Бұрынғының келіндері-ай

Oinet.kz 19-10-2022 562

Әуе айналып жерге түскендей шіліңгір шілде. Үп еткен ауаның лебі жалындай шарпиды. Бұл кез, әсіресе, жасы ұлғайған қарттарға қиын. Шілде өткенше ыстық соғып, үлкендер жағы кәдуілгідей қалжырап қалады.

Screenshot_6.jpg

Бізге көрші қонған үйдің шал-кемпірі болатын. Жас шамалары жетпіс-сексеннен асыңқырап кеткен болу керек. Құдайдан тілеп алған жалғыз баласы бар. Ауылдың мал дәрігері болып қызмет атқарады. Көбінесе ат үстінде, жазғы жайлауға шашырай қонған малшыларға қызмет көрсетумен жүреді. Шал-кемпірдің күтімі Ырыс есімді келіннің мойнында. Ауыл-үйдің адамдары: «Ырыс десе, Ырыс-ақ қой, келін болса осындай болсын!»,- десіп, Ырыстың әрбір қылық-қасиетін үнемі үлгі-өнеге тұтып отырады. Десе дегендей, Ырыс та үлкен-кішіге бірдей қадірлі, қылық-қасиетімен іші-бауырыңа еніп тұратын, айрықша сүйкімді жан еді. Әсіресе, ата-енесінің асты-үстіне түсіп, үкідей ұшып жүріп қызмет көрсететін…

Бірде киіз үйдің көлеңкесінде домбыраға тиек жонып отыр едім, көрші үй жақтан: «Қайным!»,- деген дауыс естілді. Қарасам, Ырыс, киіз үйдің есігінен басын ғана шығарып, мені шақырып тұр. Шілденің ыстығында көлеңке іздеген жылан, бақа, кірпі сияқты жәндіктердің киіз үйге кіріп кететіні болатын. Сондай бірдеңе ме деп жүгіріп келсем, Ырыс: «Төрде жатқан атамның шапанын керегенің басына іліп берші!»,- деп қиылады. Мұнысын мен әзілге балап: «Ой, сөзің құрысын, бірдеңе болып қалған екен десем!»,- деп, бұрылып кете бермекші болдым. Сол кезде Ырыс шыншыл қалпымен: «Ойын емес, өтінемін, ата-енемді көрші үйлер қымызға шақырып кетіп еді. Күннің ыстығы мынау, келгенше отыратын орындарын қағып-сілкіп, іргені түріп, үйді салқындатып қояйын деп едім. Нең кетеді, атамның шапанын іліп бере қойшы!»,- деп одан бетер қиылды.

Ырыстың жүзінен де, сөзінен де әзіл-қалжыңның нышаны білінбейді. Мен әлденені түсінбей тұрған қалпымда таңырқап: «Өзің неге ілмейсің?»,- деппін.

Сонда Ырыс өзгеше бір байсалды қалыпқа түсіп, айтуға болмайтын құпияны амалсыз айтып тұрғандай, дауысы дірілдеп: «Онда… онда атамның жағасына қолым тиіп кетеді ғой!.. Олай етуге болмайды ғой!»,- деді.

Мен сол кезде осы сөздің байыбын білмесем де, бұрын беттесіп көрмеген аса маңызды істі атқарудың қажет екеніне күмәнсіз сеніп, еш қарсылықсыз қарияның шапанын керегенің басына іліп бердім.

Ырыстың нұрлы дидары бал-бұл жанып, үлкен бір шаруа тынғандай көңілі әп-сәтте жайланып, шыншыл шыраймен: «Тәңір жарылқасын!»,- деді.

Ақселеу Сейдімбек

"Құрмет" (бұрынғының келіндері)

Махмұд көшкенде көршілер неге жылады?
Мал қорадан қара тұз үзілмеу керек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу