Біз ашылдық па?

Oinet.kz 04-08-2022 1220

7fe67114fcf1c0f2c6ee03cb17802ffc.jpg

         Отанымыздың қайсы өңіріне барсақ та, адам шоғыры мол, маңызды орындардың көрнекті жерлеріне үлкен әріппен жазылған «Біз ашылдық» деген маңдайшалықты жиі кездестіреміз. Өзімнің талдауымша бұл сөздің түпкілікті мағынасы Егемендік алдық, Бодандықтан бостандыққа ие болдық, рухани мәдени, ғылым, техника, тіл еркіндігі, ұлттық дәстүріміз қалпына келді. Барлық жақтан есет-ендік алдық. Енді қазақ елімізді көркейтуге жол ашылды деген сөз деп түсінемін. «Ашылдықтың»  мағынасы  Иллахим осылай болсын. Әрі осы арман - тілегіміз қабыл болып, жүзеге ассын деп тілеймін. Ашыла берейік, қайта жабылудан Алла сақтасын.

         Үстірт кетсем кешіріңіздер, қазіргі жалпы қоғамдық беталысқа зер салып қарағанда, кейбір жақтан ашылғанымыз жоқ, басылдық. Кейбір жақтан ашыламыз деп шашылдық.

Бірінші, әлемді алла жаратты десек, сол дайын әлемдегі табиғатты бойұсындыратын, өзгертетін, дамытатын сол арқылы адамзатқа бақыт жарататын құдыретті күш – ғылым ғана. Олай болса, еліміздің ғылым, техникасы әлі де мешеу болып отырғандығын ғылым сүйетін есті азаматтардың қай - қайсысы да мойындайды. Бұл мешеулікті жойып, елімізді әлемдегі дамыған елдердің қатарына жеткізу үшін, ең алдымен оқу-ағартуды дамытуға баса мән беру тиіс. Қазіргі ахуалда оқу-ағарту жүйеленбей отыр. Оқушылардың шынай білім алуына тұсау болып отырған кедергілер күрделі, мұның басты себебі: мұғалімдердің кәсіптік өресі төмен, ашығын айтқанда, қабілеті жоқ шала сауатты мұғалімдер баршылық. Олар пара беру арқылы жұмысқа орналасып алған. Білімді, ғылымды шынайы сүймейді. Тек ақша тауып, жан бағу мақсатында жүргендер. Ондайлардың санасында Отан, ұлт, ұрпақ тағдыры деген мүлде жоқ. Білімділерді сүйеніші арқылы ығыстырып, артымен дирмен тартатын тобырлар. Екінші себеп, жемқорлықтың тамыры балабақшаға дейін тараған. Айталық, мемлекет әр жылы балабақшаларға аз болмаған қаражат бөледі, бұл қаржының ішінара жемқор директорлар жымқырғанын айтпағанда балаларға берілетін сүт, шоколад т.б тұрмыстық бұйымдарды жәй мұғалімдердің өзі дорбалап әкетіп, сәбилерге өлместің күнін көрсетіп жүрген жәйттер ашықтан-ашық байқалып жүр. Енді бір жағынан, ішінара мұғалімдер ынталы оқушыларды қолдағанның орнына оқуды жаны сүймейтін бай балаларынан теңге алып, жоғары бағалап, шынайы талпынғыш оқушылардың қызығушылығын суытып, оларға жемқорлықтың жолын үйретіп, отырған ахуал жоқ емес. Бұдан сырт иттің арты тырқ ете түссе, мереке тойлау немесе оқушыларды серуенге апару сияқты желумен ақша жинап, қалжуыр түсіретін амал өз алдына бір төбе.

Екінші, оқу-ағартуды дін құрсаулап отыр. Мен өз басым қалыпты мұсылманшылық дінге құрмет етемін. Өйткені, шынайы шариғатта ғылым баса дәріптелген. Ғылым әрине, діни сенімнің алдында тұруға тиіс. Қазір қазақстанда ғалымнан гөрі имамды құрмет тұтатын мешеулік пиғыл көрініп отыр. Молло сымақтар жаратушыға алақан жайып, тілек тілеуден басқа, мемлекет тағдыры, ұлт болашағы кәперінен  келіп жүрген жоқ. Мен жуықта бір молланың шариғат сөйлеу барысында «Жастар ашық-шашық киініп, университет оқығанша, медреседе оқу керек» - деген теріс уағызын естіп, қарадай қынжылдым. Алайда, осы жерде көпшіліке ескерте кетер бір жайт, бұл молла да белгілі негізбен айтып  отыр деп ойлаймын: мектептегі кейбір сапасыз оқытушылар жеткіншек балаларды моралсыздыққа тәрбиелеу жайты жоқ емес, ашығын айтқанда балаларды жүйелі білім алудан гөрі бойтузеуге еліктету, тіпті ұл қыздарды жұптарсырып ұлтымыздың дәстүріне үйлеспейтін оғаш билер сияқты қимылдарға ұйымдастыру арқылы , олардың сезіміне кері әсер жасайтын анайылықтар көрініп отыр. Қатаңырақ айтсақ, мектеп некеге таныстыру орны емес, мәдениеттің ошағы екендігін сергектікпен ескеру керек. Енді бір жағынан кейбір жастарымыз ғылыми жаңалық жаратуға құлшынудың орнына, қажыға барып келіп, қыздар бет-аузын бүркенсе, ұлдары сапсита сақал қойып, ұлтымыздың дініне жат салттарды шығаратын болып алды. Мұны «тек» деп жатқан үкіметті де, молланы да көрмедік.

       Үшінші, тіл жағындағы шұбарлық оңалмай келеді. Жақында бір қаладағы билік ұстап отырған азаматтың номеріне қоңырау шалсам, сөзімді түсінбей орысшалап тұрып алды. Мен одан: «Атыңыз кім?»- деп сұрасам, «Абай»-деді шімірікпестеп. Қаным басыма бірақ шықты: «Қазақты түзей алмай еңіреп өткен есіл бабамыздың қайран аты-ай, сендей мәңгүртке қор болған»- деп телефонды қоя салдым.   Біз басқа ұлттың тілін үйренбеу керек деп отырғанымыз жоқ, қайта өзге ұлттардың тіл – жазуын өзіндей игерсек, олармен ғылым, мәдениет жағынан теңелсек тіпті артылсақ, бұл әрине мемлекетіміздің мақтанышы ғой. Айтпағымыз қазір көптеген адамдар қазақша атау бар сөздердің өзін тастап қойып, орысша атау қолдануға әуестеніп барады. Сонда бұл «Ашылғандық» бола ма?. Орыстың қыз-жігіттері қазақшаға судай зырлап тұрғанда, өз тілін өзі білмейтін тоғышарларды жөнге салуға үкіметтің құдіреті жетпей келеді.

Төртінші, Қазақстанда қазақ ұлты рухани мәдениет жағынан қалай айтсақ та басқа ұттардан артта екендігін мойындамасқа лажсызбыз. Оған бір қанша жақтан дәлел келтіруге болады. 1. Қазақстанда не көп, өнер жұлдыздары көп. Біздің қазақ ән айтып, домбыра шертіп, би билеп, той тойлағанын «Рухани мәдениетіміздің дамығаны» деп масаттанып ақша тапқанына мәз боп жүр. Ел тағдырына бас қатырып ұлт қамын ойлап жүргендер шамалы. Отанның гүлденіп, көркеюі үшін ми жұмсасаң, ұлт үшін нақтылы іс тындырсаң, нағыз рухани мәдениет сонда жаратылған болады.

