Ермахан Шайхы. Үш мәтел
Белгілі ақын, ғалым-ұстаз Темірғали Көпбаев 2000 жылы «Қазығұрт» атты көп томдықтар шығаратын баспа ашады. Одақтың көзіндей болып қалған өзге баспаларға қарағанда, оның тасы өрге домалап, бірер жылдың ішінде баспаның аты аспандап шыға келеді. Аяқтан тартпаса, ас іше алмайтын әдет қанымызда бар емес пе?! Сол әдет бойынша «Қазығұрт» баспасы және оның басшысы туралы құлаққа кіріп, санаға сыймайтын әңгімелер ел ішінде естіліп қалып жатады. Жел сөздің жерде жатпайтыны тағы мәлім. Ол сөз Темкеңнің де құлағына шалынады. Сөйтсе, жағымсыз әңгіменің «авторы» – Темкеңнің арқа тұтып, құрметтеп жүрген баспагер ағаларының бірі екен. Дереу оған телефон соғады.
– Сабыр сақтап, амандық-саулық сұрасады. Жұмысы, тұрмысы туралы сұрауды да ұмытпайды.
– Ойбай, Темке, жұмысты несін сұрайсың? Кітап шығаруды біз сенен үйреніп жатырмыз ғой. Сен сияқты кітап шығару қайда бізге?! – деп бәйек болады да қалады.
– Көпшік қоя сөйлегеніңізге рақмет. Бірақ мен басқа шаруалармен хабарласып отыр едім. Қолыңызда қаламсап бар ма?
– Бар ғой, бірақ ол неге керек?
– Ал қағазыңыз ше?
– Ол да бар.
– Ендеше, бір-екі мәтел айтайын, жазып алыңызшы.
– О не мәтел?
– Бауырларымды сағынғанда мәтел айтып қоятын әдетім бар еді. Бірінші мәтелім: «Сенген серкем сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын».
– Оны неге айтып отырсың?
– Енді екіншісін жазыңыз. «Көк қарға артына қарамай, әулие ағаштың басына саңғиды» дейді де тұтқаны қоя салады.
Арада 5 минут уақыт өтеді. Темкеңнің телефоны безілдеп қоя береді. Тұтқаны көтерсе, қадірліден қадірсіз кейіпке көшкен баспагерсымақ ағасы екен. Суға тиген сабындай жыпылдай жөнеледі.
– Темке-ау, мұның не? Айтып өлтірсеңші. Біреу менің сыртымнан бірдеңе деген-ау шамасы. Мен сен туралы тек жақсы пікірдемін. Олардың айтқанына сенбе, – дей келіп, Темкеңді шай ішуге шақырады.
– Айтпайын деп едім, қоймадыңыз ғой. Ендеше, үшінші мәтелді жазып алыңыз. «Саудагердің ақынмен сыра ішкені – не теңі?».
– Ойбай-ау, сен мені тірідей өлтірдің-ау. Артық кеткен жерім болса, кешір айналайын!
Темкең тұтқаны тастай салады. Сөйтіп, ағасын үш мәтелмен тезге салады.