Апам тіккен ақ дамбал

Oinet.kz 19-10-2022 776

Үлкен Шіңгілдің жүйрік басындағы жәннат жайлау Білеуті-Құжыртыға ел енді жетіп отыра қалған кез еді. Орта жайлаудың шөбін тулақ сүйреткендей тақырлап барып төр жайлауға дүрк көтеріле көше жөнелген елдің жыл он екі айдағы ең бір естанды рахат шағы осы.

Screenshot_12.jpg

Шалғыны кереге жайдырмай, бітік шығып, жайқала өскен соныға ауызы енді ғана ілінген мал атаулы ілгері баса алмай, өріске де ұзамай, іркіле тоқтап, іргенден жұлып мамырлап жатып қалады. Семіздікті былқ етпей көтеретін жалғыз жаратылыс деп мақтайтын қой жарықтықтың өзі «ойпыр-ай, мәәәә мынау деген не ғажап, сендер қалай жеп жатсыңдар» деп бір-бірімен қуана қауқылдасқандай аузы толы көк өрім шөпке қақала маңырап, мастанады.

Мен атам мен апам бауырына салып алған еркесі едім. Біздің үй әулеттің ең үлкен қара шаңырағы. Сондықтан судың ең басына біздің үй, одан төменірек атамның інісінің үйі, одан ары таман оның інісі Қозыбай шалдың үйі дегендей ретімен ақ шағаладай болып тізіліп үлкен аңғарды жағалай жиырмашақты үй отыра қалады. 

Қанша ерке болғаныммен бұлжымас бір міндетім бар, ол – бұзау жаю. Күллі дүние күйіп кетсе де былқ етпейтін апам бұзау еміп қойса бітті, шақ-шәлекейімізді шығарып, айналасын бидайдай қуырады. Тіпті жайшылықта суық жүзін сыртына салып, бір қарап-ақ жым қылатын атамның өзі міңгірлеп қалады. Дәл сондай күні жүзі майырылған айбалтадай айбары қайтып, жуаси қалатынына ызам келетін. Күнде қырық күн шөлден келген сандал атандай соза сораптап, асықпай ішетін шәйінің де дыбысын шығармай қылқ еткізіп жұта бере ме, қайтеді өзі. Ол уақта 9-10 жастағы бала деген бәрін байқайды емес пе, әйтеу сонысына қайранмын. Апамның сондағысы құрт пен май ғой баяғы. Жайлаудан ойға түскенде «апамның құрты», «апамның майы» деп қаладағылар жан-жақтан ағылады. Бір күн сиыр емсе соларға жеткізе алмай қалам дей ме екен, әйтеу біздің үйде бұзау ему деген үлкен оқиға.

Жә, оны қойшы. Ақ дамбалдың әңгімесіне көшейін.

Ол кезде біздің ауылдың ауына бүгінгідей шаппен шап болып жабыса кететін үшбұрыш базар дамбал жете қоймаған еді. Балалардың өзіне түрлі матадан балағы қызыл асығыңа дейін жететін шалдардікіндей ұзын дамбал тігіп беретін. Оның өзінде бір балада біреу ғана болады. Анда-санда жуылып қалған түні жарқыраған саныңды кіндігіңе таман тақаңқырап, иіріліп жатып ұйықтап кетесің. Таңертең ояна бере түнде теуіп тастаған көрпешеңді лып еткізіп жамыла қоясың да, әлі ұйықтап жатқан адамдай біраз жатасың. Сөйтіп жуа-жуа бір дамбалым бұтымнан іріп түсіп қалғанда, апам су жаңа ақ матадан үлкен дамбал тігіп берді. Белін бүріп, оған бау өткізді. Содан кейін екі санына екі үлкен қалта салды. Бәлен жас жасап тастамасам да, дамбалға қалта салғанды көрмеген екенмін. Кейін де отыз жылдай жасап келем ғой, қалталы дамбал дегенді әй көрсем бұйырмасын. «Келген соң бауын басқа матадан жақсылап ызып берем. Бар төменгі ауылға барып дамбалыңа байғазы сұрап кел. Түс ауып барады, ертерек қайт бұзауың еміп қоймасын» деді. Сөйтсем апам жарықтық ол қалтаны бекер салмаған екен ғой, соның алдында ғана Қозыбай шал қалаға барып базарлап келген. Атасының баласы су жаңа киіміне байғазы көрімдік сұрай барса, қалтасын тәттіге толтырып жібереді дегені екен ғой. Ол кезде кәмпиттің тапшылығы деген сұмдық еді. Қыдырып келген үлкен кісілер қалтасынан бір кәмпит алып берсе үйіңнен кеткенше атын арқандасып, қолына су құйып зыр жүгіріп қызмет қыласың. Сөйтіп ұзындау тігілген ақ дамбалға қызыл матадан жадағай бау өткізіп, кіндік тұстан шарта байлап, «ал бара ғой» деді. Жаздың май тоңғысыз жәйлі шағында кіндіктен жоғары лыпа да ілмей, жалғыз дамбалмен құлдиға қарай құлдыраңдай жөнелдім. 

Желе жүгіріп, жіти басып шатырдай боп төменгі ауылдың шетіне іліндім. Кіре қалған үйім бірден ұқты. «О, атасының баласы көрімдік сұрай келген екен ғой» деп кіші апамыз дамбалымның қалтасына қызыл ірімшіктен бес-алты түйірін сүңгітіп жіберді. Байғазы бергеніне қуанып қалғаныммен, үйдегі дастарханда да үйіліп жатқан ірімшікке көңілім онша көнши қоймады. Сыртқа шығып балалармен біраз ойнап, ірімшігімнен бере жүріп, оны да тауысып қойдым. Енді үйге қайтуым керек-ау дегенге таяғанда Қозыбай атамның үйіне кірдім. Байғазының көкесі сонда болды. Ол үйдегі апамыздың да қолы ашық, жақсы адам еді, жұдырықтай мұз қанты араласқан екі уыс кәмпитті екі қалтама әкеп салып жібергені. Жемей жатып екі ұртым сілекейге толып кетті. Жұтына далаға атып шығып, күтірлете шайнадым-ай шіркін. Екі-үшеуін емін-еркін шайнаған соң барып зарығым басылып, енді ішінен таңдап алып, малтай бастадым. Айналайын ақ дамбалымның қалтасын сыртынан басып-басып қоям. Жіпсиген көздерін сұрана, өңменіңнен өткізе сұғанақтана қадап екі-үш бала келді. Жетім лақтай соңымнан қалмаған соң оларға да бір-біреуін бердім де, қалтам ортаймай тұрғанда бұл маңнан қарамды батырайын дедім. Күн де еңкейіп қалған екен. Үйге дейін де біраз жер. Бұзау да еске сап ете қалды. Жоғарыға қарай жорта жөнелдім. 

Жарықтық жайлаудың мінезін жан түсініп болмайды ғой. Шәйдей ашық тұрған аспанға бір қара бұлт үйірілді де, бұзау емген күнгі апамның түріндей қара қошқылданып барып әп-сәтте шелектеп жаңбыр құйды да кетті. Қайта қарағайдың шетіне де ілініп үлгерген екенмін, бір жуан қарағайдың астын паналап отыра қалдым. Жаңбыр басылсашы. Сағатқа жуық отырған шығармын, селкілдіп тоңа бастадым. Күн де кешкіріп барады. 

Тәттімен қатар бұзаудың уайымын жеп дағдарып отырғанымда жарықтық жаңбыр да толастай қалды. Орнымнан атып тұрып тоқал тұмсықты айнала бергенде, мөп-мөлдір боп сылдырай ағып жататын таяз су таудың бүйені жарылып кеткендей сап-сарыала боп төңкеріліп, арнадан асып долданып, жөңкіп, мөңкіп ағып жатыр екен. Сел түсіп кетіпті. Әдетте арлы-берлі өтіп жүрген ұзын дөңбек көпірді үстінен аса шапшыған асау толқын сәлден соң оның өзін жұлып әкетердей солқылдатады. Ендігі бар ойым дөңбек орнында тұрғанда арғы жағаға өтіп алу болды. Бұзауға жетуім керек. Тәуекел деп аттың беліндей алып дөңбекке құшақтай жабысып алға жылжыдым. Ортасына таман барғанымда, бір толқын кеп белден төмен соғып өткенде екі аяғымды ербең еткізіп, ағынға бұрып әкетті. Құдай сақтағанда бір жуан бұтағынан мықтап ұстаған екем, жібермей қалдым. Бар күшімді салып тырмысып, тұтас денемді дөңбекке іліндіре бергенде тағы бір толқын кеп тура сегіз көздің тұсынан соққанда ақ дамбалым лып етіп жоқ боп кетті. Малтап жүріп абайсызда жұтып қойған кәмпиттей, лып ете қалды. Әй апам-ай, «тез барып қайт» деп таға салған жадағай бауы торғын мата екен, оның алдында да қалтама салған кәмпиттің өзін ұстап тұра алмай бірнеше рет сусып кеткен еді, енді міне, толқынға шыдас бермеді. Дамбал кетті. Кәмпит те. Соңғы рет қарап та үлгермедім. Ізім-ғайым. Жуан дөңбектің үстінде тыржалаңаш тырмысып ілгерілеп келем, ілгерілеп келем. Бүйірден бір неше рет бұтақ та соғып өтті. Әйтеуір басыма ештеңе тимесе екен деп, оқ жыландай қақшитып, алға қарай тырмыса бердім. Мұндайда негізгі салмақ кіндіктен төмен тұсқа түседі екен. Қотыр дөңбек сызған жерлер ашытып әкетіп барады. Оған қарайтын жағдай жоқ. Ес кетіп, жан шыққанда дығдырым әбден құрып, сілелеп жағаға жеттім-ау әйтеуір.

Аман өткеніме қуанып сәл тыныстап отырғанымда дамбал да, дамбалдағы тәтті де, бұзау да бәрі қатар есіме түсе кеткені. Дөңбек тілгілеген шабым мен ішім удай ашып орнымнан тұрдым. Екі алақанымды айқастыра алдыға салып бүкшеңдей бездім. Кішкене белегірдің үстіне шыға келсем, сиырлар өрістен келе жатыр екен, бұзаулары маң-маң басып бірге келе жатыр. Күнде бұттарына сыймай шайқалып келе жататын қарасан келгірлердің желіндері жұдырықтай-жұдырықтай болып қушиып, өздері сидаң-сидаң етеді. Бұзаулары да бір армансыз емген екен, езулерінен аққан ақ көбік шөпке ілініп шұбатылады. Отыра кеттім. Енді не болдым? Не дамбал жоқ, не кәмпит, не сүт жоқ. Тоңып та кеттім. Үйге жүгіріп барғанмен, үйдегі ауа райы даладан суық болатыны өзіме аян. Үй жаққа үңіліп едім, атамның аты көрінбейді. Тым болмаса атам келген соң барайын дедім.

Жаңбырдан кейінгі болар-болмас желеміктің өзі жалаңаш денені қалтыратып жібереді екен, көзіме үйден алыстау дөңде ескі ағаш бейіттер бар еді, сол түсе кетті. Сәл де болса ықтасын ғой деп, солай қарай бүкшеңдеп жүгіре жөнелдім. Күн ұясына жақындағанда бойымды қорқыныш билей бастады. Бейттің тұсынан үй де толық көріне қоймайды. Атам қай жақтан келер екен деп әлсін әлі ашыққа шығып қарап қойып отырам. Қас қарайып, көз байлануға таяғанда бір жақтан ат тұяғының дыбысы естілді. Ашыққа шыға келсем, атам екен. Не дерімді білмей екі қолды алдыға сала қусырып, состиып тұра қалдым. Маған жалт қараған атам «астапыралла!» деді де атын ұрып-ұрып жіберіп ары қарай тұра шапты. Апақ-сапақ, бейуақ. Мен соңынан тұра жүгірдім. «Ата тоқта, ата!» деймін, артына қарап-қарап қойып шабады. Сәл жүгіргенде-ақ өкпем күйіп бұралып жата кеттім. Атам жын-шайтаннан құтылғандай кішкене дөңестен асып, үйге қарай түсіп жоқ болды. Не боп кеткенін өзім де түсінбей қалдым. Атам емес пе әлде деп қоям. Сүйретіліп орнымнан тұрып жүре бергенімде атам маған қарай келе жатыр екен. Қуанып кеттім. «Ата» деп айқай салдым. «Оу, балам, оу балам-ау, мұнда не ғып жүрсің? Мынау не жүріс көрден шыққандай? Киімің қайда?» деп атынан құлай-мұлай түсті де, мені жып-жылы өңіріне тығып ала қойды. Тамағыма жойқын бір өксік тығылып, тынысым тарылып, булығып бара жаттым да, тұла бойымнан бір ыстық ағын көтеріліп кеп екі көзден төгіліп-төгіліп кетті. Ып-ыстық, жалпақ алақанымен айғыздай алай да былай да сүртті, селдей ағылған ыстық ағын таусылып берер емес. Өксіген сайын толқынданып кеп домалайды.

Алдына алып, жаздық жұқа шапанның екі өңірін қаусырып алды. Дамбалымды сел алып кеткенін тәптіштеп отырып айттым. Атам шошып кетті. «Құлыным-ау» деп  құлақ түбі, тамағыма дейін тұмсығын тығып мұртын  батыра иіскеп-иіскеп алды. «Болды, екеумізге бүгін сүт те, айран да жоқ, бар да жата қал» деді атам есік алдына келгенде. Апам сыртта жүр екен, жүгіріп бардым да, атамның сеңсең ішігін тас бүркеніп жата қалдым. Суықтан кеп жып-жылы жерге кіріп кеткенде маужырап тез-ақ ұйықтап кеткен екем. Таңертең оянсам оттың басында атам мен апам шүңкілдесіп отыр екен. – Сел түскенде жаным шығып кете жаздады, жүрегім аузыма тығылып, – деп қояды апам. – Қайта бұл мықты ғой, ана өздеріндегі болса (менен бір жас кіші қаладағы інімді айтып отыр) дөңбекке жабысуды да білмес еді, – дейді атам. – Мал көрмеген қайдан, бала малдың шетіне шықпаса ес кірмейді ғой, баланы мал тез есейтеді, жіберіңдер десе үлбіреп отыр ғой, – деп қояды апам. – Қайтесің, өздері білсін, әкел деме, бірдеңеге ұрынып пәле болар, - дейді атам.

Сол бір сәт мен өзімді есейіп кеткен үлкен жігіттей сезінген алғашқы сәтім еді. Сол сезім тұла бойымның әлде бір қалтарыс бұрышында сол күйі ап-анық сақтаулы тұрғандай.

Орнымнан тұрғанда апам жалаңбұтыма шалбар берді де, «бар, дамбалды тауып әкел. Саған күнде дамбал тігетін мен мата өндіретін өкімет пе едім, тігіп берген дамбалға ие болмай, бар, ізде...» деп шығарып жіберді. «Ертең мал-жаныңа қалай ие болмақсың» деп қояды арасында. 

Ақ дамбалды іздеп тағы да жолға шықтым. Қара іске жан бергендей аяғым алға жылжымайды. "Қоя салса қайтеді екен? "Сел әкеткен дамбалды қайдан табам?", "кеше суға кетіп қалсам да мені емес дамбалды іздейтін секілді ғой" деп күңкілдеймін іштей. Сөйтіп нарау басып  үш-төрт тұмсық айналып бір жазықайға шыға келіп ем, ақ дамбалым алыстан жалаудай жарқ ете қалды. Үлкен бір жалпақ тасқа жайған терідей керіп тұрып жапсырып кетіпті. Ауы керіліп жатыр ей, жарықтық. Әй қуанғанымды-ай! Жүгіріп барып қалтасын ақтардым. Бір қалтасында құмға аралақан екі-ақ кәмпит қалыпты. Соның арасында қалтасы мен ышқырына құмырсқа да толып үлгерген екен. Қалтаны аударып жіберіп жалпақ тасқа екі ұрып едім, жоқ болды. Өзі құрғап та қалған екен. Киіп алайын десем әлгі сусылдаған қып-қызыл торғын бауы құрғыр сол сусығаннан мол сусып, ақ дамбалдың ышқырынан да шығып кетіпті.

Ақ дамбалдың балағын желкеме бала мінгізгендей салбыратып салып алып үйге қарай аяңдадым. Өзімді бір жоғалған малды тауып әкеле жатқан ересек адамдай сезініп, көңілім өсіп, ойыма әр қиырдан әрбір әндердің қиықтары оралып ыңылдап, масайрап әндетіп келе жатырмын. 

Әлде мен шынымен сол ақ дамбалдың оқиғасынан кейін есейе бастадым да, өзіме де түсініксіз. Жатарда ылғи «батырлығыңызды айтыңызшы» дегенде небір ерліктерін айтып жатып ұйықтататын атам жарықтық та сол бір бейіттен қашқан күннен бастап батырлығын да айтпай кетті.

Ел етекке түскенде жан-жаққа ұзатылған қыз-қырқын, қала жастанған туыс-қиыстың бәрі біздің үйге келеді. Апам байқұс жаздай жиған қарын-қарын сары майы мен қап-қап ақ жарма құрттарын үлестіре бастайды. Олар мәз. Жыл бұрын ұзатылған сүт кенжесіне "мынау саған арнайы алғаным, төр жайлаудың алғашқы шөбінің майы" деп қозы қарынына сірей толтырған сары майды оңашада бөлектеп беріп жатқанын байқадым. Баяғы сол бұзау емізген уақыт қой. Сөйтіп ой жайлаған туыстар мәз-мейрам болады қалады. «Апамның майындай май жоқ», «апамның құрты-ай, шіркін». «Апам байқұс соны есту үшін алты жаз таң бозынан тұрып сиыр сауып, құрт қайнатып, саба пісіп шаршады ма сонда?»  деп те қоям іштей. Сондай кезде апам «ой, жалғыз мен алды дейсің бе, Халықжан екеуіміздің (апам мені еркелетіп Халықжан дейтін) алған құрт-майымыз емес пе!» дейтін. Шынымды айтсам ол сөзге мен де мәз боп қалушы едім іштей. Жаздайғы бұзаудың азабы сол сәтте-ақ ұмытылып кете баратын. Есесіне, құрт-май алғандар менің оқу құралдарымнан тартып сатып әкеліп, базарлыққа байытып кететін. Беделім бес баттам боп отырамынмын марқайып. 

Балалар есейіп, жан-жаққа оқу, жұмысқа кетіп, әлдебір той-томалақта бәрі жиналып, той тарқаған соң бір үйде өскен ең жақындар отырып бір шәй ішетін шуақты сәт болады емес пе әр үйде. Сондай отырыстарда естігені де, естімегені де «апаңның ақ дамбалын айтшы» деп жүріп «апамның ақ дамбалы» атанып кеткен әңгемі осы еді ғой. 

Ұларбек Нұрғалымұлы

«Қорыққанға қос көрінеді» деген сөз осыдан шыққан
Қазақтардың тірі болып, жер басып жүргендері татарлардың арқасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу