Әдебиетші ғалым Әбдіхамит Нарымбетовтің естелігінен
Қазақ халқының аты аңызға айналған айбынды батыры Бауыржан Момышұлымен кездесіп сөйлесудің сәті түскен бір ғажайып кезеңді мен еш уақытта ұмыта алмаймын. Өткен ХХ ғасырдың 80-жылдарының басында мен ауырып Қазақ ССР Министрлер кабинетінің Алматы қаласындағы орталық ауруханасында жаттым. Сол кезде Баукең де сырқаттанып ауруханада жатыр екен. Баукең аурухананың 3-қабатындағы дәлізге шығып, үнемі шылым шегетін. Бір күні шылым шегіп тұрған қадірлі ағаға сәлем беріп әңгімелестім. Сол кездесуде батыр ағаның бір әңгімесі есімде сақталып қалыпты. Баукең сонда былай деп еді: "Қыс. Қалың қар. Майданның қызған кезі. Шабуылға шықтық. Жаудың қардай борап тұрған оғына қарсы барлық жауынгерді бастап соғысып жатырмыз. Жау шегінді. Аз ғана тыныс. Қардың үстінде жатырмыз. Қасымда жараланған бір солдат ыңырсып жатыр екен. Қасына бардым. Қазақтың жап-жас жігіті, бір қолынан оқ тиіп, қолы бөлінуге әрең-әрең ілініп тұр. Өзі әбден қансырап, қалжырап дымы құрып жатыр. Ауызы кеуіп қалған. Аузына су тамызбаса өліп кететін түрі бар. Су жоқ. Менің жанымдағы шағын флягада арақ жүруші еді. Судың орнына сол арақтан кеуіп қалған тамағына тамызып, жанын ақтайын десем, әлгі солдат шыр-шыр етеді. "Ағай мен өмірі арақтан татып көрген жоқпын" – деп. Онысына қарамай, зорлап, аузына арақтан құйып жіберіп, жанын сақтадым. Содан кейін, ілініп тұрған қолын жанымдағы қылышпен кесіп тастадым. Қан суылдап ағып жатыр. Қанды тоқтату үшін, ағаштың бұтағын кесіп алып, сол бұтақпен мықтап тұрып байлап тастадым да, артымыздағы госпитальға жөнелттім. Госпитальдағы дәрігерлер: "Кесілген қолдың орнындағы тыйылмайтын қанды тоқтатып, бұтақпен байлап тастаған дәрігер кім?" деп сұрапты. Оларға: "Ол командир Бауыржан Момышұлы" дегенде дәрігерлер: "Момышұлының медицинадан хабары бар екен ғой" – деп таңғалыпты".
Әсет Ақмолданың Facebook парақшасынан алынды