Мал қорадан қара тұз үзілмеу керек
Кейінгі кезде ауыл малдарының белгісіз дертке ұшырап, ауыздарынан сілекейі шұбырып қырылып жатқандығы туралы жаңалықтардан жар салып жатады. Шынында да кейінгі жылдары мал арасында белгісіз дертке шалдыққандар өте көп. Оның сыры неде?..
Өткен жолы жолымыз түсіп қала маңындағы малды ауылға бардық.
Қолдағы малдың ішінде бір тайынша "аузынан сілекейі шұбырып, жайылмай ауырып тұр",- деп үй иесі өзге малдан бөліп, қораға байлап қойыпты. Алдында жем-шөп тұрғанымен ауыз салмай тұр жануар. Мал шаруашылығының қыр-сырын жақсы білетін Серікхан мырза әлгі тайыншаны көре салып үй иелеріне:
- Тұз әкеліңдер!,- деді. Ыдысқа бір-екі уыс тұз салғызды да тайыншаның аузын кере ашып тұрып бірнеше рет ысқылады.
- Бұл "аусыл" деп аталатын дерт. Жануарлардың таңдайлары жабысып, уылады, сілекейленіп, шөп жеуден қалады. Мұндайда жиі су беріп, таңдайын тұзбен ыса беру керек. Баяғыда мал сырын білетін бабаларымыз мал қорадан тұз үзбейтін. Әлсін-әлсін тұз жалап тұрған мал анау-мынау аурумен ауырмайды,- деді.
Жем-шөпке қарамай, сілекейі шұбырып тұрған жануардың аузын тұзбен бірнеше рет ысқылағаннан кейін-ақ қатарға қосылып, шауып кетті...
Қайран біздің бабалар! Тұздың адамға да, малға да ерекше емдік қасиетін білген ғой.
Кәдімгі ас тұзы ауыз қуысы мен тұмауды емдеуге жақсы көмектесетін көрінеді. Тіпті тұзды пайдаланып, буын мен тамыр ауруларынан бастап, артық салмақтан арылуға дейін болады.
Қазақта: "Қазақта дәм-тұзың таусылмасын" деген аталы сөз бар.
Неше мың жыл бұрынғы бабаларымыз тұзды тастамай өздерімен бірге ала жүрген. Тіптен, Шыңғысханның сардарлар мен сарбаздарының қалтасында тұз жүретіні аңыз болып айтылады. Ендеше тұздың не кереметі, қандай пайдасы бар?
Құрамында кальций, тотияйын, темір минералдары, түрлі қоспалары бар тұзды малдың науасынан еш үзбеген.
Тұздағы темір, йод, кальций минералдарын жемеген сиырдың сүті, қойдың жүні аз болатынымен қоса малдардың ішек құрты сияқты түрлі ауруларға шалдыққыш келетінін, бұдан басқа да қасиеттері көп екенін білген.
Тұз денедегі сұйықтықты сақтайды әрі тамақтағы түрлі микробтар мен бактерияларды жояды. Бала кезімізде қорадан қысы-жазы малға арналған қара тұздың үзілмейтінін көріп өстік.
Кейінгі мал шаруашылығымен айналысатындар мал қорадан малға арналған тұзды үзбегені жөн.
Алмахан Мұхаметқалиқызы