Несіпбек Айтұлы ағам немесе тағы да картаның «жыры»

Oinet.kz 11-01-2020 595

Жәнібек Кәрмен анасымен.png

Картаның «сүйегін шағып, майын ішкен» дейтін жолдастары көп. Әсіресе, мықтылары Нұрғожа Жұбанов, Қажығали Мұхамбетқалиев, Ғабиден Құлахметтер болар. Таңды таңға ұрып, преферанс пен күлістің түбін түсіріп бақты ғой. Көбінесе марқұм Жәнібек Кәрменовпен, Ақселеу Сейдімбек ағасымен ойнапты.

Бір күні телефон соғып Жәнібек шақыра қалсын үйіне:

– Тез жет! Мұхамеджан келді. (Танымал домбырашы М.Тілеуханов, – Қ.М.). Бір валетка ақшасы бар сияқты. Сымпитып ұтып, бір жарып қалайық! – деді.

– Ой, оған қарсы тұратындай көп ақшаны қайдан табамыз?!

– Менде аздаған тиын-тебен бар. Одан соң апам пенсиясын алған. Ұтқан соң қайтарып береміз ғой артығымен. Со кісіден ала тұрамыз. Сен сұрасаң береді...

Алдында өзінің де еңбекақысы қолына тиген. Біраз ақшаны басып алып жетті.

Сақтыққа керек болар деп Жәнібектің шешесі Мағрипа тәтенің елу-алпыс сом пенсиясын да сұрап алғаннан кейін үшеуі қызу ойынға кіріскен.

О кезде бір совхоздың бас бухгалтері болып істейтін Мұхамеджанның қалтасы, шынында да, қалың көрінді. Мәкең басында едәуірге дейін кібіртіктеп отырды да (әдейі жасапты), таңға жуық мықтысынған екеуді дырдай қылып ұтып, қалада шаруаларым бар еді деп шығып кетті.

Түске қарай оянса, Жәнібек екеуі үстінде бұттарындағы қара сәтен ішкиімнен өзге лыпа жоқ, құлазып жатыр екен. Қалтада көк тиын ақша қалмаған...

Әлден соң Мұхамеджан да келді. Тор қалта толы сыра, балығы бар:

– Әй, екі дорақ! Тұрсаңдаршы, жата бересіңдер ме? Мені ұтпақ болдыңдар ғой кеше. Мә, апаларыңның пенсиясы, мынау – қалған-құтқандарың... Екіншіде менімен байқап ойнаңдар! – деді.

Қ.М.

2001 ж.

Суретте: әнші Жәнібек Кәрменов анасы Мағрипа шешеймен.

​Иса ақынмен соңғы кездесу. Қасым Аманжоловтың жазбаларынан
Ақын Сырбай Мәуленовтің естелігінен. Мұхаң сол кеткеннен оралмады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу