Бір-бірін тілсіз түсініп, сөз байласқан қыз бен жігіт
Ерте заманда үш жігіт ұзақ жолдан келе жатып, таң алдында көшіп кеткен үйдің жұртына келіп тоқтайды. Үйдің орнына қарап тұрған біреусі: «Осы көшкен үйдің не бойжеткен қызы, не екіқабат келіні болу керек» дейді.
Бұлар көш сүрлеуімен келе жатып, үйдің керегесін керіп, шаңырағын көтеріп, уық шаншып жатқан жаңа қоныстанушыларға кездеседі.
Әлгі жігіт айтқандай 17-18 жас шамасындағы бойжеткен қыз әке-шешесіне көмектесіп жүр екен. Жолаушылар бір-біріне қарап, сапарлас жігіттің тапқырлығын әңгіме етіп «Бойжеткен қызы бар екенін қалай білдің?» деп сұрайды. Жігіт: «Жатарда кемпір-шал жүктің үстінде жатқан да, қыз жердегі бір бума қамыстың үстіне жайғасқан. Бойжеткен ұйықтап жатып керілгенде, қамыс аяғымен сырғып түскен. Екіқабат әйел де ұйықтағанда осындай күйге түседі. Жұртта қалған қамыстан соны байқадым» дейді.
Осы кезде үйге қыз кіріп келіп, жолаушылардың ортасына бір үлкен кесені төңкеріп шығып кетеді. Қыз кетісімен үшеуі: «Осы кесенің астында қандай зат бар», деп таласады. Біреуі тұрып мұның ішінде ақ зат бар десе, екіншісі жоқ, мұның астындағы қызыл зат дейді. Алғашқы білгір жігіт олай болса қызыл анар болды ғой деп, кесені көтеріп көрсе, шынында бұзылмаған анар екен.
Қонақтарға шай жасауға келген қыз кесе мен анарды алып шығады да, қайта кіріп дастарқан жайып, шай құйып беріп отырады. Қызға қарама-қарсы бөстек үстінде отырған тапқыр жігіт оған көз сала сақалын сипап, тарамдай береді. Мұны байқап отырған бойжеткен жігітке қарап шашын сипайды. Жолаушы жігіт енді өзі отырған астындағы бөстектің жүнін сыпыра сипайды. Сонда қыз жігітке көзін жұмып, тілінің ұшын жылт еткізеді. Ұйқыға кеткен жолаушылар мен үй иелері таңертең төсектерінен тұрса, сақалды жігіт пен қыздың қол ұстасып бірге кеткенін аңғарады.
Соңынан білсе, қыз бен жігіттің ымдасу арқылы бір-бірімен түсінісуі мынадай болған екен: Кесе астындағы анардан «мен әлі анардай бұзылмаған қызбын» деген мағынаны білдіргенін түсінген жігіт, қызға көрсете сақалын сипағаны, «Әкеңе сақалымдай мал берсем берер ме екен?» дегені, қыздың шашын сипағаны «Шашымдай мал берсең береді» дегенді ұқтырады. Олай болса сен үшін малды мына бөстектің жүніндей айдап беремін деп, бөстектің жүнін сыпыра сипаған жігітке ырза болған қыз, көзін жұмып, тілін шығарғаны «ел ұйықтаған кезде келіп тілдес» деп белгі беріпті. Осылайша бір-бірімен ақылы тең екі жас қосылып, мұрат-мақсаттарына жетіпті дейді.