Балакирев 1941 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылды. Отан үшін ең қиын уақытта ол Кеңестер Одағының астанасы - Мәскеуді қорғауға қатысты. Мәскеу маңындағы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін «Ерлігі үшін» және «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталды. Ұрыста алған ауыр жарақаттан кейін ол демобилизацияланды. 1943 жылы  жаңадан ашылған Шымкент құрылыс материалдары институтының «Силикаттар технологиясы» мамандығына оқуға түсті. 1948 жылы институтты үздік бітіріп, институтта оқытушылық жұмыста қалдырылды. Анатолий Александрович Балакирев Шымкент құрылыс материалдары институтының алғашқы түлегі болды (№ 1 диплом иегері). Өмір бойы Анатолий Александрович  «Силикаттар технологиясы» кафедрасында жұмыс істеді. Ол қызметін ассистент болып бастап, кафедра профессоры ретінде зейнетке шықты. Ол өз жұмысына деген адал көзқарасымен, жоғары талапшылдығымен және принциптілігімен ерекшелінді. Анатолий Александрович кафедра меңгерушісі болып сайланды, институт проректоры болып тағайындалды. Ол сондай-ақ институт партия комитетінің мүшесі болды және қалалық  , аудандық кеңестерге халық депутаты болып сайланды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін кафедраның кеңесші-профессоры болып жұмыс істеді.

Screenshot_7.jpg

Балакиревтердің отбасылық дәстүрлерін  Анатолий Александровичтің ұлы мен немересі жалғастырды. Ұлы - Борис Анатольевич алдымен кандидаттық, содан кейін докторлық диссертациясын қорғады. «Құрылыс материалдары» кафедрасының профессоры атанды. Немересі Швайковский Алексей Сергеевич - педагогика ғылымдарының кандидаты. Қазір М.Әуезов атындағы ОҚУ-де «Тілдер және аударматану» кафедрасының доценті.

Рухлин Николай Григорьевич Шымкент қаласында орта мектепті бітіріп, он сегіз  жасында Отанды қорғауға аттанды. Ол бүкіл соғыстан өтті, жараланды, Ұлы Отан соғысынан кейін Қиыр Шығыстағы авиациялық бөлімшілерде қызметін жалғастырды. 1950 жылы демобилизациядан кейін Шымкент құрылыс материалдары институтына оқуға түсті. 1955 жылы институтты үздік бітіріп,  «Керамикалық материалдармен бұйымдардың химиялық технологиясы» кафедрасында оқытушылық жұмыста қалды. Кафедра ассистентінен доцент дәрежесіне дейін көтерілді, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дірежесін алу үшін диссертация қорғады. Николай Григорьевич әріптестері мен студенттер арасында өзінің қарапайымдылығымен, жоғары жауапкершілігімен және адалдығымен, ұқыпшылдығымен, жан-жағына деген ізгі ниетімен ерекшеленетін.

Аталған ардагерлеріміз қазір біздің арамызда жоқ, бірақ біз - «Силикаттар технологиясы және металлургия» кафедрасының, «Химиялық инженерия және биотехнология» Жоғары мектебі ұжымдары, сондай-ақ  Қазақ химия-технологиялық институтының ардагерлері оларды әрқашан есімізде сақтаймыз. Өйткені, осындай ардагерлеріміздің арқасында біз сексен жыл бойы бейбіт аспан астында өмір сүріп, жұмыс істеп, ұрпағымызды өсіріп келеміз.

Б.Е.СЕРІКБАЕВ,

техника ғылымдарының кандидаты,

«Механика және машинажасау» кафедрасының доценті,

«Тұтқыр материалдар химиялық технологиясы» кафедрасы аспирантурасының түлегі

Цензура
Әдеби кейіпкер – психологиялық синдром
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу