Жазушы Оралхан Бөкейдің жары Ардақ Бөкееваның естелігінен

Oinet.kz 16-01-2021 1245

Оралхан жары Ардақ.jpg

Мен Оралханның қарындасы Ғалияға Оралханның күнделігін бердім. Сонда Айхан мен Айжан дүниеге келген кезіндегі көңіл-күйі де жазылған екен. Айханның дүниеге келуі Оралханның өміріне үлкен өзгеріс әкелді.

Айханға аяғым ауыр боп жүргенде мен перзентханада көп жаттым. Менің де тұла бойым тұңғышым, Оралханның да ғұмыр бойы аңсаған арманы. Мен де өзімше қобалжимын, ол да өзінше қорқып жүріпті. Жиі-жиі перзентханаға келеді. Көңілімді аулап кетеді. Айхан дүниеге келгенше ол бала дегеннің қандай болатынын сезінген жоқ. Көбіне мені ойлайды, менің денсаулығыма алаң болады. Мені босандыруға Қостанайға жіберді, өйткені мамам сондағы перзентхананың меңгерушісі еді. Айхан Қостанайда дүниеге келді.

Есімді жиған бойда Оралханға телефон соқтым. Баланың аман-сау дүниеге келгеніне күмәнділеу болса керек, ол менімен жүрексіне сөйлесті. 

- "Ұлды болдың, құттықтаймын! Атын кім қоясың?" – дегенімде Оралханның дауысы дірілдеп кетті. Содан кейін менімен сөйлесуге де шамасы келмей еңкілдеп жылады-ай…

Айхан дүниеге келгенін естігеннен кейін Оралхан үш-төрт күн үйде ішіп жатып алыпты. Мең-зең боп, не сенерін, не сенбесін білмей мәңгіріп, өң мен түстің арасында жүргендей есеңгіреп қалыпты. Өз-өзіне келген соң самолетпен Қостанайға ұшып келді.

Оралхан баласының атын "Арман" деп қоймақшы болды. Менің әжеме ол есім ұнамады. Әжем Оралханды қатты жақсы көретін. Оралхан да әжеме баладай еркелейтін. Туған анасынан кем көрмейтін. (Оралханның соңғы романы – "Алданған ұрпақты" әжеме арнаған еді). Шөбересін сүйіп отырған әжемнің де ат қою мәртебесіне ие болуға құқы бар еді ғой. "Нәрестенің аты – "Ерсін" болсыншы, "Арман" деп баланың атын ешқашан да қоймаңдар", – деді әжем. "Апа, бұл менің армандап көрген ұлым ғой, "Арман" деген жақсы ат емес пе?" – деп Оралхан көндірмек боп әуреленіп көріп еді, әжем бетінен қайтпай отырып алды. "Аттың жаман-жақсысы болмайды, бәрінен аман-есен боп, арттарыңнан ергені керек бізге", – дейді. Сосын мен шықтым бұрқылдап: "Ерсіні" несі, елде жоқ атты қайдан таптың? Ешқандайда "Ерсін" болмайды!" – дедім бет-жүзіне қарамай. Сөйтіп, ұлымыз екі апта атсыз жатты. Ақыры Оралхан "Айхан" деп қойды. Бұл ат бәрімізге ұнады.

Әсет Ақмолданың Facebook парақшасынан алынды

​Жазушы Әбіш Кекілбаевтың ой-толғамдарынан
Әдебиетші ғалым Әбдіхамит Нарымбетовтің естелігінен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу