Жақыны қайтыс болған адамға қалай көңіл айту керек?

Oinet.kz 14-09-2023 1511

Жақын адамын жоғалтқан адамға қолдау өте қажет. Адамға қалай көңіл айту керек және мұндай жағдайда оған қалай көмектесе аласыз?

Screenshot_67.jpg

Моральді түрде қолдау көрсету – шынайылықты қажет ететін нәрсе. Адам сіздің қолдауыңызды сезу үшін жаңа бірдеңе ойлап табудың қажеті жоқ, жай ғана оның қасында болып, көңіл айтсаңыз болғаны.

Қазақтар көңіл айтқанда ақыры қайырлы болсын, сабыр берсін, өмірден өткен жан иманды болсын, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын, амал дәптері оң жағынан ашылсын, алдынан жарылқасын, жаны жәннатта болсын деген сөздерді қолданады. Нәресте шетінеп кетсе, ата-анасына шарапатшы болсын дейді.

Кейде бірдеңе айту артық болуы немесе оның жан-жарасын одан сайын ауыртуы да мүмкін. Мұндай кезде ол адамды құшақтау, арқасынан қағу немесе қолын ұстау сөзден де артық жұбатады.

Егер жақыны қайтыс болған танысыңыздың қасына баруға мүмкіндік болмаса, хат жазуды ұмытпаған жөн. Ол қысқа, сыйымды және шынайы болуы керек.

Сондай-ақ мынадай сөздер айтуыңызға болады:

Бұлай болғаны өкінішті-ақ, сенің қайғыңа ортақпын. Мен саған қолдау көрсетуге әрқашан дайынмын! Бекем бол!

Бұл бәріміз үшін орны толмас қаза. Мұндай сенімді және жақын адамыңнан айырылу қиын.

Қалай қайғырып тұрғанымызды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Оны ешқашан ұмытпаймыз.

Оның өмірден өткеніне әлі де сене алар емеспін. Ол үшін дұға етеміз.

Сенің қайғың жайлы білемін, жатқан жері жайлы болсын.

Жақыныңды жоғалту – үлкен қайғы. Жаны жәннатта болсын. Сізді де, ол кісіні де тілегіме қосып жүремін.

Бұл бәріміз үшін ауыр болды. Ол шынымен де керемет адам болды. Қайғыңа ортақпын.

Көңіл айтқан соң одан қандай көмек керек екенін сұраңыз. Сырттай ол өзін жақсы ұстап жүрсе де, оның жан-дүниесінде не болып жатқанын білмейсіз. Сондықтан оның жанында болып, тыңдап, жылап алуына мүмкіндік беріңіз.

Адамға психологиялық қолдау көрсетудің емдік әсері бар, бірақ бұл жерде сақ болу керек. Оның қайғысын жоққа шығаратын сөздер айтпаңыз.

Мысалы, мына сөздерден аулақ болыңыз:

"Мен сені түсінемін". Бұл кең тараған қателік. Ол жұбатпайды, керісінше ашуландырады. Әр қайғы әртүрлі және ерекше, оны басқа ешкім түсіне алмайды;

Басқа біреуді мысал етіп айту. "Мақсаттың да әкесі қайтыс болды, қазір ол жақсы болып кетті".

"Біреулер түгел отбасысынан айырылды".

"Сен мықты болу керексің";

"Отбасың үшін өзіңді ұста";

"Уақыт емші";

"Қалай болды? Неге бұлай болды? Өлерінің алдында не айтты".

massaget.kz

«Денесі көгеріп, тынысы тоқтап қалған»: Жасөспірімді өлімнен құтқарған әйел оқиға туралы айтты
Қазақтардың намысына тиген шешен жігітінің басын кесіп алған азамат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу