Ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұнның туғанына 1000 жыл
Биыл түркі дүниесінің ойшылы Жүсіп Хас Хажыб Баласағұнның туғанына 1000 жыл. Ұлы ойшылдың мерейтойлық шаралары 2016 жыл басталып кеткен болатын. Сол жылы түркі әлемінде ТҮРКСОЙ шешімімен Жүсіп Баласағұн жылы деп жарияланды.
Жүсіп Хас Хажыб Баласағұн шамамен 1019-1020 жылдары ортағасырлық Баласағұн қаласында дүниеге келді. Ойшыл туралы, оның өмірі жайлы мәліметтер өте аз. Алғаш білім жолын Баласағұнда, кейін Қашқарда жалғастырды. Өз заманының басқа да ғалымдары секілді, ол «Сажийе» (Нұр шашқан) медресесін бітіреді. Оның философия, математика, медицина, астрономия, әдебиет және басқа да көптеген ғылым салаларымен айналысқаны белгілі.
Жүсіп Баласағұн өмірі мен шығармашылығынан Орта ғасырдағы Шығыс Ренессансы деп аталатын алтын дәуірден түркі дүниесіне қатысты құнды ақпараттардан білеміз. Қараханидтер дәуіріндегі мәдени қоғамдық жағдайдың өзгеруі түркі халық¬тарының арасынан ағартушы ғалымдарды, ойшыл ақындарды шығарды. Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білігі» сол замандағы өзге де шығыс ойшылдарының еңбектерімен қатар тарихи ескерткіштердің пайда болуына белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Кезінде біздің ата-бабаларымыз да біз секілді «бақыт деген не?» деген мәңгілік сұрауларды қабырғасынан қойған болатын. Солардың бірі «Құтадғу білік» поэмасының авторы Жүсіп Баласағұн еді. Әрине, оның тек өзіне ғана белгілі өз әлемі болды. Ол оны басқаларға, яғни келер ұрпаққа сыйлағысы келді. Жүсіптің өз заманын¬дағы ірі тұлғалардың бірі болғаны сөзсіз. Баласағұнның дүниеге келгеніне 1000 жылдай уақыт өтсе де, оның туындыларының өміршеңдігін, біздің ақыл, ой-санамызда, көңілімізде қанағат сезімін тудыратынын айта аламыз.
Жүсіп Баласағұн ХІ ғасырдың аса көрнекті ақыны, есімі бүкіл Шығыс елдеріне мәлім болған, данышпан ойшыл, философ, энциклопедист ғалым, белгілі қоғам қайраткері. Ол философия, табиғаттану, математика, астрономия, тарих, араб-парсы, тіл білімі сынды ғылым салаларын жетік меңгерген ғұлама. Оның есімін әлемге танытқан «Құтадғу білік» кітабы сол замандағы ресми әде¬биет тілі болып саналған араб тілінде емес, түркі халықтарының тілінде жазылған алғашқы энциклопедиялық еңбек еді. Сондықтан да кез келген аймақ өз тарихына үңіліп, ондағы бірінші дәрежелі жұлдыздар тізіміне енетін, яғни ешқашан мәнін жоймайтын, жалпыға ортақ мәдени игіліктер тізіміне қосылатын дүниелерді қайта қарап, саралауға тиісті. Демек, «Мың бір түн», «Жолбарыс терісін жамылған батыр» секілді әлемдік әдебиет үлгілерімен қатар, «Құтадғу білікті» де мәдени эстетикалық байлық жинақтаған қазына деп айта аламыз. Жүсіптің поэмасы көне түркілердің тілдік сана сезімі өрлеуінің белгісі болған маңызы зор ескерткіш.
Ал «Құтадғу біліктің» Европа әлеміне әйгілі болуы австралиялық шығыстанушы Фон Хаммер Пургшталь есімімен тікелей байланысты.
Жүсіп Баласағұн «Құтадғу білік» поэмасында – мемлекетті басқару әдістерін, адамгершілік принциптерін, қоғамдық-саяси мәні бар түрлі ережелер мен заңдарды, әдет-ғұрыптар, әлеуметтік-экономикалық, мәдениет, т.б. мәселелер туралы жазғаны белгілі. Сондықтан, «Құтты білік» поэмасының басты идеясы төрт принципке негізделіп жазылған. Біріншісі, мемлекетті дұрыс басқару үшін қара қылды қақ жаратындай әділ заңның болуы, екіншісі, бақ-дәулет, яғни елге құт қонсын деген тілек, үшіншісі, ақыл-парасат, төртіншісі, қанағат-ынсап мәселесі.
Х-ХІ ғасырларда араб-парсы тілдерінің үстем болып тұрған заманында Жүсіптің таза түркі тілінде осындай рухани дүниені өмірге алып келуі үлкен тарихи жағдай еді. Ол түркі тілінің болмысын, табиғатын, өміршеңдігін паш етеді. Жүсіп халық фольклорының мүмкіндіктерін жазба әдебиетімен өте шебер ұштастыра білген. Айталық, дастанның басты кейіпкерлерінің Күнтолды, Айтолды деп аталуының өзі көшпелілердің ислам дініне дейінгі ауыз әдебиеті туындыларында кездесетін сөздер. Сондай-ақ, дастанда көшпелі-түркілердің болмысына, тіршілігіне байланысты мақал-мәтелдер және бейнелі теңеулер жиі кездеседі. Түркі тілдес халықтардың табиғатын, тағдырын, бұрынғы наным-сенімдерін Жүсіп шығармасы арқылы танып білуге мүмкіндік аламыз. Қала берді күнделікті өмірімізде Жүсіп Баласағұнның өмірді тану филасофиясы – айқын, анық қағидалармен ұштасып жатқанына да куә болып келеміз. Біз ұлы ойшылдың шығармаларын тану, білу, насихаттау мақсатында танымдыққа басымдық беруге мақсатты болуымыз керек. Өйткені, «Құтты білік» дастаны – өмірді тану философиясы!