Абай ағасындай (Даңқты Бауыржан Момышұлы туралы әңгімеден)
Аңдап қарасақ, күрделі де қайшылықты Бауыржанның әр қимылынан халқын қашанда шырқау биіктен көруді көксеп өткен ұлы Абай ағасымен арадағы ғажайып паралельді көреміз. Мәселен, Тұрағұл Абайұлы: «Мен әкемді танығанда әкемнің жүзі ашық, ажары сыртында, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дастарханы аса мол еді. Маған десе малай, малшы, қызметкер қатыннан да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып жақсы көріп, қалжыңдап отырар еді. Еш уақытта іші сүймеген, сенбеген адаммен мәжілістес болып ұзақ отыра алмаушы еді. Ондай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, ол уақыттың өзі абақтыдан кем көрінбеуші еді. Сыпайылық, сыйлық, әдейі реттеніп, аяғын басқанын аңдып, аузынан шыққан сөзін санап отыратын адамға еш уақытта риза емес еді. Жарқын сөзбен, ашық көңілмен қалтқысыз келетін адамды аңсап сағынып, ондай адам келгенде баласы, иә туған бауыры келген кісідей қуанып қалушы еді. Менің бала кезімде менің әкем қандайлық жылы шыраймен ойнап, қалжыңдап отырса да, көңілі қайтса, қытығына тисе ашуы да тез келгіштігінен, ауылдағылар да, бәйбішелері де айғырмен ойнаған ат секілді қорқынышы кеуделерінен кетпей қымсынып отырушы еді. ...Қалаға барғанда үйіне керек-жарағын өзі алып, апарған малын өзі саудалап сатқан емес. Ондай шаруасына да ие қылып қойған жолдасы алып сатады. Ақшасын қалтасына салып, не алғанын, несі қалғанын есептеп көрген емес. Ақшасы аз болса да, көп болса да атшысының қалтасында жүреді. Ақша бітті десе қайда ұстадың деп есеп алу да жоқ, қайтадан ақша тауып береді», – дейді «Әкем Абай туралы» аталатын естелігінде.
Ал Баукеңнің ұлы Бақытжан айтады: «Әкемнің ашуы тез тұтанғанымен тез тарқайтын. Ешқандай қыжыл қалмайтын. Әзілі зілсіз еді. Кейде біреуді қуып жібергенде әлгі адамға жаным ашып: – Әке, сіз неге өйтесіз, жұртты неге жек көресіз осы дейтінмін. – Мен жұртты жек көрмеймін. Мен кейбіреулердің жаман қылығын, сасық ойын жек көремін. Егер ол сонысынан арылса, есігім ашық, – деуші еді ондайда».
Келіні Зейнеп апай айтпақшы, олай тайсаң кесіп түсетін, былай тайсаң осып түсетін ақ алмас Баукең дарынсыздық пен білімсіздікті де сонша ұнатпаған. Адамдардың жан әлеміндегі кірге, пасықтыққа төзбеген. (« – Дөрекісің ғой өзің, – дедім мен бірде ренішімді жасыра алмай. – Менің дөрекі емес, тек барлық лас нәрседен жүрегім айнитындығын әйтеуір бір түсінетін боласың кезінде, – деп ол маған сүзіле қарады». Бақытжан Момышұлының әкесімен әңгімесінен. Б.Момыш-улы. «Во имя отца», Алматы, 1991, «Ғылым», 11-бет).
Баукеңнің өз сөзі: «Жылқы айғырларының жұмыртқасы ішінде болатындарын ауылшаруашылығы ғылымында внутряк дейді. Ал, образно выражаясь, біздің партия қызметкерлерінің көбі внутряктар. Олармен құдай ешкімді дастархан басына отырғызбасын. Мен өз басымнан соны көп кешірдім. Обком, райком жиналып, мені қонаққа шақырады. Сондағы сезгенім – адал тамақ, адал дастархан, ақ ниет дейтін олар отырған жерде бола бермейді екен. Емін-еркін отыру жоқ. Бірін-бірі іштей аңдып отырған кісілер. – Адал асты арам істейді екенсіңдер, ақ ниеттің бетіне түкіреді екенсіңдер дедім маған сөз бергенде. – Бұдан былай аштан өліп, көштен қалсам да, обком мен райкомның үйінен дәм татпаймын. Бұдан былай мені қонаққа шақырушы болмаңдар, рақмет!» (Момышұлы Б. Көз алдымда бәріңсің. – Тараз, 2007. 137- б.).
«...Демалыс күні ойламаған жерден үйге сықақшы Жүсіп Алтайбаев келді. Баукең Жүсіпті көріп қуанып қалды. Жылы жүзбен сәлемдесіп, төрден орын беріп: – Жүсеке, төрлетіңіз, қалай, сұлу келіншегіңіз, бала-шағаңыз тегіс аман ба? – деп жалпылдап, амандықтарын сұрап жатыр. – Шүкіршілік, Бауке, өзіңіз аман-есен, ат-көлік түгел ғой, – деп төңірекке алақтай қарап, төрге отырды. Мен шай қамдауға кірістім. Баукең мен Жүсіп бірдеңені айтып күліп жатыр. Жүсіптің өзі күле қоймайды, тек Баукеңді балаша күлдіреді. ...Ол қоштасып шығып кеткенсін Баукең ішегі түйіле күліп, ас үйден мені шақырды. – Жүсекең маған өте ұнайды, өзі ақ көңіл, ешқандай арамдығы жоқ. Тік мінез, тентектігі маған тартқан, мінездеспіз деп бір қойды... – Жүсекеңнің тағы бір бір ерекшелігі – өзі комик, сатирик, жүрген жері күлкі, қимылының өзі комический. Ал комик, сатирик бола білу, қарағым, әркімнің үлесіне тие бермеген. Адамның жаратылысы билейді. Мысалы, менен комик те, сатирик те шықпайды. Жүсекең дарынды талант иесі. Бірақ мінезі шәлкес болғасын әркімге ұнай беруі мүмкін емес. Жүсекең – ірі азамат, анау-мынау күйбең майдалыққа бармайды. Өзінің принципі бар, табанды азамат. Бізде осы секілді алғыр сықақшылар көп емес. Барын және базарлай алмаймыз. Өмірдегі кейіпсіз, келеңсіз жағдайды аз сөзбен келте қайырып, тоқ етерін тура айтатын, күлдіріп отырып жылататын, тапқыр, өткір жанрдың жалынан ұстау да оңай емес-ау... (Егембердиева Ж. Өмірінің өзі дастан: Роман-эссе. Алматы: Жазушы. 1990.– 125-126-б.).
Бауыржанның кез келген іске жіті түсіністікпен әділетті қарайтыны және қолының ашықтығы, сонымен қатар бала секілді аңғырттығы туралы тағы бір мысалды елге барғанында зайыбы екеуін алдынан шығып күтіп алған көлік жүргізушісі екеуінің арасындағы әңгімеден аңдаймыз:
– Мына келе жатқан совхоз неше шақырым? Машина кімдікі?
– Жүз шақырым, совхоз директорының машинасы.
– Ол директор жұмысына кімнің машинасын мініп кетті? Қарағым-ау, шаруашылықты тоқтатуға болмайды, егіс басталды... Бензин де көп жұмсалған шығар, үкіметке көп зиян жасадық, – деді шоферге төне түсіп. Шофер үндеген жоқ.
– Әй, Жәмила, сумкаңда қанша ақшаң бар?
– Ешқандай ақша алып шыққан жоқпын, – деппін.
– Жоқ, мүмкін емес, мына жігітке елу сом бергін, – деді де шоферге: – Жете ме, қарағым, шыныңды айтқын,– деді.
– Ой, аға, неғылған ақша, бастықтардың әдейі сізге жіберген көлігі ғой, мен сізден ешқандай ақша алуға хақым жоқ, – деп жігіт зар-зар етті.
– Бауке, ақшасы несі? Өздерінің қолы сізге жетпей отырып, сонда көлікке ақшаны не үшін төлейсіз, түсінбеймін, – дедім ренжіп.
– Замолчи! Еще хочешь надо мною командовать? Билікті өзіңнің көлігің болғанда айтарсың, – деп зекіп тастады. (Баукеңнің зайыбы Жәмила Егембердиеваның естелігінен).
Дәл Абай ағасындай кінәз мінезді Бауыржанның да бүкпесіздікті ұнатқаны, екіжүзділікті жек көргені, адалдығы, арлылығы, пенде баласына жанашырлығы туралы әңгіме көп. Айталық, Баукеңнің өзіне тиесілі жаңа пәтерді «солдаттың анасы» деп қадірлеп, бір орыс кемпіріне бергізгені немесе әлдебір алаяқтың аңқау елге өзін Бауыржанмын таныстырып, қызметін тегін пайдаланғаны үшін көлік жүргізушісіне қомақты ақша қайтарып беретіні сияқты мысалдар жетерлік.
Мұндайда Абайдың: «Мен саудагер кісі емеспін, мені ұялмаған арсыздың бәрі жейді» дейтіні еске түседі.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. Жақсы менен жаманды айырмадың, бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» деп мыңмен жалғыз алысқан осы Абайдай, Бауыржанның да халық ішіндегі надандықпен, аярлықпен арпалысып өткені мәлім. Ғасырлар бойы айрықша мәдениеті қалыптасқан жұртын қай жағынан да әлемдегі ең өркениетті елдер қатарына көтеруге ұмтылғаны аян. Әйтпесе толарсақтан саз кешкен қан майдан ішінде жүріп тылдағы өкімет жетекшілеріне халық дәстүрінің келешегіне, ұлттың тіліне, діліне қатысты мәселелеріне шырылдап жан ауыртып, хат жазар ма еді.
Кейде туған халқын жан-тәнімен сүйген Абайы мен Бауыржандай тұлғалары бар қазақ неткен бақытты деген де ой келеді.
Қ.М. «Ақ алмас» (Бауыржан Момышұлы. Өнегелі өмір. - Алматы: Қазақ университеті, 2016. Ш. 70. - 315-318 б.б.)