Ғабидолла Әбдірахымов: «Жол қозғалысын реттеу үшін тағы қанша адам өлуі керек?!»

Oinet.kz 02-08-2019 1429

Screenshot_19.jpg

Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ, Шымкент қаласының әкімі 

ОҚО әкімдігіне жақын жерде, Астана көшесінің бойында тағы бір баланы автокөлік қағып кетті. Оқиға 24 мамыр күні кешкісін, сағат 20:00 шамасында орын алған.  Көп қабатты үйлердің арасынан жүгіріп шыққан 6 жасар бүлдіршінді қаққан «BMW 525» көлігінің жүргізушісі оны бірден аруханаға алып барған. Алайда баланың өміріне дәрігерлер де араша түсе алмады. Бұл жыл басынан бері Шымкентте жол-көлік апатынан қайтыс болған 13-інші бала.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін 7 мамырда Ұ.Арғынбеков көшесінде жаяу жүргіншілер жолағында бір үйдің қызы мен баласын көлік қағып кеткен болатын. Дәл осы жолақта сәуірдің соңында 9 жасар оқушы қайтыс  болған еді. Ал, 19 мамырда Шардара көшесінің бойында «Ауди-100» автокөлігінің жүргізушісі  аялдама маңында өте ауыр жол апатын жасап, 9 адам зардап шекті. Бір жыл бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған 19 жасар жігіттің кесірінен 3 жасар сәби Ілияс оқиға орнында көз жұмса, қалғандары ауыр хәлде ауруханаларға жеткізілген.

Ашуға мінген Шымкент шаһарының басшысы Ғ.Әбдірахымов  облыс орталығы аумағында жол-көлік қозғалысын реттеуге байланысты шұғыл жиналыс өткізіп, қалалық білім бөлімінің басшысы Ы.Мадиевті қызметінен босатты. Сонымен қатар, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қ.Жұматаевқа және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы міндетін атқарушысы Н.Бектұрсыновқа қатаң сөгіс берген болатын. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері мен жолаушылар тасымалдайтын компания басшылары да қатысқан еді.

Қала әкімі ауруханаға барып зардап шеккен адамдардың жағдайымен танысқанын, бұл мәселені тезірек шешу керектігін нықтап жеткізді.  

– Қалада тұрғындардың, балалар мен қонақтардың қауіпсіздігін сақтау қашан күшейеді? Жағдайды өзгерту үшін тағы қанша адам өлуі керек? Тротуарлардың бойында заңсыз орналасқан сауда дүңгіршіктерін алу жұмыстарын ширатыңыздар. Мұндай апатты жағдайлардың басты себебі – жүргізушілердің мәдениетсіздігі, жолдар мен тротуарлардағы жол қозғалысы ережесінің дұрыс сақталмауында, – деді қала әкімі.

Жұрттың  жағасын ұстатқан қайғылы оқиғада Ілиястың анасымен бірге оның аға, әпкесі де зардап шеккен. Қос бауыры аурухананың жан сақтау бөлімінде жатса, анасының жағдайы да ауыр. Жүйіткіген көлік оның бір аяғын жұлып кетіпті.

Қаралы отбасы Ілияс Жолдыбайды ақтық сапарға шығарып салған күні ашу-ызаға булыққан тұрғындар жолды жауып, №125 бағыттағы «Газельді» жүргізбей қойды. Олар балалардың жиі жол апатына ұшырауының себебін оқушыларды мінгізбейтін қоғамдық көліктерден көруде. Соның салдарынан жеткіншектер 1,5 шақырым труаторы жоқ жолдың бойымен мектепке жаяу баруға мәжбүр. Тіпті олар балаларын оқуға жібергісі келмейтіндіктерін де жеткізді. Тұрғындардың айтуынша, адам сыймайтын микроавтобустардың орнына жолаушылар тасымалдайтын үлкен қоғамдық көлік шықса болды, №125 бағыттағы «Газельдер» оларды үш күннен артық жүргізбей қояды екен...

Халық бұған дейін де былтыр қарашада Ілиястың өмірі қиылған жерде бір баланы қаққанда жергілікті биліктен жол белгілерін орнатып, жол қозғалысын реттеуді өтінген болатын. Алайда, ешқандай өзгеріс байқалмаған еді. Енді...

Қала әкімінің шұғыл жиналысынан кейін сең қозғалғандай. Шардара көшесінің ойдым-ойдым шұңқырлары көп асьфалтына жаяу жүргіншілер жолағы сызылып, жүйіткіген көліктердің жылдамдығын тежейтін төмпешіктер аяқ астынан пайда бола қалды. Тіпті «бір депутат сапалы жол кедергілерін қоядыруға уәде берсе, енді бір депутат қанды апаттың жазым екенін айтып, облыс басшысына араша сұрап барып қайтыпты. Өйткені «Ауди-100» автокөлігін заңсыз айдаушы оның досының баласы...» Ел арасында айтылып жүрген бұл қаңқу сөз де жұрттың ашу-ызасын тудыруда. Дегенмен, Әбдірахымов өзі шұғыл шақырған жиында кінәлі адам жазасын алмайынша апатты оқиғаның соңын бақылауында ұстайтынын айтқан болатын...   

Сонда Әбірахымов ашуланбаса, жол қозғалысы реттелмей ме? Әлде...

А. ҚҰНАНБАЙҰЛЫ,

Мұрағаттан, 2016 ж

Асқар Жұмаділдаев: «Енді қазы-қарта емес, гамбургер жейміз»
«Жарапазан» айта білесіз бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу