Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Дәрігерлердің әрқайсысының уәжі әр алуан...
Еңліктің неден қайтыс болғаны екі айдан бері неге анықталмай жатыр?
«4 жасар Еңліктің өлімі... Бұған кінәлілер лайықты жазасын алады ма, әлде кезекті жаңғырық күйі қалады ма?». («Рейтинг» газеті, 2012 жылдың 29 маусымы, №2). Осындай тақырыппен жарық көрген, журналистік зерттеу жүргізіп жазылған мақалаға қайта оралғалы отырмыз. Өйткені құтыру ауруынан қайтыс болды делінген байғұс бүлдіршіннің әкесі Қасымның көкейін мазалаған күдігі қалыңдай түсуі, «Рейтинг» газетінің редакциясына айтқан өтініші қолға тағы да қалам алуға түрткі болды. Еңліктің нағашы апасы Күлбибі Жылқышиева да жанарынан жас саулап отырып біраз жайттың бетін ашатын әңгіме қозғады.
-- Еңліктің өлімін естіркеннен кейін дәрігерлерден енді не істеуіміз керектігін сұрадық,--дейді ол.-- Олар 10 метр кленка мен 10 метр мата, қыздың денесі осылармен орағаннан кейін сиятындай етіп темір табыт жасатуымыз керектігін айтты. Сайрам аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Бахыт Тұрлыбеков мәйітті жедел жәрдем көлігімен ауылға апарысып, жерлеп қайту үшін екі адам жіберетінін, мүрдені тереңдеу етіп қазу керектігін ескертті. Барлығын дәрігерлер айтқандай етіп орындадық. Алайда, айтқандарынан ақ халаттылардың өздері айнып кетті. Дәрігерлер алдымен мәйітті өз көліктеріңізбен алып кетіңіздер деп бар жауапкершілікті өзімізге оп-оңай-ақ арта салса, санэпидемиологтар «табыт керек емес» деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Екі жақтың екі түрлі сөйлегенін түсінбедік. Сөйтіп «бәлкім, немерем құтырудан қайтыс болмаған шығар» деген күдік келді. Егер Еңлігіміз шын мәнінде құтырудан қайтыс болса мамандар оны өзімізге жерлетпек түгілі мәйітке де жақындатпас еді ғой».
- Қызым соңғы демі таусылғанша қорықпай-ақ су ішумен болды. Судан, желден, жарықтан, шапалақ дыбысынан үрейленетін болса бұл құтыру ауруының белгісі екен. Бірақ, қызым олардан үрейленген жоқ. Солай бола тұра құтыру деген диагноз қойды. Енді мынаған қараңыз, қызымның миынан, ішкі ағзаларынан алынған бөлшектерді сараптау қорытындысы қолыма тиді. Паталогоанатом Бегмат Пармановтың түсіндіруінше қыздың миынан құтыру ауруының (таяқшалары) инфекциясы табылмаған. Сонда құлыншағымның өліміне не себеп болды? Күдігім алдамаса, оның өліміне құтыру емес, соқырішек себеп болған секілді, - дейді марқұмның әкесі Қасым Сәуіров.
Қасым Сәуіровтің сөзіне сүйенсек бүгінде олардың қатысты адамдарды ауылға қатынайтын таксистер де көліктеріне мінгізгісі келмейді екен. Ағайын-туыс, дос-жарандардың да бұрынғыдай емес, үйлеріне келуін кілт сиреткені арқаға аяздай батады. Жақында жаңа оқу жылы басталады. Қасымның ұлы биыл бірінші сыныптың табалдырығын аттағалы отыр. Оны да мектепте бөлектемеуіне кім кепіл деген сауал да сананы күндіз-түні мазалайды. Барлығының қорқатыны бір-ақ жайт – қызы құтырудан қайтыс болған.
- Сараптама қорытындысы қолымызға тигенше, шыны керек, бәріміз де үрей құшағынан шыға алмадық, - дейді Қасым Сәуіров сөзін жалғап. - Барлығымызға құтыруға қарсы вакцина салды. Дәрі еккен күннің ертеңіне келіншегімнің халі нашарлап, құлап қалды. Ағамның денсаулығы да сыр берді, ал оның екі баласының мұрнынан қан кетті. Өзімнің 6 жастағы ұлым бір тәулік бойы сандырақтап шықты. Ауылда жалпы 15 адамға вакцина салып жатыр. Бәрі бір-бір ауырып шықты. Қолымызға сараптама қорытындысын алдық. Құтыру анықталмады. Енді үш ай бойы қабылдайсыңдар деген вакцинаны егуді жалғастырудың да қажеті жоқ деген байламға келдік. Дәрігерлердің өздері қателіктерін мойындап, ел алдында кешірім сұрамаса, қызымның мәйітін аштыртсам да ақиқатына жетпей қоймаймын.
Сіз не дейсіз?
«Диагнозды облыстан шақырылған мамандар қойды»
Қайрат Қалыбеков, Сайрам аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері:
- Бақилыққа аттанған байғұс қызға құтыру деген диагнозды облыс орталығынан арнайы шақырылған мамандар қойды. Жүргізілген ем-домның барлығы осы мамандардың кеңесімен іске асырылды. Дегенмен, құтыру диагнозы қойылған адамның тірі қалуы мүмкін емес. Көрсетілген көмектің де нәтиже беруі екіталай.
«Құтыруды нақты анықтайтын зертхана жоқ»
Жұмағали Медетов, облыстық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаменті бастығының орынбасары:
- Қайтыс болған қызға құтыру деген диагноз қойылған.
- Диагноз ресми түрде расталды ма?
- Бізде, тіпті, Қазақстан бойынша оны тексеріп, анықтайтын зертхана жоқ. Бүгінге дейін болған емес. Ондай зертхананы ашу енді ғана жоспарлануда. Диагноз сырқаттың клиникалық жағдайына қарап қойылады.
«Арнайы зертхана Алматыда ғана бар»
Гүлнара Бегметова, Сайрам аудандық санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бөлім бастығы:
- Ресми түрде әлі ешқандай мәлімет түскен жоқ. Бірақ, қайтыс болған қызға клиникалық диагнозы құтыру деп қойылған..
- Адам миының, дене мүшелерінің бөліктерін тексеру арқылы құтыруды анықтауға болады ма?
- Біздің облыста ондай зертхана жоқ, тек Алматыда ғана зерттеледі екен. Бірақ, ол жаққа марқұмның ми бөлшектері жіберілген жоқ. Өйткені, ол жаққа жеткізудің өзі қиын.
Өздеріңіз байқап отырғандай, «бір терінің пұшпағын илеген» бір сала мамандарының айтқан уәждері әрқилы. Сонда кім алдап отыр, не үшін алдап отыр? Қайсысына сенеміз? Бұл сауалдардың анығына жетуді ертеңгі күннің еншісіне қалдырайық.
Шадияр Молдабек, Заң газеті», «Алаш айнасы» газеттерінің меншікті тілшісі.
Мұрағаттан, 02.08.2012 ж