Борат: ол және біздің айырмашылығымыз қандай?

Oinet.kz 05-11-2020 1144

"Нәсілшіл. Сексист. Ол үшін құқық деген нәрсе жоқ. Мұнымен қоса ол өз елін өте жақсы көретін жан". Ивритше бұратылып сөйлейтін Бораттың әлемге үні осылай шықты. Ел арасында Саша Барон Коэнды  "Борат: Қазақстанның атақты халқы игілігі үшін америкалық мәдениетті зерттеу" фильмінде қазақстандықтарды осы типте репрезентациялады деп айыптайды .  

image.png

Расизм көлеңкесінде 

«Оскар» жүлдесінде «Үздік адаптациялық сценарий» номинанты атанған фильм жалпы 11 жүлде иеленген. Киносыншы Манохла Даргис The New York Times басылымында фильмнің әлеуметтік сатирасын мақтаған. Ұлты еврей бола тұра, кинокартинасында «еврейлерді өлтіру» тіркесін қолданған Коэннің әзілін ұғу сәл қиындық туындатады. Мысалы, Чарли Чаплин «Ұлы диктатор» фильмінде Германияны Томэния деп көрсетеді. Гитлердің бойындағы нацистікті бейнелеген туынды 1940 жылы таспаланған. Чаплиннің дилеммадан бұлай жол табуы ұтқыр шешім іспетті. Қайырымды әрекет. Барон Коэн генерал-адмирал Хаффаз Аладин образын сомдағанда (2012 жыл) прототипі Муамар Каддафи екенін аңғару аса қиын емес. Бірақ персонаж лидерлік ететін ел атауы Ливия емес Вадия! Қоғамда туындайтын резонанс арқылы фильм авторлары жарнама жасағысы келгендігі жөнінде болжам бар. Бұл мотивке сүйенсек, туынды авторлары миссиясын орындады. 

Хош, біткен іске сыншы көп. Дәл қазір туындының екінші бөлімін аяқтадым. Хаос. 

Біз расында да Боратпыз...

«Мен туымды мақтан етемін!» деген слагон желіні жаулады. Әркімнің жеке кеңістігіндегі мәселе, әрине. Сансыз статусты Барон Коэннің көрген-көрмегені белгісіз. Инстаграм әлеуметтік желісінде  #CancelBorat хэштегімен 11,1 мың пост жарияланған. Отандық және шетелдік БАҚ-та қоғамдық резонанс түрліше сипатталды. Философия ғылымдарының докторы Молдияр Ергебеков ойдан шығарылған кейіпкер Борат Сағадиев пен Қазақстан халқының ұқсастықтары туралы материалында: «Негізгі ойымды әуел бастан айтайын: Иә, біз расында да Боратпыз және Борат біздің аллегориямыз. Аллегория – белгілі бір идеяны, жосықты (поведение) немесе іс-әрекетті оңай түрде түсіну үшін, бұлардың орнын баса алатын символдар, символдық сөздер, метафоралар қолдану арқылы көзге елестетуге берілген ат»,-дейді. Материалында Молдияр дәйекті дәлелдер, аргументтер келтіреді. 

«Көптеген сыншылар Саша Барон Коэеннің «Борат» фильмінің қазақстандықтарды емес Қазақстанның қай жерде екенін немесе қандай ел екенін білмейтін, тіпті бұл жайында қандай да бір пікірі жоқ «ақымақтарды» мазаққа айналдыратынын алға тартады. Иә расында да Борат фильмінің негізгі сыны демократиялық құндылықтарға ие, әйел, бала, жануар мен табиғатқа құрметі бар,нәсілшіл емес екенін алға тартатын АҚШ баста дамыған елдердің қоғамына оқталған. Бұл қоғамдардың сана астарында жатқан нәсілшіл, сексист ерекшеліктерін су бетіне шығарады. Бәрінен бұрын Америкадан басқа өзге елдер, әсіресе дамушы елдердің Борат суреттегендей өмір сүретініне кәміл сенетін американ халқын мазаққа айналдырады»,- деп фильмдегі әлеуметтік сатираның бояуын айқындай түседі. 

Кинотанушы Назира Мұқышева «Борат 2» жарыққа шығады дегеннен мына пікірін білдірген екен: «Жалпы, бұл мәселеде сөзді көп созудың қажеті жоқ. Өзге елдегі кинотанушылар да мұны өнер ретінде мойындаған жоқ. Көңіл көтеруді ғана қалайтын көрерменге ұнаса шара бар ма?! Сұранысқа ие дүниені құрта алмайтынымыз анық. Белгілі бір ұлтты кемсіту өнер атаулыға тән құбылыс емес. Мейлі, біздің орнымызда басқа мемлекет болсын, бұл фильмді өнер деп тани алмас едік». 

Отандық БАҚ-ты шолғанда  бейтараптық емес, эмоцияға беріліп мүддеге бұру басымырақ байқалады. Қазі Америкада білімін жетілдіріп жүрген журналистт Нәзира Байырбек "Бораттың қарындасы" дегенге намыстанбайтынын жеткізген. «Қысқасы, біз қазақ, әрқайсымыз қазақты танытушылармыз. Менің айналамдағылар қазақ әйелі мен деп ойлайды. Бидай өңді, қой көзді, орта бойлы, бес баласын жетектеп әлі де арман қуып жүрген, білімге, дамуға сусаған, ешкімге зияным тиіп кетпесе екен деп жүретін, еңбекқор, өзінің ана тілінде сөйлейтін және исламның ішкі құндылықтарын жүрегіне қондырған әйел - қазақ әйелі деп біледі.

Иә. Елде жүргенде айналамның бәрі қазақ болатын. Біз бәріміз қазақ едік. Ал шетелдіктердің арасында жүргенде қазақ - менмін. Олар қазақты бәрібір маған қарап таниды. Басқалар не істесе де өздері өздері білсін. Біз өзіміз биік қазақ болып қалайықшы. Жарай ма?», - деп жазды Нәзира Байырбек.

Шынайы Борат өмірде бар ма?

image.png

Махир Чагры

Боратпен типтес Махир Чагры есімді түркиялық азамат 1999 жылы танымалдыққа ие болған. Оның ағылшын тілінде желіге жүктеген флэш визиткасы елге тұрпайы, әрі күлкілі қабылданған. Суретімен берге жүктеген жеке деректерінде музыка, спортқа қызығушылығы, тенниске әуестігі, журналист маман екендігі көрсетілген. Тағы да персонажға ұқсастығын көбейте түсетін қыры – әйелдерге деген көзқарасы, қалаға барып әйелдерді суретке түсіретіндігі жөніндегі мәліметі. Бір жылға жуық елеусіз парақша бір күнде елді елең еткізген. «This is my page. I KISS YOU!» деп басталатын мәліметтер батыс жұртшылығының арасында кеңінен танымал болады. 

Түрлі жарнама агенттіктері Махирдің келбетін жарнамасына қолданды. Қаншама слагондар болды. Махир Чагры өзінің парақшасына хакерлер шабуылдап өзге деректерді енгізгендігі жөнінде сұқбаттарында жүйелі түрде айтады. 

«Борат» фильмінде басты рөлді ойнаған британдық комик Саша Барон Коэн кейіпкерінің прототипі кім болғанын GQ Russia журналына берген сұхбатында айтқан. Актер 1994 жылы Ресейге сапарында астрахандық Алекс есімді дәрігердің болмысы арқылы Боратты типаждаған. Жоғарыдағы екі нұсқаны қосқанда, Бораттың тұтас имиджі шығады. Екеуінің де қазақ ұлтының өкіліне еш қатысы жоқ. 

Фильмдегі әйел образының репрезентациясы

Киносыншы Карим Қадырбаев фильмде негізінен әйелдер құқығы мәселесі көтерілгенін және фильмдегі месседж барлық адамға жеткенін қалайтынын айтады.  «Бірінші фильмге қарағанда бұл жерде провокация екінші орынға кететін, ал Бораттың қыздарымен қарым-қатынасы бірінші орынға шыққан құрылымдық драма бар. Егер картинаға "31 каналдағы" реалити-шоудағы жәбірленушіні зорлықшымен татуластыруға тырысқан кез, тойда "Күйеуінің таяғын жемеген қатын - қатын емес" деген сөзді айтқан әйелдің видеосын, тұрмыстық зорлыққа қатысты қараусыз қалған мыңдаған іс пен өңірлерде қыздарымызды алып қашып, ата-анасы "Сен бізді масқара етесің" деп кері қайтармай қойған жағдайларға тік қарасақ, "Борат-2" еліміздің ішінде шынымен не болып жатқанын жеңіл түрде көрсеткен секілді. 

Иә, бұл сатира. Ал сатира - икемсіз адамның қолында болса, біреуді жарақаттап, тіпті өлтіріп жіберетін өткір құрал секілді. Бұл жазба біраз наразылық тудыратынын түсінемін (айтпақшы, қоқан лоқы көрсетуге де тырысқан), бірақ Коэн көрсеткен месседж барлық адамға жеткенін қалаймын», - дейді киносыншы.  

P.S. Бұл фильмде өзін демократиялық қоғамның құзар шыңы санайтын Американың осал тұстары суреттеледі. Таяқтың екі ұшы бар. Фильмді бастан-аяқ тамашалау арқылы америкалықтарға бағытталған сарказмды көрдім. Кейіпкерлерінің аузына «Вирустан демократтар қауіпті» деген сөзді салу арқылы автор мүдделердің кез келген нысанды қару етерін айтқысы келгендей. Күлмедім. Себебі көрсетілген күллі проблема Қазақстанда емес, бар ғаламға ортақ. Одан ада, одан азат мекен жоқ. 

Суреттер ашық дереккөздердан алынды

Ерекшелік: тәндегі дерт пе, жетістікке кілт пе?
Ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұнның туғанына 1000 жыл
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу