«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» онлайн кездесу өтті
«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне қарасты Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы Шымкент қалалық филиалының құрамындағы қалалық Көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханадағы бастауыш кәсіподақ ұйымында онлайн кездесу өтті.
Жиынға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Утешев, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген, "Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Светлана Иманқұлова, "Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы Түркістан облыстық және Шымкент қалалық филиалдарының төрағалары Бастарбек Пірімбетов және Руслан Шеримов, кітапхана директоры Бәкір Нұрманбетов, кәсіподақ ұйымының мүшелері қатысты.
Кездесуді «Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев ашып беріп, алғы сөзді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Утешевке берді.
Нұрлан Сүлейменұлы «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында өткізіліп жатқан кездесулер тәжірибе алмасу және еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Бұдан кейін Шымкент қалалық Көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың бастауыш кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстары және жеткен жетістіктері бойынша арнайы дайындалған бейнематериал қатысушылардың назарына ұсынылды.
Өз кезегінде Шымкент қалалық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана директоры Бәкір Нұрманбетовтің мәлімдеуінше, кітапханада 57 адам жұмыс істейді, олардың барлығы бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері. Бәкір Нұрманбетов қызметкерлермен тығыз байланыс орнатып, етене жұмыс жасайтын кәсіподақтарға алғысын жеткізді. Оның айтуынша, Мәдениет саласының қызметкерлері, оның ішінде кітапханашылардың жалақысын көтеру мәселесі бүгінгі таңда өзекті мәселелердің қатарында. Сондықтан да, осы мәселені ҚР Парламенті деңгейінде қарастыруды сұрады.
Сөз кезегін алған кітапхананың бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Ләззат Әбжаппарова ұжымдық шартта қарастырылған әлеуметтік пакет туралы айтты. Кәсіподақ ұйымы қызметкерлер мен көп жылдар бойы осы салада жұмыс істеген еңбек ардагерлеріне үнемі қолдау көрсетеді. Мәселен, қызметкерлердің отбасында қайғылы жағдай орын алса, кәсіподақ тарапынан 10 мың теңге көлемінде қаржылай көмек беріледі. Бұдан бөлек тұрмысы төмен қызметкерлерге қайырымдылық көмек ретінде 10 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау жасайды. Мерейтой иелеріне кәсіподақ тарапынан 5 мың теңге көлемінде қаржы берілетін болса, мерекелік күндер қарсаңында, яғни Жаңа жыл, 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні, Отан қорғаушылар күні және басқа да мереке күндеріне орай Алғыс хаттар, Құрмет грамоталары және бағалы сыйлықтар мен қаржылай қолдаулар көрсетіледі.
Ал, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы филиалының төрағасы Руслан Шеримов "Шымкент қаласы Кәсіподақтар орталығы" аумақтық кәсіподақтар бірлестігіне салалық ұйымдардың өзекті мәселелерін шешуде бірлескен жұмысы үшін алғысын білдірді.
Кездесу аясында Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев аутсорсинг бойынша босатылған кадрларды жұмысқа орналастыру мәселелері қаламыздағы әлеуметтік серіктестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысында оң шешімін тапты.
Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлова бастауыш кәсіподақ ұйымының қызметкерлердің мүдделерін қорғау және әлеуметтік әріптестердің паритеттік қатынастарды дамыту жөніндегі жұмысын жоғары бағалады. Салалық кәсіподақтың қызметі туралы ақпаратпен бөліскеннен кейін ол саладағы проблемалық мәселелерге тоқталды.
- Біздің салада әлі де шешілмеген проблемалар бар: төмен жалақы, тұрғын үй мәселелері. Біздің депутаттарымыз (Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары) Берік Бекжанов, Мейрамбек Төлепберген және Екатерина Смышляева бұл мәселелердің өзектілігін біледі, сондықтан олардың көмегімен базалық лауазымды жалақы, жалақының өсуі, біліктілік санаттарды қайта қарау және зияндығы үшін қосымша төлемдерге қатысты мәселелер Үкіметке жетеді деп үміттенеміз. Кәсіподақтар федерациясы мен салалық кәсіподақ осы мәселелердің Парламент және басқа да мемлекеттік органдарда қаралуын бақылауда ұстайтын болады, — деп атап өтті Светлана Иманқұлова.
Кәсіподақ қозғалысының ардагері, мәдениет қайраткері, Қазақстандық салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бастарбек Пірімбетов «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясын өткізу туралы бастама үшін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшылығына алғысын білдірді.
- Кітапханада бастауыш кәсіподақ ұйымы Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы" республикалық қоғамдық бірлестігінің құрамында. Яғни мекемеде кәсіподақ құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Кітапхана ұжымы Республикада ең үздік кітапханалар қатарында – деді Бастарбек Пірімбетұлы.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген әр қызметкерге лайықты еңбек жағдайларын жасаудағы және оның әлеуметтік әл-ауқаты мен дамудағы кәсіподақтың рөлін ерекше атап өтті. Ол қызметкерлердің барлық ұсыныстары мен өзекті мәселелері депутаттардың назарынан тыс қалмайтынын жеткізді.
Кездесу соңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Утешев:
- Біз кәсіподақ мүшелерінің барлық өзекті мәселелерін жүйелі түрде шешуге «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» деген ұранымызды ұстана отырып, қол жеткізе аламыз, — деп қорытындылады.