​Иса ақынмен соңғы кездесу. Қасым Аманжоловтың жазбаларынан

Oinet.kz 11-01-2020 553

Иса Байзаков.png

1945 жылдың жазында Ұлы Отан соғысынан Алматыға қайттым. Майданнан қайтқан солдаттың сағынышын, қуанышын, бұрын бір жүріп, бірге өскен жолдастарын көруге қаншалық ынтық болатынын майдандас жолдастар ғана біледі.

Сол жазда ұлы Абайдың туғанына жүз жыл толғаны бүкіл қазақстандық мереке болды. Осы мереке үстінде өзімнің қаламдас жолдастарымның көпшілігімен кездесіп, шексіз бір қуаныштың айдынында жүзіп жүрдім. Сол жылдың, жеңіс жылының жазындай жарқын, аспанындай ашық көңіліме күтпеген жерден бір ой орнай қалды. Ол мынау: Абай тойында ақын, жазушылардың бәрі бар; елдің кәрі тарлан, жүйрік жыраулары да топ жара суырылып шығып жатыр. Осындай думанның ортасында дуылдап жанған оттай шалқитын Иса қайда? Онсыз думан өтуші ме еді? Ол әрдайым ортамызда болушы еді ғой. Осынысы қалай? Исаның орны бос тұрған сияқты. Ол неге келіп отырмайды орнына... Қанатын желпіген бүркіттей өткір қара көздері төңкеріліп «желдірмемен» желпіп-желпіп өтпес пе? Ол қатты науқас дейді. Алматыда жоқ дейді. Келе алмапты бұл тойға. Неткен арсыз хабар! Домбырасын қолға алып, қыран құстай қомданып көз алдымызда да өлеңнің өткел бермес теңізін екпінді желдей «желдірмемен» сапырып-сапырып жібергенде де сол Исаның бойында мәңгі сөнбес жалын, мәңгі тозбас өмір бар сияқты емес пе еді? Япырмай, сондай қуатты өмірді сүмелек ауру басынғаны не сұмдық?

***

«Иса келіпті» деді бір жолдас. Куанғанымнан «Иса, Иса! Иса!» дей бердім ішімнен. Түскен жерін біліп алдым да, дереу сонда тарттым. Көз алдымда баяғы Иса сол қалпында елестейді. Жеттім. Кірдім үйіне, сәлем бердім. Төрдегі бір төсекте маңдайы ұқсас, бір құр сүйек адам жатыр екен. Жаныма мұз төгіліп кетендей болдым.

Даусы ақырын ғана шығып: «Қарағым, Қасымым» деді де, қалт-құлт еткен қолын соза берді. Менің ыстық шеңгелім мен оның салқын тартқан шеңгелі достықтың бір түйініндей жазылмай біраз тұрды.

– Отыр, қарағым, – деп төрді ұсынды. Отырдым. Жайлап басын көтеріп, ол да төсек үстіне отырды.

– Аман-есен қайтқаныңды естігенмін. Қайырлы болсын, үй болыпсың.

Ол менен қандай өлең жазғанымды, ағайын-туысқандарымнан кім барлығын сұрады. Осыдан кейін төсектің бас жағында тұрған, алғашқыда Исаның қойнындағы баласындай жастықтаса жатқан домбырасын алды да, бас пернеден сағаға дейін бір-екі рет сыдыртып өтті. Байқаймын, саусақтары бұрынғыдай құйғытпайды, тек жай ғана желеді...

– Сәбитке сәлем айт. Осында Сапарғалиды жіберіпті, менің өмірбаянымды жазып алсын деп. Тегі, мені өледі деп ойлаған екен. Мен өлмеймін. Туберкулезім жоқ, тек бойымды суық алған. Өлмеймін! – деді.

***

Бұл кез 1946 жылдың көктемі еді. Сол жылдың жазында Исаға Алматыдағы туберкулез институтының ауруханасында жолықтым. Бірнеше адаммен бірге жатыр екен. Сәлемімді алды. Қуанып қалғаны бірден сезілді. Өзімен қатарлас жатқан домбырасын алды да, «желдірмені» тартып, бірден қосылып кетті. Амал не, даусы сәл-пәл ғана естіледі. Кеуденің әбден қажығандығы сезіліп-ақ тұр.

Бұдан соң Жазушылар одағында не жаңалықтар болып жатқанын сұрады. Өзіне кім келді, кім келмегенін айтты. Әсіресе, Мұхтар мен Кәрімнің келгеніне қатты риза екен. Ақыр соңында:

– Мен осы қаншама өлмеймін десем де, өлермін-ау деймін. Тегі, енді ұзаққа бармаспын. Жолдастарға сәлем айт. Сәбитке сәлем айт, – деді де көзін жұмып біраз жатты. Мен шаршап жатқанын сездім де:

– Иса аға, мен енді кетейін, – дедім. Қолын созды. Қолын алдым да,

шығып кеттім.

***

Осыдан біраз күн өткенде Шахмет Құсайынов, Ғабдол Сланов, тағы бірнеше жолдас болып сол институтқа барып Исаның сүйегін алдық.

Суретте: Иса Байзақов. Меньше

Бауыржан Момышұлы туралы естелік
Несіпбек Айтұлы ағам немесе тағы да картаның «жыры»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу