«Жарапазан» айта білесіз бе?

Oinet.kz 07-08-2019 1534

 Screenshot_4.jpg

Ораза айы басталысымен кешкісін есігіңнің алдына бір топ адамдар жарапазан айтып келуші еді, бұрындары. Ауыл балаларынан бастап үлкендер жағы да қолына домдыра ұстап осы бір жырды нақышына келтіре орындайтын. Жарапазан естілсе ораза айының сәні кіргендей болады.  Жарапазан орындаушылар кәдімгідей құрметке ие еді. Әркім шамасының келгенінше ақша, киім-кешек, мата береді. Ал балаларға тәттілер ұсынылады. Ел аралап жүргендерге тым құрыса үй иесі төріне кіргізіп, шәй береді. Бұл мұсылман қауымға ортақ парыз, салт. 

«Жарапазан» араб тілінен аударғанда «я, Рамазан» деген мағынаны білдіреді. Яғни, Ораза айының келуімен жұртшылықты құттықтау және рамазан айының қадір-қасиетін ұлықтау болып саналады. Жарапазанды негізінде ауызашардан соң тарауық намазынан кейін айтады. Бұл жырдың сауабы өте мол. Жарапазан жас талғамайды.  Жарапазанды адам жалғыз айтпайды, оның жанында міндетті түрде қостаушысы болуы керек

Бір ғажабы, ислам Орта Азия мен біздің далаға қарай қанат жайғанда онымен бірге келген жарапазан айту салтын түрік халықтары ішінде тек қазақтар ғана қатаң сақтап қалған. Арабтар оны таң азанымен айтатын болса, қазақтар кеш түсе шырқайтын болған. Сақтап қалдық деп мақтанамыз-ау. Алайда қазақ даласынан бүгінде жарапазанның үні еміс-еміс қана естіледі. Ия, бұрынғыдай көше-көшені аралап, жарапазан шырқаған жандарды көрмейміз. Тек көршінің балалары кешғұрым  үй-үйді аралап,  екі-үш сөздің басын құрап айтқан «айғайлары» ғана естіледі. Балаларды бұған кінәлауға болмайды. Себебі оларға жарапазанды үйрететін ақсақал, ересектер жоқ. Қазіргі ата-аналар керісінше балаларын мұндай «гастольдік концертке» жібергілері келмейді. Жарапазанның пайдасын түсінбейтін бүгінгі жастар оны «қайыр сұрау» ретінде қабылдап  жүргені жасырын емес. Рамазанның қасиетін айтып, бата бергенді қайыршылыққа балайтын бүгінгі қоғам сауна, ресторан жағалауды ар көрмесе де жарапазан айтуды ұят көреді.  

Дегенмен қазіргі уақытта ауыз бекітіп, ораза ұстаған жандардың, әсіресе жастардың көбейгенін көргенде қуанып қаласың. Тек сауабы мол, әдемі салтымызды жоғалтпай, қайта жаңғыртсақ деймін. Ол үшін жергілікті имам, молдалар халыққа жарапазанның  қасиеті жайлы көбірек уағыздар айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек секілді. Жылына бір рет келетін Қасиетті Ораза айында жарапазан айтып, салт-дәстүрімізді дәріптейік!

Самалбек Кемелтай, 

Жамбыл облысы 

Ғабидолла Әбдірахымов: «Жол қозғалысын реттеу үшін тағы қанша адам өлуі керек?!»
Қазақстанда бар-жоғы жүз мың киік қалыпты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу