Қарағанды бояулары (хикаяттан үзінді)

Oinet.kz 11-01-2020 709

Телефоны шырылдады. Тұтқаны көтерсе – бейтаныс бір азамат. Таңырқап қалды. Журналистпін, 1989 жылы облыстық «Қарағанды жастары» газетінің тілшісі ретінде өзіңізбен сұхбаттасқан едім дейді. Қазір Алматыда тұратын көрінеді. Енді сонау әңгімені жалғастырмақшы ойы бар екен.

Ә дегенде: «Құдай-ау, бұл қай жігіт еді?!» деп есіне түсіре алмай, көз алдынан бір қатар бейненің елесі жүгіріп өтті.

Байланыстың екінші ұшындағы адам мұның қиналғанын аңдаған секілді, «көмекті» өзі берген:

– Кеңеке, сізбен алғаш Есіркеп ағамен бірге «Лабиринт» сыраханасында кездескеніміз бар еді ғой.

– Е-е-е, дұрыс, дұрыс, бауырым! Есімде, есімде... Енді ғана аңдадым...

Отыз жыл бұрынғы көрініс жарқ етіп көз алдына келе қалды. «Ай, шіркін, уақыт-ай! Мына жігіт сонда, өзі, қазір неше жаста?!».

Қарағанды, негізі, шахтерлер шаһары ғана емес, боксшылардың да қаласы. Бұл жақтан да кезінде небір сайыпқырандар шыққан. Есіркеп Жақсыбаев – СССР спорт шебері. Одақтың, қала берді, социалистік лагерь құрамына кірген бірқатар Европа елдерінің рингтерінде жарқылдаған белгілі спортшы. Мына тілшімен бірге кездескен кезде ол мұның өзі қатарлы қырықтан жастан енді асқан...

Бір есептен, о замандағы Қарағандыны «жолы болмаған боксшылар қаласы» десе де қисынсыз емес-ау. Себебі, спорттың бұл түрімен жастайынан айналысқан қазақ балаларының көбі СССР спорт шеберлігіне кандидат, тіпті, спорт шебері деңгейіне ерте көтерілгенімен, жергілікті халықты жақтыра қоймайтын кейбір қыңырлау жаттықтырушылардың қақпайымен дүбірлі додалардан шеттетіле беретін. Олар биік дәрежедегі жарыстарға әзірлігі әлсіз болса да, өздері бүйрек бұратын «таңдаулыларын» ғана апарар еді. Алайда «сүйреп қосқан тазы түлкі алмас» дегендей, ондай «сүйіктілер» үмітті ақтай қоймасы белгілі. Сол себептен Қазыбек Әшляев сынды жарқылдап, қалың нөпірді қақ жарып шыққан ілуде біреуі болмаса, көпшілік қаракөз елеусіз кететін...

Сөйтіп, жұдырықтасудан өзге өнер қолдан келмейтін жасөспірімдер уақыт өте біртіндеп, далада қалғандай күй кешеді. Әділетсіздікке күйінеді. Күйзеледі. Торығады. Өз-өзін қоярға жер таппай, ішкілікке үйірлене бастайды.

Кеңес ондай жігіттерді Майқұдықтағы «Ласточка» кафесінен, қала орталығындағы 26-шы кварталда орналасқан «Дом 500 веселых» үйі ауласындағы шағын сыраханалардан немесе вокзал маңайында, жер астынан салынған «Лабиринт» сыра-ресторанынан талай көрді.

Халық неткен тапқыр. Атын елдің өзі қойып алған анау «Дом 500 веселых» ұғымында қаншама астарлы әжуа жатыр. Бұл, аңдасаңыз, «Сырдың суы сирақтан келмейтін сабаздардың үйі» деген сөз ғой. Коммуналдық пәтерлер орналасқан осы төрт қабатты үлкен үйде, негізінен, сондай «серілердің» тұратыны өтірік емес-ті. Ерлерінің көбінің тұрақты жұмысы жоқ, ал әйелдері күні-түні үстеме бағамен арақ-шарап сатумен айналысады. Сондықтан басы ауырып, «балтыры сыздағанның» көбін саудасы ертелі-кеш қызып жататын осынау орыннан табасыз.

Бұлардың тірлігіне құқық қорғау органдарының көз жұма қарайтыны да таңырқатушы еді.

Кеңестің де жылына бір-екі мәрте «желдеп» қайтуға көңілі құлайтын кездері болады. Кейде актер ретіндегі «зерттеушілік» әуестігі де тартпай қоймайды. Мұндағы сыраға сусап жететін елдің ыпыр-жыпыр қозғалысына үңілу рахатсыз іс емес. Көз алдыңда сапырылысып, қым-қуыт өмір қайнап жатады. Бір-біріне ұқсамайтын сан қилы бейнелерге, түрлі тағдыр иелеріне қарап тұрып, терең ойға батасың. Адам ғұмыры жайында толғанасың.

Араларында шахтер ағайындар да жүреді. Олардың да ауыр жұмыстан соң бір мезгіл бой жазуға қақы бар...

Қалталары тесік болса да, сұрамшақтық әдеті жоқ әлгіндей боксшы жігіттер теңіздегі кемені күткен жолаушыдай көздері мұнартып алысқа көз тігіп, серіктерін тосып тұрады.

Ал қызған кездерінде бұлардың екі қолдарын қайда сыйғызарын білмей, қалжыңдасып жай тұрғанның өзінде бір-бірін қос қолмен ақырын жұдырықтай бастайтынын байқайсың. Тұла бойда қайнаған қуатты шығаратын жер таппағандықтың белгісі ме екен...

Бір жақсысы, ешкімге соқтыға қоймайды. Өздері қатты масаймайды да... Біртүрлі «қызық» халық...

Есіркепті қаланың жас-кәрісі түгел танып, қатты сыйлайды. Әйтеуір, көшеде келе жатса, қазағы, орысы аралас әйелдер қауымының мойнына асылып, бетінен сүйіп жататынын көресің. Азаматтығы күшті, қайырымы мол адам. Мінезінің қаталдығы да жоқ емес. Адал, жаны таза адамдарды ұнатады. Өтірікті, жарамсақтықты жек көреді. Орысша өлең жазады. Абай, Лермонтов, Пушкин, Есенин өлеңдерін жатқа оқиды.

О тұста рингтен кеткен. Бірталай жыл жаттықтырушылықпен шұғылданған-ды, кейін оны да доғара бастаған кезі-тін.

Кеңес бұ кезде театрға таяу маңнан үш бөлмелі пәтер алған-ды. Үйден шығып келе жатып Есіркеппен кездейсоқ жолығып қалды. Емен-жарқын есендескен соң ол бұған ұсыныс айтқан:

– Азырақ уақыт бар ма, «Лабиринтке» кіріп шықсақ, кішкене әңгімелессек...

Күн сенбі еді, асығыс емес-тін:

– Жарайды, уақыт табылады, – деп келісе кетті.

Есіркеп қасына ерген алты-жеті жас нөкерімен таныстырды. Аппақ болып киініп, қара көзілдірік таққан отыздар шамасындағы орта бойлы қараторы жігітті «журналист інім» деді.

Есінде қалған себебі, осы балаға деген ерекше құрметі байқалған-тын.

Аумағы ат шаптырым сыраханада екі жүз қаралы адам «жусап» отырады. Зал іші қаракөлеңке. Тұс-тұстан жанған әлсіз шырағдан жарығы саксофон үнімен астасып, әлдебір тылсым, мұңды күйге бөлейді. Азырақ уақыттан соң даяшылар алдыңа әдемілеп пісірген шұжықпен бірге кезінде атақты ақын Евгений Евтушенконың өзі «ода» арнаған Қарағандының қою күрең сырасын әкеледі.

Жағалай төңірегің үлкен айна... Кейбіреуі қисық. Тұсынан өтіп бара жатып, жарқ еткенінде, арасында албастыға ұқсап қалатын өз түріңді көріп, ішегің қатады...

Араның ұясындай гуілдеген ортадан ара-арасында құлаққа үзіп-талған түрлі «реплика» жетеді:

– Ну что ты уставился: «Где, где?» В Караганде!.. Где...

– Өй, қойшы, айналайын! Білем ғой оны...

– Да пошел он! Мне вообще все равно...

Сыраға бөгіп, қызғандар гу-гу етіп, шақпақ тұтатып жіберсе лап ете түсердей, қалқып отыратынын сезінесің.

Сол жолы «Лабиринтте» сонша жуас, кішіпейіл көрінген әлгі журналистің оқыс қимылын байқап, қайран қалғаны есіне түсті...

Бір кезде бәрі кең үстелге жағалай жайғасып, сыраға тапсырыс берген соң көйлек-шалбары, туфлиіне дейін аппақ, қара шашы тікірейген, денесі тығыншықтай тілші бауыры орнынан тұрып, түкпірдегі әжетханаға қарай беттеген.

Ағылшын жазушысы Редьярд Киплингтің «Джунгли кітабындағы» Табаки секілді жолбике шиебөрілер Есіркептің төңірегінде де кездесіп қалады. Серкелерінің анау жігітке деген ыңғайын жақтырмаған сондайлардың бірі оған даусы шәңкілдеп:

– Есаға, әне бір «журналюганы» несіне әспеттей бересіз? Өзінің саусақтары да қисық-қисық екен, – деп қалды. (Өзі ұнатпаған жанның бойынан іздеп тапқан ілігі сол секілді).

– Оның қисық саусағы сенің «түзу» қолыңа қарағанда әлдеқайда өнерлірек қой, – деді Есіркеп ызбарланып. – Нең бар онда? Кстати, он тоже из драчунов. Абайлап сөйле, аузыңды бұзып жүрмесін...

Айтқанша болған жоқ, бұлардан ұзай берген журналистің қарсы алдынан қызара-бөртіп отырған топтың ішінен біреуі ербең етіп шыға келген. Бостан-бос ұрынып, соқтыққысы келгені анық. Тоқтай қалып, төрт-бес секундтей сөйлесті. Намысқа тиетін әлдене айтты ма екен, сол қолын шалбарының қалтасына салған тілшінің оң қолы шынтағынан сәл бүгілгендей болды да, сатыр еткен дыбыс шыққан. Алдындағы адам кирелең ете қалып, кескен томардай жалп етіп құлады.

Бергісі құлаштаған жоқ, соққыға әбден жаттыққан қолы тік тұрған бойда алапат күшпен иектен төмен кесіп, тартып жіберген сияқты.

Жығылған жігіттің құрбыларының бірі шыңғырып қалды. Серіктері лап қойып, жабыла кетпекші еді, ұрған адамның Есіркептің «бөрілері» тобынан екенін байқап, тез тартынды.

«Лабиринттің» тең жартысы бір мезет бері қайырылып, жалт қарады да, қайтадан дереу өз-өздерімен болып кетті. Демек, мұндай көрініс осында жиі қайталанып тұратындай.

Әлден мезгілде тілші жігіт түк болмағандай қайтып келіп, орнына отырып, сырасын ішуге кіріскен.

Кеңесті оның әлгі әрекеті бірталай тіксінтті. «Журналистен де осындай мінез шыға ма?» деп таңданған.

«Табаки» жым болыпты. Есіркептің жүзінен масаттану белгісі аңғарылды...

Қызық болғанда, үш-төрт күннен кейін әлгі жігіт мұның гримм бөлмесіне бас сұқты.

– Редакция тапсырмасымен келіп едім, өзіңізге қоятын төрт-бес сұрағым бар, – дейді.

Қара көзілдірігін шешіпті. Мейір тұнған көзін көріп: «Бәсе, мұныкі бұзақылық емес, намысшылдығы болар» – деп түйген.

Кейін пайымдап көрсе, қарағандылық балалар бокске еріккеннен қатыспайды. Айнала төңіректің бәрі түрме... Нешеқилы ұлттар... Арада шиеленісетін кез көп. Қаланың қатал өмір салты өз-өзіңді қорғауға мәжбүр етеді. Әйтпесе ешқайсы біреуді ұруды үйренейін, чемпион бола қалайын демейді. Ал әлгіндей қайшылықты сәттерде шектен тыс сыпайгершілік те қабылдана қоймайды. Онда сені кейбір ел ынжық, ездің қатарына қоса салуы оп-оңай. Міне, аздаған осындай «заңдықтықтар» бар...

Енді сол жігіт араға отыз жыл салып қайта хабарласып тұр...

– Кел, кел, бауырым, – деді ықыластанып. – Жүздесейік...

Немересін шығарып салу мен тілшіні күтіп алу уақыты сәйкесе қалғанын аңдайды. Аралығы жарты-ақ сағат екен. Вокзалға таң алагеуімде баруы керек.

Көлігіне ұлды отырғызып алып, зырлатып жетсе, перрон әжептәуір толып қалыпты. У-гу. Топырлаған студент жастардың сақ-сақ күлкісі ауаны жаңғырықтырады. Олардың бір тобы әдеттегіше гитараларын даңғырлатып әнге басып тұр:

– Алдымызда үлкен қала Қарағанды,

студенттер қаласы ғой Қарағанды.

Онда жаңа күй, қызды таңдап сүй, –

ешкім сенен ақы алмайды!..

Бір кезде дөңгелектері тарсылдаған состав та ұзап бара жатты.

Немересі кеткен пойыздың соңынан үздіге қарап, өз-өзінен көңілі толқыды.

Талай қоштасу мен қауышуға куә болған Қарағандының қарт вокзалы да қолма-қол құлазып қалғандай.

Енді бір жиырма бес-отыз минуттен кейін мейманы да келмекші.

Себездеп таң ата бастағанын аңдайды. Көк жүзі манаурап тұр. Желпіп самал есті. Қарағанды жүзі албырап, күліп оянған арудай елегзітеді.

Әлден мезгілде аңыраған гудок үні естілген.

Күткен пойызы да келіп қалған секілді.

© Қ.М.

Ескі альбом. Өкініш. Бауыржан Момышұлы
Абай ағасындай (Даңқты Бауыржан Момышұлы туралы әңгімеден)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу