Бастау (үрей мен үміт реквиемі)
БАСТАУ
"Адаммен оның бодандығы туралы емес, бостандығы туралы әңгімелескен ләзім".
Спиноза, Амстердам, XVII ғасыр
Қазақ елін бес жылда бір рет, Шығыстан Батысқа, Оңтүстіктен Солтүстікке асықпай жаяу-жалпылы, көлденең көліктерге отырып, бейкүнә адамдармен ыстық ықыласта сұхбат құрып, қас қарайса жұтаңдау қазақы үйлерде құдайы қонақ болып, талмай, таусылмай еркін аралап шығатынмын. Бұл сапар кейде үзіліп, шет жұрттағы үлкенді-кішілі симпозиумдарға, дөңгелек үстелдерге, кітаптарымның тұсаукесер рәсімдеріне, қадірлі достарымның мерейтойларына, айтулы тұлғалармен көзбе-көз жүздесулерге ұласып, қиылып қалып та жататын. Елге қайтып оралысымен сапар үзілген жерден қайта жолға шығып жүре беретінмін.
Қазақ еліне деген сағыныш бөлек қой! Отаныңның түтінін көзің шалғаннан-ақ рухың түлейді; Ана-Отанға табан тиісімен жүрісің де жеңілдейді, көңілің де өседі, жаның да жадырап сала береді. Ежелгі көшпенділердің соңы болған соң да, Ана-Отанға деген таусылмас сағыныш пен өшпес махаббат шым-шымдап жүректі қозғайды, жанға маза бермейді. Дербестікті құшаққа басқаннан, даралық мекенінің салмағы ауыр, жауапкершілігі түпсіз екенін айтпай ұғынғаннан да көңіл қашан да қобалжулы.
Жас мемлекеттің алпауыттар арасында өз орнын тауып, бағасын алғанша таусылмай¬тын күдікті үміт. Кей кезде сөзіміз бен ісіміз керағар шығып қалып жатқанда, жан күйзелтер тұрлаусыз мехнат кешетініміз бөлек әңгіме. Қазақ елінде не болып жатқанын үкімет га¬зетінен де, оппозиция газетінен де тиіп-қашып оқып қалып жатасың. Қуанасың, қайғырасың, налисың, керағар ойлар миыңды жарып кету¬ге шақ қалады. Жұдырықтай жүректі мыңдаған алып-қашты сезімдер тарпа бас салып, диір¬менге тартып ала жөнеледі.
Қазақ үкіметінің халықтан жабық кейбір әрекеттерін жат жұрттың білгіштерінен естігенде шашың ағарып жүре береді. Өзі де сиреген шашты тал-талдап жұлып тастап, көз көрмес, құлақ естімес қиянға ұшты-күйлі жоғалып кеткің ке¬леді. Оған, Ана-Отанның киесінен қаймығасың. Бұл үшінші әлемде өмір сүрген, Отанын жанынан артық көретін әр есті азаматқа тән мінез.
Қимайсың.
Қиналасың.
Жалғыздықтың жапасын шегесің.
Жаныңды қоярға жер таппайсың.
«Жолымды оңғара гөр, Алла тағала!» деп күбірледім.
Мені Астанадағы «Абай» қонақ үйінің қолтығындағы Абай бабамның тас мүсіні бағып тұр еді. Қайта бұрылып, бабама басымды идім. Қасына тақап барып, сұр мүсінді алақаныммен сипадым. Сонда қара тас сөйледі:
«Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан».
Бұл Абай бабамның мені сақтандырғаны еді.
ҚЫТАЙ ҰЛЫ ВАН
"Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан".
Абай,
Дешті Қыпшақ даласы,
XIX ғасыр
Ақтөбеден Алматыға ұшақ ерте ұшады екен.
Әуежайға келгенімізде машина қояр жер таппадық. Дәу қап-қара Джиптер ығай-сығай болып сіресе тізіліп, өзгелерге орын берер түрі жоқ.
Қытайлар, деді Ғалымжан. Бұлар Ақтөбеге алғаш келгенде Нивамен жүруші еді, енді астарынан Джип түспейтін болды. Ылғи қара Джип мінеді.
Мен бірде, Алматыдан Ақтөбеге ұшып келгенде де, ВИП-тің алды, жиырма-отыз Джипке тіреліп тұр еді. Самолеттен бір-ақ қытай түсті.
Самолет ішінде екеуіміз біраз әңгіме-дүкен құрғанбыз. Менің сапарлас қытайымды бір Джипке мінгізді де қалған жиырма-отыз Джип соңдарынан ағыза жөнелді. Сұмдық!..
Қазірде бір-екі адамды шығарып салып тұрған болар, шамасы. Кіргенде көреміз. Бұлардың иісі бөлек, сөздері айғай, құлағың тұнып кетеді, деді Ғалымжан.
Атам қазаққа Алла Тағала сыйға тартқан жер байлығы енді американдықтар, француздар, немістер, итальяндықтар, қытайлықтардың қан-жығаларына мықтап байланды. Біз ол байлықтардан мәңгіге айрылдық. Қызығын бірен-саран қазақтар мен шет жұрт көріп жатыр, дедім ыза болып. Бойымды қашан да сабырға жеңдіріп жүрсем де, осындай «сұмдықтарды» көргенде намыс қаны басқа атқып шығады. Онан соң көп түндер ұйқысыз өтеді. Қазақтың болашағын ойлайсың, кісіні тірідей көрге көмер ойлар ақыл-есіңді алады. Қара жердің қойнына тартады. Оған намыс жібермейді. Ел байлығы да, жер байлығы да үкіметтің құзырында қалу керек еді ғой деген даналық күмән мен үміт аралас шерменде ой тағатыңды үзеді.
ВИП залға ендік. Шаңқылдаған қытайлардың дауысы. Олардан өзге адам көрінбейді.
Паспорт тексеру орнында, орта жастағы қытай әйелі мен 12-13 жасар шамасындағы бала тұр. Үшіншісі қазақ – Роллан Сейсенбаев. Он бес-жиырма Джипке мініп алып шуылдасқан қытайлардың шығарып салғандары әйел мен бала ғана болды. Бала елгезек, шапшаң. Арқасына асқан жол дорбасында шағын компьютер, фотоаппарат, кітап, блокноты бар.
Үйдей аэробус-ұшақта адам аз. Мен артқы орындықтарға оңаша кеттім. Ұшақ қалыпты биіктікке көтерілісімен бала да артқа келіп отырды. Компьютерін аша салып жұмысқа кірісті. Мен жазып отырған жазуымды үзіп, балаға қызықтай қарадым. Маған оның пысықтығы мен тәуекелшіл өзімдігі ұнады.
Даяшылар сусын әкелді. Мен апельсин шырынын алдым. Бала да тамақтан бас тартып, салқын су ішіп отыр.
Сенің есімің кім? деп сұрадым.
Ван, деп жауап қатты бала.
Менің есімім Роллан.
А?.. Ромен Роллан, деп қуанды бала.
Әдебиеттен хабары бар бала болып шықты.
Екеуіміз ашық-жарқын сөйлесіп кеттік. Екеуіміздің де ағылшыншамыз шалалау болса да, бір-бірімізді еркін түсініп отырмыз.
Ақтөбеге неге келдің? деп сұрадым.
Әкемді көруге келдім. Оны көрмегелі екі жыл болған.
Сағынған екенсің ғой?!
Сағындым.
Әкең үлкен бастық болар шамасы?.. Джиптер толып кетті ғой.
Иә! деп күлді бала. VIP persona is my father. Сіз қазақпысыз?
Қазақпын.
О, онда қазақша сөйлесейік, деді бала.
Мен апельсин шырынына қақалып қала жаздадым.
Сен қазақшаны қайдан үйрендің? дедім сасқалақтап.
Бейжіңде.
Қазақша жақсы сөйлейсің.
Акцент бар. Әлі жақсы емес. Жазда Ақтөбеге қайта келемін. Сонда ауылға барып, қазақ балаларынан қазақша еркін сөйлеуді үйренемін.
Орысша білемісің?
Аздап қана. Орысшаны келесі жылы Санкт-Петербургта, сонан соң Владивостокта оқимын. Әрине, демалыс кезінде. Мен гимназияда сабақ өтемін.
Сен қанша жастасың?
Он үштемін. Өмір жолы басталды, мырза.
Баланың үлкендерше сөз саптауы, өзін еркін, байсалды ұстауы мені таң қалдырды. Бүгінгі ұрпақ бізден өзге ғой деген ой келді. Менің он екі жастағы немерем де кез келген адаммен тіл табады. Әңгіме ырқын еркін аңғарады. Жердегі құмырсқадан, аспандағы жұлдызға дейін әңгіме аясына иілдіріп мүдірмей сөйлей береді.
Менің немерем он екі жаста.
Ол қазақша біле ме?
Оны неге сұрадың?
Қазақстанда қазақтар қазақша сөйлемейді. Бұл жаман. Дұрыс емес.
Ол қазақша, орысша, ағылшынша сөйлейді. Сен Алматыда қанша күн боласың?
Бес күн. Сонан соң Бейжіңге жүреміз. Гимназияда оқу бар. Немереңіз Алматыда ма?..
Алматыда.
Мен онымен таныссам қарсы емессіз бе?..
Жоқ. Несіне қарсы боламын? Жастар бір-бірін білуі, тануы, достасуы дұрыс.
Мен де солай ойлаймын.
Мынау менің визиткам, телефон соқ. Әуелі анаңнан рұхсат сұра.
Ол белгілі ғой. Әрине, рұхсат сұраймын.
Қазақстан саған ұнады ма?
Өте ұнады. Алматы сұлу қала. Менің Алматыда тұрғым келеді. Сіз Қытайда болдыңыз ба?
Жоқ. Тайванда ғана болдым.
Маған қонаққа келіңіз. Мен Сізді немереңізбен Бейжіңге шақырамын.
Ван, менің бір арманым бар. Ол Шаулинге барып монахтар туралы кино түсіру.
Менің әкемнің ағасы Шаулин монахы. У-шудың айтулы шебері.
Сен де у-шумен айналысамысың?
Жоқ. Каратэмен. Өз жасымда Қытайдың чемпионымын. Сіздерді Шаулинге өзім апарамын. Келістік пе?
Келістік, Ван.
Сен де Алматыда менің үйімде қонақ бол.
Қуана қуана келісемін. Немереңіз бола ма?
Әрине. Оны да шақырамыз.
Өте жақсы. Шешемнің жұмыс кестесі өте тығыз. Кездесуді телефонмен анықтаймыз.
Шешеңді бірге шақыр. Қытайлар қазақша үйрене бастаған екен ғой.
Әрине. Әкемнің қол астындағы қытайлардың бәрі қазақша сөйлейді. Орысша сөз қосуға болмайды. Русьтағы қытайлар орысша ғана сөйлейді.
Өкінішке орай, мен қытайша білмеймін.
Оқасы жоқ. Немерем үйренсін. Енді бір жиырма-отыз жылда Қазақстан мен Русьта қытайлар тұратын болады. Қытай басшылық жасайды.
Соғыс ашамысыңдар?.. деп таңдана қарадым.
Жоқ. Соғыс керегі жоқ. Бүкіл Еуразия құрлығы соғыссыз-ақ Қытайға қарайтын болады. Қара жерде енді соғыс болмасын.
Ван, түріктер Қытайды екі ғасыр билеп ұстап тұрғанын білемісің? дедім намыстанып.
Бұл туралы мектепте оқытпайды. Шыңғысханның немересі Хубулай хан Син династиясын бағындырғаны рас. Мен ол туралы оқығанмын. Хубулай хан адал, әділ хан болған. Қытайларды құл қылмады. Сыйлады. Хан адам баласы болғандықтан, хандар да адасады, алжасады, дұрыс, өміршең шешім қабылдай алмай қапыда кетеді.
Тарих тағлымы ғой.
Әрине. Қараның қателігі түк емес, ханның қателігі күнә. Ондай хандарды құдай атқан. Сіз Конфуциді оқыдыңыз ба?
Әрине, дедім Ван ұнататын сөзін қайталап. Әлемдегі ең терең философ сол кісі.
Қазақшаға аударылды ма?
Аударылған.
Конфуций хандар мен императорларды сөзбен сойып салып отырған.
Сен бұл туралы да оқыдың ба? деп сұрадым.
Жоқ, бұл туралы менің атам айтқан. Ол бүгінгі Қытайдың атақты философы. Анамның әкесі.
Сен текті жердің ұланы екенсің ғой?!.
Әкемнің аталары да императордың туыстары болып келеді. Солай ...
Бізге қарай ақырын жылжып Ванның анасы келе жатты. Маған басын изеп жымия амандасты. Қытайша тіл қатты.
Менің балам Сіздің басыңызды қатырған жоқ па? Бұл сөзшең бала деді Ван анасының сөзін қазақшалап.
Әйел тағы тіл қатты.
Менің балам қазақша оңдап сөйлей ала ма екен? деп аударды Ван.
Өте жақсы сөйлейді екен. Өте ақылды бала, деп айт дедім Ванға.
Сіздің мақтау сөзіңізге анам бәрібір сенбейді. Анамның тыңшылары көп қой, деп күлді Ван.
Өкінішке орай, Сіздерде халық, ұлт деген ұғым жоғалды. Капитализмде адам адамға жау. Америка Сіздерге жаман сабақ беруде. Американы тыңдайтын болсаңыздар дәстүрден айырыласыздар. Сана сергелдеңге түседі.
Қазақтың санасы, сергелдеңге Америкасыз-ақ түскен.
Ол жаман, деді Ван. Қазақ халқы шиыршық атып жиналуы қажет. Бізге санасы бұзылған Қазақстан халқы емес, ойлы, парасатты, тәрбиелі, текті Қазақ елі керек.
Жаман ел ешкімге де керек емес, дедім мен.
Ал, Қытай қоғам үшін, 2 миллиард халқы үшін, адам үшін өмір сүреді. Сіздерде бар байлық бір адамның қолында ғана. Ал бізде ел байлығын халық өзі қадағалайды. Менің әкем айтады, Қазақстанда жыл сайын жол салуға миллиондаған доллар жұмсалады. Сұмдық қой. Менің ағам Нью-Йоркте тұрады. Олар жолды бір-ақ рет төсейді. Ғасырларға жетеді. Гитлер де жолды солай салған. Стратегиялық жол.
Сен өзі көп білесің ғой.
Мен Интернетті құшақтап жатып ұйықтаймын. Білсем, біле берсем деймін. Тойымсызбын, деп күлді Ван.
Ван маған әбден ұнады. Біздің қазақ жастары да, Ванша көп оқуға, тоқуға тырысса деп ойладым.
Ұшақ Алматының әуежайына қонды. Ван менің қолымды қысып тұрып:
Мен Сізге телефон соғамын, деді.
Алматының әуежайынан ана мен баланы тағы да он-он бес қап-қара Джиптер қарсы алды.
Алматының қара асфальтін езгілеп, қап-қара Джиптер зымырап берді.
Екі күннен соң Ван маған телефон соқты.
Сізбен кездесудің реті келмеді. Бізге жедел Бейжіңге жол жүру керек. Шаулинге шақырту жіберем. Немереңізге сәлем айтыңыз, деді қытай баласы Ван.
«Роллан мырза! Қытай тілінде шыққан Сіздің новеллаңызды тауып алып оқыдым. Өте ұнады. Отыз жылдан соң, сіздің кітаптарыңыз қытай тілінде көп шығатын болады. Шаулин монахтары Сіздерді асыға тосуда. Жол қаражаты бізден. Құрметпен Ван».
Шаулин монахтары да екі рет шақыруды растап қағаз жіберді. Мен қытай баласы Ванның шақыруын қабыл алмадым. Өйткені, ол маған қазақ халқының болашақ иесі болуға жанын салып тұрғандай көрінді. Менің Қытайға құл болмайтыным айқын. Онан Алла сақтасын. Немерем өкпелеген жоқ. Ол нағыз қазақ ұланы болып өсіп келе жатқан жігіт қой, бәрін түсінді.
Үнсіз ұғысқанға не жетсін шіркін?!.