2. Елімізде бардамдығына марсиып, көл-көсір той жасап, ас та төк ас беріп, ұлтымыздың дәстүріне жараспайтын, қажетсіз мерекелер өткізуді әдетке айландырып жүргендер көп. Жоқ – жітікке көмектесіп мемлекеттік мүддесін қорғайтындар аз.  3. Мемлекет, Отан, ұлт үшін басын бәй тігіп, игілікті іс істеп, жұмыс тындыратындар аз, сөз жадылар көп екен. 4. Азаматтарымыз да мемлекеттің, ұлттың абыройымен санасытындар кемшіл, ненің шынайы мәдениет, ненің мәдениетсіздік  енедігіне мән беру жетерсіз. Бұған айтар бір ғана мысал: шетелден немесе сырт обылыстардан туыс-туған, дос-жарандар келсе, алдынан қарсы ала шыққандардың әуежайды басына көтеріп, домбыра шертіп ән айтатын тіпті ең сорақысы мемлекет әнұранын айтып шығатындарды көрдік.  Әуежай – тойхана немесе көңілашу орны емес, халықаралық маңызы бар әлеуметтік қызмет өтеу орны. Ал мемлекттік әнұраны ойыншық ән емес, бір елдің абыройын әйгілейтін ән. Олай болса мұнымыз, «Ашылғандық» емес, Заң тәртіпті басынғандық, асып кеткен дарақылық. Бұл жөнінде әуежай мекемесі қатаң тәртіп орнатпаса болмайды.

Бесінші, Қазақстанда Заң түзім мешеу халде. Қатысты атқару органдарға оқу мағлұматы жоқ. Заңдық сауаты төмен. Шаш ал десе бас алатын, әпербақан, ұр да жық ноғандар орналастырылған. Айталық, қаншама адам нақақ сотталып жатыр. Қаншама нағыз қылмыскер пара беріп бостандықта жүр. Бұдан тыс жуықта мектепте оқып жатқан бір оқушыны әскерлікке апарамыз деп, даладан тарпа бас сап ұстап апарып қамаған тұрпайылылықты көрдік. Естуімізше бұл біреу ғана емес, бірталай бала жігіттерді зорлап апарып, шашатарына дейін қырып тастап, масқаралаған. Кішкентай балаларға қаттырақ зекісең «Сотталасың» дейтін аталмыш

«Адамдық құқық» осы ма?  Қазақта  «Сүйреп салған тазы түлкі алмайды» деген мақал бар. Басымызда ми болса әскерлікке байлап-матап апарылған адам жауға оқ атқанды қойып өзіңе оқ атпай ма? Егер әскерлік міндет өтеуге шарты толып тұрған болса, өзіне ұқтырып, сол азаматтың ата-анасының разылығымен өзінің ықтиярлығын алу керек емес пе? Отан қорғау борышы жөніндегі үгіт-тәрбие дұрыстап жүргізілсе, барлығы да иланады. Қазақтың  «Бермейтін сараң жоқ сұрау жетсе» - деген мақалын ескеру керек. Бірлік болса алынбайтын қамал жоқ.

Алтыншы, медицина саласында былықпалық ауыр. Мұндағы ең шектен асқан қорқыныш тұсы мынау: науқастар емханаға апарылып, дауалау өнім бермей қайтыс болған адамдардың мәйітін ақы иелеріне бермей әурелейтін. Тіпті, өз үйінде қайтыс болған адамның өзінің сүйегін тартып әкетіп «Боршалап тексереміз» деген желеумен ақша төлететін, ебіне келтірсе ағзаларын ұрлап алатын қара ниеттік ахуал ашық көрініп отыр. Ойлаңыздаршы, адамдық құқықты аяқ асты етудің осыдан өткен ауыр түрі бола ма, Сіздерше бұл ғылыми зерттеу жағынан «Ашылғандығымыз ба?» біреу зар еңіреп жатқанда, біреу жемтікке түскен құмайдай мәйітті рәсуалап жатса, мұсылмандық адамгершілікке жат. Бұдан өткен жендеттік болмас. Қазақстанда медицина саласында тағы бір сақталып отырған кінәрат, жексенбі күні бүкіл Қазақстанда емхана жабық болатыны күлкілі – ақ. Сонда науқас адам жұмыс күніне туралап ауру керек па? «Өлім болжаусыз», «толғақ болжаусыз» дейді қазақ, әрине ауру да болжаусыз ғой. Олай болса, емханаларда жабық күн болмауы тіпті жиырма төрт сағат ашық болуы тиіс.

Жетінші, Қазақстанда базар басқару әлсіз. Керанаулық ауыр. Өз тірлігін көріп, жеке дүкен ашушыларға үкімет жағынан қолдау көрсетіп, тұрмыстық жақтан қамтамасыздандыру жетерсіз. Айталық, кез-келген базардан қыстың ызғарлы аязында, жер тепкілеп, суық үйде қоқшақтап, сауда істеп тұрған кәсіпкерлерге жаныңыз ашиды. Бұлардың өлген-тірілгенін ойлап, жылу жүйесімен қамдауды каперіне алған үкімет жоқ. Оны бұлай қойғанда суыққа шыдай алмай, бөлмесін тоқпен жылытқаны үшін адыраңдап, айып салуға дайын тұратын дөрекіліктер жүрегіңді ауыртады. Бұдан сырт бүкіл қазақстанда аптасына бір күн жабық болатын түзім бар екен. Бұл күні дүкен ашып тірлік жасағысы келетін еңбекқорларға тағы сол адыраңбайлар жол қоймайды екен. Біреудің жан бағысына кедергілік жасап, қоқан-лоқы көрсетудің өзі, адамдық құқыққа қолсұққандық болмай ма? Халық тұрмысын жақсартып, мемлекетті көркейтудің ең кішкентай типі болған, осы іске жетпеген ақылға есті адам түршігесіз. Қазір дамыған елдерде жеке кәсіпкерлерге құдайдың үш жүз алпыс бес күнінде күніне жиырма төрт сағат дүкен ашсаң да ерікті, тек заңға қайшы іс істемесең болғаны.   Ал бізде кейбір жеке шағын дүкен ашушылардың өзі, өзінің аларманға жалынышты екенін ойламай, қарадай кісіліктелетінін қайтесіз. Мәселен кейбіреулер «Қазір түскі уақыт екнін білмейсің бе?» - деп итше кергитінін қайтесіз. Бұл жан бағудың жолын білмегендік. Міне, осы сияқты керанаулықтар «Ашылғандық емес» көз аясы ашылмаған бітеулік.

Сегізінші, қазақ елі ұлан ғайыр жерде таршылық көріп отыр. Атамыз-қазақ «Алла пиғылға қарай береді» - деп бекер айтпаған. Қазір еліміздің қалаларын айтпағанда, елді мекендердегі халықтың қарадай қыспақта отырғанына ішіміз ашиды. Адамның көптігінен халқын сиыстыра аламай отырған Қытай үкіметінің өзі ауылдардан үй салу үшін, әр үйдің арасынан елу метр ашық жер қалдыру керек деген заңы бар. Олардың жері тар болса да пиғылы кең. Ал Қазақстанда үй салса, ашық жер қалдырғанды қойып, ауланы қоршағандағы бір дуалды екі семьяға ортақтастырып жер бөледі екен де бір үйден бір үйге өтетін жол жоқ. Сүйемдей жерге таласып, соттасып жатқан көршілерді көреміз. Бұған әкімнің ақылы жетпей отырған жоқ. Осылай ығыстыру арқылы, жерден де жеп түсірмек. Үйіміздің арасы тығыз болғанша ауыз бірлігіміз тығыз болсашы.

Жоғарыдағы кішкентай мысалдардан қарағанда қазіргі «Ашылдық» дегеніміз албырттық сияқты. Нағыз «Ашыламыз» десек дамыған елдердің озық Заңдарын қабылдап, олардың өз елімізге пайдалы мәдениетін, ғылым-техникасын, баурау тәсілін, еңбекқорлық рухын үйренсек деген тілекпен мақаламды тәмәмдадым.

Какен Қасымханұлы

Әйелін ешқашан ренжітпейтін мінсіз күйеу
Тiрiдей қазақтың теріciн сыпырған - Джа Лама немесе Дамбийжанцан деген ит
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу